Басқармада «Жер қатынастары саласындағы Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаларын іске асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлттық жоспарын іске асыру» тақырыбындағы кеңес өткізілді. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу, Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу (Ұлт жоспарының 35-қадамы), сондай-ақ жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту ресімдерін жеңілдету, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу, барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру (Ұлт жоспарының 36-қадамы) мәселелері талқыланды.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев ағымдағы жылғы 5 мамырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында жердің әр метрі тиімді пайдаланылуы тиіс және мемлекет осыған үнемі мониторинг жасауды бір жүйеге түсіруі қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Сонымен қатар Елбасы жер қатынастарын ескірген формадағы тиімсіз жүйеде жүргізу — жердің өндірістік маңызды әлеуетін тежеп отырғанын шегелеп айтты. Себебі жер Қазақстанның негізгі байлығы, халықтың өмір сүру ахуалының басты көзі болып саналады.
Бүгінгі таңда, жердің тиімсіз пайдалануы салдарынан топырақ құнарлылығының төмендеп бара жатқандығы ауқымды мәселеге айналуда. Оған басты себептер – ауылшаруашылығы дақылдарын себу технологиясынан ауытқу, зиянды арамшөптерді жоюға бағытталған күрес шараларын өткізуде бақылаудың төмендеп кетуі, топыраққа минералдық тыңайтқыштар енгізбеу, жаңа танап ауысу жүйелерін енгізумен қатар тұқым сапасын жақсартуға көңіл бөлмеу, дәнді дақылдардың сұрып алмасуына мән беру мәселелері аса өзекті. Сондықтан жерге көзқарасты өзгертіп, жұмыстарды ғылыми тұрғыда жүргізіп отырған жағдайда тиісті нәтижеге қол жеткізуге болатындығына бүгінгі таңда көзіміз жетіп отыр.
Екінші жағынан алғанда, жер ресурстары саласында жүйелі және жоғарғы технологияны қолданумен қатар жер-шаруашылық орналастыру жобаларын енгізген жағдайда ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігіндегі алқаптарды пайдаланудың тиімді ұйымдастыру мәселелері толықтай шешіледі. Оның ішінде топырақ эрозиясына ұшырауға қарсы қорғау шараларын жасақтау, егістікте жаңа танап ауысу жүйелерін қолдану, жайылым, шабындық, бос жатқан жерді пайдалану, өндірістік инфрақұрылымдарды тиімді орналастыру элементтері (далалық стандарт, складқоймалар, т.б.) шараларын жүргізу болып саналады. Сондықтан жерді тиімді пайдалану және оларды қорғау мәселелерін дұрыс жолға қойып ұйымдастырған жағдайда ел экономикасы өркендейді, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әл-аухаты жақсарады.
Бүгін жер мәселесі – тек облысымызда емес, республика көлемінде өзекті. Оның ішінде жер пайдаланушыға берілген жердің пайдаланылмауы және игерілмеуі салдарынан, оларды мемлекет меншігіне қайтару бірден-бір өзекті екендігі белгілі.
Батыс Қазақстан облысының аумағы – 15133,9 мың га құрайды, жер қорының басым бөлігін, яғни 13911,2 мың га (91,9%) ауыл шаруашылығы алқаптар алып жатыр, оның ішінде табиғи жайылымдардың үлесі мол.
Жер теңгеріміне сәйкес 2014 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста – 4533 шаруа және фермерлік шаруашылықтар бар, 156 мемлекеттік емес, 60мемлекеттік ауыл шаруашылығыұйымдары тіркелген. Мемлекеттік емес шаруашылық формаларының иелігіне 98,6% ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бекітіліп берілген.
Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес барлық жерлерде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілгені белгілі. Осы жұмыстардың қорытындысы көрсеткендей, жердің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың барлығы бірдей жерін мақсатында пайдаланбай отырғаны анықталды. Мысалға аласақ, кейбір азаматтар жермен жұмыс жасауға құштар болғанмен жер учаскесін ала алмай кезекте тұрып келген, олар сұрап отырған жерлер бос жатқанмен, басқа жер пайдаланушының иелігінде мақсатты түрде пайдаланылмай жатыр.
Облыс бойынша 2011 жылы республикалық бюджет есебінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген ревизияның және 2012-2014 жылдары ауыл шаруашылығы алқаптарды түгендеу жұмыстарының қорытынды нәтижесімен 677,9 мың га пайдаланылмай жатқан жерлер анықталып отыр.
Бүгін осы анықталған жерлердің 449,7 мың га мемлекет меншігіне қайтарылды, бұл анықталған жерлердің 66,3% пайызын құрайды.
Жер қатынастары саласындағы уәкілетті органдар тарапынан атқарылған жұмыстар нәтижесінде мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің 259 мың га (58,6%) ауыл шаруашылығы айналымға енгізілді.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстар нәтижесінде 146 мың га (21,5%) жерде жер пайдаланушылар алқаптарын өз мақсатында пайдалануға кіріскен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар көлемі 1,7 мың га (0,25%) жер учаскелерін мемлекетменшігіне қайтарып алу жөніндегі жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ал 80,5 мың га (11,9 %) жер учаскелері бойынша материалдар әкімшілік шара қолдану үшін облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына жолданған.
Жоғарыда аталған жұмыстармен қатар жергілікті атқарушы органдар 2012 жылдан бастап осы кезеңге дейін жерді пайдаланбай жатқан немесе жерді Қазақстан Республикасы жер заңнамасын бұза отырып пайдалануды болдырмау бағытындағы жұмыстарды жүргізіп келеді. Мемлекет басшысының Ұлттық жоспарының 35 және 36 қадамдарын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу, сондай-ақ жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту ресімдерін жеңілдету; ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу; барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға берілуі болжанады.
Мемлекет басшысының 2015 жылғы 5 мамырдағы тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізеді.
Бұл заң жобасын қабылдаудың жағымды әлеуметтік-экономикалық салдары ауыл шаруашылығы өндірісінің мақсаты үшін берілген жер учаскелерін ұтымды және нысаналы пайдалану үшін оң нәтижеге қол жеткізген кезде, аграрлық секторды одан әрі халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз етумен дамыту, жер учаскелерін жеке меншікке алу үшін ынталандыру жағдайларын жасау, ауыл шаруашылығы өндірісіне қосымша инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сатудан бюджеттің кіріс бөліміне қосымша қаражаттың түсуін-де көрінеді.
Көрсетілген түзетулер Қазақстан Республикасының Жер кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Аталған заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізіледі.
100 нақты қадам Ұлттық жоспарын іске асыру шеңберінде нақты міндеттерді шешу мәселесі жер қатынастары саласын тиімді реттеуге мүмкіндік беретіндігіне сеніміміз мол.
Ә. МҰХАНБЕТЖАНОВА,
облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы
Қалдыру жауабы бар