Қала тазалығын қадағалауға Рейдтің реңі осындай

Күні , 1 216 рет оқылды

DSC_0450


Әсем Жайықтың жағасында жа­сыл желекке малынған Орал қала­сының көркі көз сүйсінерлік. Елі­міздегі ең таза қала ретінде өзіндік мәртебесі де зор. Дегенмен оқ­тай түзу кең көшелерге қарап, сырттай тон піше салуға болмайды. Эко­логиялық-санитарлық талап тұр­­ғысынан мәселелер баршы­лық.


Мәселен, Ж. Досмұхамедов пен Мұхит атындағы көшелердің қиы­лы­сындағы көпқабатты тұр­ғын үйлерге ортақ ауланың жайы мәз емес. Мұнда қойылған екі қо­қыс жәшігінен асып-төгілген қал­дық айналаға шашылып жатыр. Тұрғындар тиісті мекемелерге құ­лаққағыс қылғанымен, мәселенің шешілмегенін айтты. Қол созым жерде орталық «Мирлан» базары орналасқан. Онда сауда орындары көптеп шоғырланғаны белгілі. Қоқыс жәшігіне сол аумақтағы кейбір кафе, дүкендерден, басқа көшелерден де қоқыс қалдықта­рын әкеліп төгеді екен. Аулада қалдық (картон, газет, полиэтилен, әйнек ыдыс) қабылдайтын нысан ашылған. Одан қоқыс «Алтын алма» көтерме-сауда орталығына тасылады. Қоқыстың ішінен қо­раптарды іріктеп, сонда тапсырып, тиын-тебен тауып жүрген азаматты сұхбатқа тартып едік, тартынып жауап бермеді. Гигиеналық тұрғыда тазалық сақтамайтыны да байқалып тұрды. Қоқыстың айналасы балалардың ойын алаңына айналған.

Қала маңындағы Деркөл кен­тінің тұрғындар «Екінші кезең» деп атап кеткен ықшамауданын­да Қонысбай Өмірханов есімді азаматтың баспана көтеріп, тұрып жатқанына екі жылдан асыпты. Ол мұнда қоқыс жәшіктерінің әлі қойылмағанын айтады. Бірқыд­ы­­­ру осы тақылеттес сұрақтарды арқалап, Орал қаласының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Роман Жұмиевке жолықтық.

– Бұл жайттан хабардармыз. Біздің бөлімге Ж. Досмұхамедов көшесі, 77-үйдің тұрғыны Ғаббасо­вадан шағым түсті, – деді ол. – Қоқыс жәшіктері тұрғын үйден 25 метр қашықтықта орналасуы, үш қапталынан қоршалуы тиіс. Ал осы талапқа сәйкес жасау үшін кей тұрғынжай бойынша қиындықтар туындайды. С. Есқалиев көшесі, 120/1 мекенжайы бойынша да осындай мәселелер бар. Ал Дер­көл кентінің іші жаңбырлы күн­дері көлік жүруіне қолайсыз болғандықтан, ауылға кіреберіске ғана қоқыс жәшіктері қойыл­ған. Біздің бөлім қалалық тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау бас­қармасы, қалалық ішкі істер басқармасы, «Орал Таза Сервис» ЖШС қызметкерлерімен бірігіп, әр бейсенбіде рейд ұйымдасты­рады. Қала ішіндегі санитарлық та­лаптың сақталуын қадағалайды.

Роман Жұмиев бұдан әрі нақты қандай шаралар қабылданғаны жөнінде ақпарат бермеді. Бөлім­ге түскен тұрғындардың арызы бойынша атқарылған жұмыс жайына да кеңінен тоқталмады. Оның айтуынша, рейдке учаскелік полиция үнемі қатыспайтын көрінеді. Рейдке шыққан комиссия акт қорытындысын қалалық кәсіпкерлік бөліміне жіберетінін айтқанда, көкейде бір сауал қылаң берді. Бірақ қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Бақтияр мұндай мәселемен айналыспайтынын кесіп айтты.

– Қалада әлдебір нысан, ғима­рат құрылысы қолға алынғанда жобалау жұмыстары кезінде қоқыс жәшіктерінің санитарлық талапқа сәйкес орналасуына көз жеткізіп, келісім береміз. Жалпы, контей­­нер тазалығы, тұрғындар жауапкершілігіне қатысты шара алу – мекеме құзырына кірмейді. Ал көк­тем­де санитарлық-экология­лық ай­лық ұйымдастырылғанда рейд­ке қатыстық. Рейдке қатыс­қан­ның өзінде негізінен түсіндіру­мен шектелеміз, – дейді қалалық тұ­тынушылардың құқықтарын қор­­ғау басқармасының бөлім басшысы Меңтай Сұлташева.

Жұмыс барысы жүйелі бақылауда

Қала тазалығына елеулі үлес қосып жүрген «Орал Таза Сервис» ЖШС-ына да бардық. Келісімшарт және абонент бөлімінің бастығы Қуат Ерсайынов серіктестіктің 2012 жылдың қазан айынан бері сапалы қызмет етіп отырғанына cендірді. Құрамында 150 жұмыс­шысы мен 46 техникасы бар мемлекеттік кәсіпорын қала іші мен Круглоозерный, Желаев, Мичурин, Серебряков, Деркөл ауылдары аумағының, шаһардағы 35 мың түрлі мекеме-ұйымның санитар­лық тазалығын қамтамасыз етеді. Оның қатарында облыс және қала әкімдіктері, М. Өтемісұлы атын­дағы БҚМУ, Жәңгір хан атында­ғы БҚАТУ, «Қазпошта» АҚ, «Қазстрой­сервис» АҚ-ның облыстық фи­лиалдары, «Дина» сауда үйі сияқ­-ты ірі нысандар бар.

Күніне үш мың қоқыс жәшігі (700-і еуростандартқа сәйкес) тазартылады. Яғни 2700 текше метр қатты тұрмыстық қалдық тасымалданады. Барлық техниканың белгіленген бағыт бойынша уақтылы жүруі GPS-құрылғысы арқылы қа­дағаланады екен. Кәсіпорын қыз­меткерлері, көлік жүргізушілері күн сайын медициналық тексерістен өтеді.

– Ж. Досмұхамедов көшесі, 77-үйдің санитарлық жайымен таныспыз. Біздің кәсіпорын қызмет­керлері сол жердегі және Құр­ман­ғазы көшесі, 163, Гагарин кө­шесі, 97 мекенжайлары бойынша қоқыс жәшігін күніне екі мәр­те тазалайды. Қосымша контейнер бөлу қалалық тұрғын үй, ком­муналдық шаруашылық, жолау-­ шы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзырында, ал қалдықты тасымалдау жиілігін көбейтуге техникаға бөлінетін жанармай жетпей тұр. Рейдке тұрақты қатысамыз, – деді біздің сауалымызға Қуат Ерсайынов.

Тұрғындар мәдениеті қандай?

Алмазов көшесі, 58а мекенжайында орналасқан жатақханаға ат басын тіредік. Кірберіс табал­дырық тұсында қолдорбаға (пакет) салынған пластик ыдыстар, шөлмектер, тамақ қалдықтары үй­і­ліп жатыр. Екінші қабатқа көте­рілгенде саты бойынан осындай көрініс тағы кездесті. Әлібек есімді тұрғын бұл қалдықтың екі-үш күн бойы жатқанын растады.

– Бұл – тұрғындардың кінәсы, – деді осы мекенжайдағы ПИК-тің қызметкері Светлана Сорокина. – Бұл жөнінде қалалық тұты­нушылардың құқықтарын қорғау басқармасының қызметкерлеріне жолықтық. Мұндай мәселе олар­дың құзырына кірмейтінін айтты. Учаскелік полиция қызметкерлері бәріне айыппұл салса, тыйылар еді. Дұрысы – бейне бақылау камераларын қою деген ойдамын. Бұрын Нұрболат есімді азамат тазалайтын еді. Ақысын бермеген соң, ол бұл жұмыспен айналыспайтын болды.

Светлана Сорокина басқа подъ­ездердің таза ұсталатынын айтып, көршілес Х. Чурин көшесін­дегі 119 тұрғын үйге бастап барды. Мұнда қалалық ІІБ №5 полиция учаскесі орналасыпты. «Бақылау­да бол­ған соң, мына жатақхана­дағы сани­тарлық тазалық қалып­ты. Пәтерді жалға алатындар жиі қоныс ауыстырады, соңынан тұр­мыстық қал­дықтарды ретсіз шашып кетеді», — деді ол. Жалпы, бұл ПИК 35 тұрғын үйді қамтиды.

Жұпар ЖҰМАҚАЕВА, тұрғын:

– Қала орталығында тұрамын. Көше бойына 4 қоқыс жәшігі ор­наласқан. Оның бос тұрғанын көрсе де, кейбіреулер тұрмыстық қалдықтарды жанына төге салады. Бұлардың қатарында қымбат көлігімен келіп, жөн-жосықсыз қоқыс лақтыра салатындар да бар. Кейін тазалық қызметкерлері артық әуре-сарсаңға түсіп жатады. Бұны қадағалауға еріктілерді тартса немесе бейнебақылау орнатылса, әдепке қайшы әрекет жасағандар тиісті жазасын алар еді. Ал учаскелік полиция қызмет­керлерінің жұмысы өте қауырт екенін түсінемін.

Нұрлыбек РАХМАНОВ, блогер:

– Орал қаласының «Қазақ ауылы» аталып кеткен «Арман», «Көктем», «Кең дала» шағынау­дандарының басты даңғылы Бру­силовский көшесінің бойында қоқыс жәшіктері самсап тұр. Әрине, бұл ЖПК-ның (Жол пайдалану кәсіпорны) қоқыс жинайтын көліктеріне даңғылмен тіке жүріп өтуге ыңғайлы шығар, бірақ тұрғындарға қолайсыз. Негізі да­мыған 50 елдің қатарындағы, мәде­ниетті саналатын елде қоқыс жәшігі тасалау көшелерде, үйлер­дің артқы жағында тұрса керек-ті. Ол жәшіктердегі тұрмыстық қалдықтар иістеніп, қағаздар, пакеттер желмен аяқ астына ұшып жатады. Бұл басты көше болған­дықтан, онымен осы шағынаудан­ға қатынайтын жалғыз маршрут жүреді. Әр аялдаманы осы қоқыс жәшіктеріне тақап орналастырды. Ойлап қараңыз, аялдаманың көлеңкесін паналағыңыз келеді, ол қоқыс жәшігінің ық жағына тақай салынған, тыныстау мүмкін емес… Әлеуметтік желіде суретін шығарып сынадық. Нәтижесінде дәл сол аялдама қоқыс жәшігінің қасынан алынып тасталды. Бірақ халыққа ыңғайлы басқа орынға орналастырылмады, сол күйі жоқ қылды. «Сақал сұраймын деп мү­йі­зінен айырылыпты» деген осы шығар. Осындай қарапайым нәр­селерді міндетті түрде сынап-мі­немей, басынан-ақ ойласты­руға жауапты мекемелердегі маман­дар­дың ақыл-парасаты, эстетика­лық талғамы жетпей ме?

Тазалық сақтауға темірдей тәртіп керек

Орал қалалық ішкі істер бас­қармасының басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин қалалық учаске полиция қызмет­керлеріне жүктелетін міндет кө­­лемі ұлғайғанын атап өтті. ҚР Әкім­шілік құқықбұзушылық ко­дек­сінің 434-бабына сәйкес тұр­ғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластаған, оның iшiнде белгiленбеген орындарға ком­му­налдық қалдықтарды тастағандар­ға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алынады. Әкім­шілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде бұл іс-әрекет қайталанса, он бес тәулікке дейін қамаққа алынады немесе жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөл­шерiнде айыппұл салынады.

Жыл басынан 334 ұсақ құқық­бұзушылық тіркелген. Тазалық тәр­тібін бұзу бойынша 792 хаттама толтырылып, 726 адамға айыппұл салынған. Одан 126 млн. 704 мың теңге қаражат өндіріліп, 24 адам қамауға алынған.

– Тұрғындар қоқыс жәшіктері толған уақытта жанына қояр бол­са, түсіністікпен қараймыз. Егер айналасына бей-берекет шашып кетер болса, тұрғындар шағымына орай тиісті шара қабылдаймыз. Есте тұтар жайт, әрбір учаскелік полиция қызметкерінің кеудесінде бейнежазу құрылғысы бар. Сонымен қатар қызмет көліктерінің бейнетіркегіші де түсіреді. Көше­дегі камералар арқылы да тиісті орынға жеткізбей қолындағы затын лақтыра салатындарды ұстап, мойындатамыз. Сондай-ақ қаланы аралап, тәулік бойы жүретін авто жедел басқару орталығының кө­лігінде бейнетаспаға жазатын құ­рылғылар орналасқан. Қалалық әкімдікпен бірлесіп ВK әлеуметтік желісін арнайы ашқанбыз, – деді Манарбек Ғабдуллин.

Шетелдің шырайы бөлек

Кейбір дамыған елдерде қоқыс тасымалдау мәселесі жақсы рет­телген. Бұл туралы танымал жур­­налист Гүлмәрия Барманбекова қызғылықты мәліметтер келтіре-­ді. «Мәселен, әлемдегі ең таза 12 қаланың қатарына енетін Нор­вегияның астанасы Ослода қоқыс жәшіктері жоқ. Арнайы құбырлар арқылы үйден сорып шығарыл­ған қоқыс қалалық канализация­ға жалғасып, қоқыс өңдейтін зау­ыт­тан бір-ақ шығады. Сол 12 қала­­ның қатарындағы Лондонда дәп осындай канализациялық жүйе іске қосылмағанымен, аса мұқият­тылықпен ұйымдастырыл­ған жұ­мыстың арқасында кіршіксіз тазалық қамтамасыз етілген. Бұған британдықтардың бұлжымас тәр­тібін қосыңыз. Англия тұрғындары тұрмыстық қалдықтар­ды төртке бөліп тастайды. Қағаздар, тағам қалдықтары мен пластиктер жә­не шыны бұйымдар. Пластик құ­тылардың қақпақтарын ашып, иістеніп кетпесін деп, ішін бір шайқап барып тастайды. Шыны құтыларды үш (ағы, көгі және қоңыры) контейнерге бөледі. Пай­даланған батареялар мен электр лампаларын қоқысқа тастау деген ұғым жоқ. Ол қаланың бір шетіндегі арнайы контейнерге жеткізіле­ді. Ескірген бұйымдар міндетті түрде қоқыс өңдейтін зауытқа апарылады. Итімен саябақта қы­дырып жүрген адам қолына кішкентай қалағы мен полиэтилен қапшығын қоса ала жүреді. Шыға берісте иттің «қоқысына» арнал­ған контейнер бар. Бұлжымайтын заң осындай. Және бұл заң бә­ріне ұнайды. Халық тазалықты қалайды. Қаламағандар айыппұл төлесін! Сондай діл! Екі ай Англияда болған уақыттың ішінде бірде-бір адамның, тіпті автобус билетін көшеге тастағанын байқамадым. Адам сапырылы­сып жататын стансалардың өзінде тәр­тіп қатал сақталған. Темекі шегетіндер сырттағы арнайы орында қатарласа тізіліп тұрғанын көресіз.

Брайтон университетінің студенттері 90 пайызы тұрмыстық және құрылыс қалдықтарынан тұ­ратын үй тұрғызыпты. Әзірге тә­жірибе ретінде тұрғызылған үйде адамдар өмір сүріп жатқан жоқ. Әр бұрышқа қойылған датчиктер арқылы «қоқыс-үйдің» адам ағзасына әсері зерттелуде. Алайда үй бос тұрған жоқ. Мұнда түрлі көрмелер мен тұсаукесерлер, эко­логиялық семинарлар өткізіле­ді», — деп жазады ол.

Қытайда көшеде түкіргенге 1000 юаньға дейін айыппұл са­лынса, Сингапурде асфальт жолдарды сусабынмен жуады екен.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

2017 жылы Астана шаһарында ЭКСПО көрмесі өтеді. Көрменің басты тақырыбы ретінде жасыл технология, экологиялық тазалық мәселесі шығарылуы – жағдайдың өзектілігін көрсетіп тұр. «Сырт көз – сыншы». Біздің өңірге аяқ басып жатқан, келетін де меймандар аз емес. Орал қаласының барлық көшесінің айнадай жарқырап жатуына кей тұрғындардың этикалық түсінігінің төмендігі де әсер етіп жатады. Бірақ санитарлық тазалыққа жауапты құрылымдарды жұмысы үйлесімді атқарылса, біраз мәселе шешілер еді деген ойдамын. Қалада тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін бірде-бір нысанның жоқтығы да алаңдатады.


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика