Хан ордасындағы мерейтой

Күні , 1 070 рет оқылды

DSC_0300


Тамыздың 25-і күні Бөкей ордасы  ауданы  Хан  ордасы ауылында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар  «Тарихы терең  Қазақ  елі» атты  республикалық  ақындар айтысымен бастау алды.


Ұзақты  күнге созылған жыр  додасында қазылар алқасының шешімі бо­йынша Бөкей ордасы ауданынан қатысып, осы айтыста жарқырай көрінген Жансая Мусина бас жүлдені (1,5 млн. теңге) жеңіп ал­ды. Араға он жыл салып, додаға қайта қосылған, Қазталов ауда­ны Жалпақтал топырағынан түлеп ұшқан, қазір Астана қаласында тұратын Жібек Болтанова бірінші жүлдеге (1 млн. теңге) лайық деп табылды. Арқалық қаласынан келген арқалы ақын Айбек Қалиев пен астаналық Әсем Ережеқы­зы екінші, қызылордалық Мұхтар Ниязов  пен  Жәнібек  ауданынан шыққан Мұрадым Мирланов үшін­ші орынды иеленді. Қатысқан барлық ақындарға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Сонымен қатар батысқазақстандық се­гіз ақынға облыс әкімінің стипендиясы тапсырылды.

Айтыстың жабылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бақ­тияр Мәкеннің атап өткеніндей, Қазақ хандығының 550 жылды­ғы­на арналған шаралар еліміздің батысы мен шығысында, оңтүс­тігі мен солтүстігінде ұйымдасты­рылып, ел еңсесін көтере түсуде.

Қазылар алқасының төрағасы, аты алты алашқа мәлім өнер тар­ланы Асанәлі Әшімовтің айтуын­ша, Хан ордасындағы айтыс көп­шілік көңілінен шықты. Ақындар елдің көкейінде жүрген келелі мәселелерді қозғай білді. Соның ішінде хандарымыз бен батырла­рымызды, басқа да ұлы тұлғала­рымызды қастерлеп, есімдерін мәңгі есте қалдыру, елдің бүтіндігі мен тыныштығын сақтап, шекарасын нықтау, Жәңгір іргесін қала­ған, облыс орталығынан 550 ша­қырым қашықтықта жатқан Хан ордасына тақтай тегіс жол салу сынды өзекті жайттар сөз болды.

Айтысты жүргізген Жүрсін Ер­манның хабарлағанындай, Қазақ хандығының 550 жылдығына ар­налған сөз сайысы мұнымен бітпейді. Осы айтыста жақсы көрін­ген батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров 20-21 қыр­күйекте Алматыда, 1-2 қазанда Ақтөбеде өтетін республикалық додаларға жолдама алды.

* * *

Хан ордасы ауылындағы Қа­зақ хандығының 55O жылдық мерейтойына арналған шара­лардың екінші күні ерекше басталды. Бұл күні қасиетті Бө­кей топырағына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы келді. Вице-премьерді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бастап жүрді.

Бердібек Сапарбаев бастаған делегация әуелі ауыл іргесіндегі Жәңгір ханның, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының, көр­некті өлкетанушы ғалым Мұха­мед-Салық Бабажановтың кесе­нелеріне тәу етіп, әйгілі тұлғалар­дың рухына Құран бағыштады. Содан кейін Қазақстан мен Ресейдің белді тарихшылары бас қосқан «Тарих қойнауынан қазіргі заман­ға дейін» атты халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция­ның жұмысына қатысты. Бердібек Мәшбекұлы Қазақ хандығының 55O жылдық мерейтойы Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың тікелей бастамасымен және тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғандығын қадап айтты.

— Құрметті Нұрлан Асқарұлы, конференцияға қатысушылар! Еш­бір халық тарихсыз болмайды. Жүздеген ұлттар мен ұлыс­тар сияқты Қазақ елінің де өзіне тән төл тарихы бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Ұлытау төрінде берген сұхбатында терең тарихымыз ғұндардан басталып, Алтын Ордада орныққандығын, одан әрі Қазақ хандығымен ұласқан­ды­ғын, тәуел­сіздік негізі сол кез­де қаланғандығын айрықша айт­қан болатын. Ру-тайпалар кезінде қазақтың өзінің тегін сақтап қалуы үшін хандарымыздың, ба­тырларымыздың жасаған ерлігін, ерен еңбегін бәріміз тарихтан жақсы білеміз. Олардың қатарын­дағы Жәнібек, Керей, Есім, Қа­сым, Тәуке, Абылай, Әбілқайыр, Бөкей, Жәңгір секілді көрнекті ел билеушілердің мұраты – елді, жер­ді болашақ ұрпаққа, яғни  бү­гінгі бізге көздің қарашығындай аман жеткізу болды. Соның ар­қа­сында қазақ халқы тарих қойна­уына жұтылып кеткен жоқ, сақта­лып қалды. Ел тарихында Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасының орны бөлек. 19-ғасырда қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей құрған, одан Жәңгір жалғастыр­ған хандық мемлекеттіліктің, эко­номиканың, өнер, білім, мәде­ни­ет­тің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақстандағы тұңғыш мектеп, қа­зынашылық мекемесі, дәріхана және тағы да басқа көптеген халыққа қажетті нысандар осы жерде салынып, жұмыс істеді. Бөкейліктің киелі жер екендігін біз де жақсы білеміз. Бабаларымыз Исатай мен Махамбет, Сы­рым батырлар, күй атасы Құрман­ғазы, күй анасы Дина, қазақ мемлекетін құруда көрнекті роль ой­наған қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы коммунист Ал­ма Оразбаева, қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев секілді та­нымал тұлғалар осы өңірде туып, өсті, артына ұмытылмас із қал­дырды. Олай болуы заңды. Әри­не, қазақтың қай жері де аңызға, әпсанаға бай. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 55O жылдығын өткі­зу үшін арнайы комиссия құрды. Жыл басынан бері комиссия мү­шелері барлық елді мекендерде түрлі шаралар ұйымдастырып жа­тыр. Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақ мемлекеті тарихының те­реңде жатқандығын тек қана өз ішімізде ғана емес, дүние жүзіне кеңінен насихаттау. Тағы бір ма­ңызды мәселе – Қазақстан тек қазақтың ғана емес, осы жер­де тұратын жүздеген ұлттар мен ұлыстардың да Отаны. Олай бол­са, біздің байлығымыз – елдің бірлігі, халықтың тұтастығы, дос­тық пен ынтымақ. Сол себепті ме­рейлі датаға қатысты шаралар Ас­тана мен Алматының аясымен шектелмей, әр елді мекенде өтсін, оған сол ауылдарда тұратын түр­лі ұлттардың өкілдері қатыссын деген ұйғарымға келдік. Күні кеше Түркістан, Ұлытау, Сығанақ, Қы­зылжар өңірлерінде ғылыми конференциялар болды. Енді, міне, Бөкей ордасына табан тіреп, үл­кен халықаралық басқосудың куә­гері болып отырмыз. Осында ұйым­дастырылған мерейтойға елге та­нымал, халыққа құрметті Асанәлі Әшімов бастаған бір топ ағала­рымыз бен апаларымыз келді. Біз Қазақ хандығының қабырға­лы тойын өзге шетелдерде де өткізуге ниеттіміз. Қазіргі таңда дүние жүзінің отыз мемлекетінде елшіліктердің көмегімен Қазақ хандығына байланысты іс-шаралар өтті. Жалпы, мерейтойдың негізгі бөлігі 11 қыркүйек күні Ас­танада басталады. Сол күні түркі тілдес елдердің саммиті болады, оған сол мемлекеттердің басшы­лары қатысады. Одан кейінгі шара 9-1O қазанда Тараз қаласында оздырылады. Ол – Жәнібек пен Ке­рей алғаш ту тігіп, Қазақ хандығы­ның уығын қадаған жер. Мен осы мінберді пайдаланып, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы бастаған бар­лық батысқазақстандық азамат­тарға үлкен алғысымды білдіре­мін. Біз бұл тойды жоғары дәре­жеде өткізуіміз керек. Сонда Ел­басымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясына қарай нақты қадам ба­самыз, – деді Б. Сапарбаев.

Одан әрі сөз кезегін өңір бас­шысы Нұрлан Ноғаев алып, алқа­лы жиынға қатысушыларды киелі Бөкей ордасына келулерімен құт­тықтады. «Бай тарихы бар, табиға­ты шұрайлы, адамдары қонақ­жай, кеңпейіл өңірге қош келді­ңіздер! Бердібек Мәшбекұлы, өзі­ңіз атап өткендей, Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен қолға алынған Қазақ хандығының 55O жылдық мерейтойы бізде де кеңі­нен аталып жатыр. Кеше ақындар айтысы болды. Бүгін халықара­лық ғалымдар конференциясы өтуде. Басқа да шаралар жоспар­ланған. Мұның барлығы елімізде тұратын халықтың тарихының ұлтына, дініне, нәсіліне қарамас­тан біртұтас екендігін түсіндіру үшін жасалуда. «Өткені жоқтың, болашағы жоқ» дейді дана хал­қымыз. Сондықтан тарихты, ел үшін еңіреп өткен хандарымыз бен батырларымызды білу – біз­дің парызымыз. Конференция ая­сында ғалымдар біз әлі де білмейтін, тың деректерді көпшілікке ұсынады деп сенім білдіремін», — деді Н. Ноғаев.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде РФ ҒА Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдары­ның докторы, қандасымыз Александр Қадырбаев, Қазақ мәдени ғылыми-зерттеу институтының же­текші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ирина Ерофеева, Башқұрт мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Болат Азынабаев, Астрахан мемлекеттік университетінің оқытушысы, та­рих ғылымдарының кандидаты Виктор Викторин, ҚР «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының басқарма мүшесі Шолпан Аман­жо­лова, Самара мемлекеттік уни­верситетінің аға ғылыми қызмет­кері, тарих ғылымдарының кандидаты Николай Лифанов, Ақтө­бе мемлекеттік университетінің оқы­тушысы, тарих ғылымдары­ның докторы Рахым Бекназаров және басқа да белді ғалымдар баянда­ма жасады.

Конференция қатысушылары­на сәтті жұмыс тілеген соң Үкімет басшысының орынбасары Берді­бек Сапарбаев Бөкей ордасы ме­мориалдық мұражай-кешенінде болып, тарихи жәдігерлермен танысты. Қазақ хандығының 55O жылдығына арналған мерекелік театрландырылған бағдарламаны тамашалады. Мерейтойлық шара­лар дала қызықтарымен қорытын­дыланды. Мұнда қыр басына ал­тыбақан қойылып, балуандар белдесіп, ат бәйгесі оздырылды. Бір сөзбен айтқанда, халық әрі демалып, әрі зор рухани азық алып, тойдан көңілді тарқады.

Тоқтар  КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал  өңірі»,

Бөкей ордасы ауданы


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика