21.07.2015, 6:05
Қараулар: 299
Әлемдік бәсекелестікте бәсін жібермегей

Әлемдік бәсекелестікте бәсін жібермегей

IMG_2656


Еліміздегі қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу жайымен танысу үшін өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов, Виктор Киянский, Самиғолла Оразов, Елена Тарасенко «Жастық» аргофирмасы» ЖШС-ның тыныс-тірлігімен танысты. Депутаттарды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков бастап жүрді.


Халық қалаулылары алдымен Оралдағы Неу­сы­пов көшесіндегі кә­сіп­орынның бұрынғы сүт өңдеу цехында болды. Одан кейін олар  №1 нан зауыты ауласындағы сүт зауытының жаңа цехын көріп, мамандармен әңгімелесті.

«Жастық» агрофирмасы» ЖШС өнім өндіруге қажетті шикізатты облыс орталығына іргелес Зеле­нов ауданына қарасты ауыл-ай­мақтан арнайы көлікпен тасы­мал­дап алады. Кәсіпорында ай­ран, кілегей, майлылығы 3,2 жә­не 2,5% болатын  сүт түрлері, бал­мұздақ, май-қаймақ, барлығы 15 түрлі сүт өнімдері өндіріледі. Жер­гілікті сүт өнімдерімен негізінен облыс орталығындағы жабық ме­кемелер, балабақшалар, мектеп­тер қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар сауда орындарына да тап­сырыспен жөнелтіледі. Қазір се­ріктестікте 50 адам жұмыс істей­­ді. Сүт зауытының технологы Вик­тория Мұхамедғалиеваның ай­туын­­ша, қазіргі жұмыс істеп тұрған ескі цехта ай сайын 50 тонна май-қаймақ, 15 тонна қышқыл өнім түр­лері өндіріледі. Ауысымына өн­­­дірілетін сүт түрлерінің көлемі 2 тон­наны құрайды. Өнім көлемі тапсырыстардың түсу ыңғайына қарай  реттеліп отырады екен.

Мәжіліс депутаттары жаңа цехты аралап көріп, жобаны іске асыруда «Агробизнес-2020» бағдарламасының көмек-қолдауы тиген-тимегенін сұрап білді. Бұған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков түсінік берді. «Серіктестік бағдарламаға әлі қатыса қойған жоқ. Бірақ сүтті терең өң­деуге, яғни май жасау жобасын іске асыру үшін көмек алуға ниетті. Облыс бойынша «Каверин»,  «Береке» сықылды сүт өңдеуші кә­сіпорындар бағдарламаға қа­ты­суда. Мысалға, биылғы жылдың осы айында «Каверин» кәсіпорны 13 миллион теңге демеуқаржы алды, сүттің литрі 21 теңгеден өтелді. Бұл жаман ба?!» — деді Марат Кенжетайұлы «Жастық» ЖШС-ның мамандарына қарата. Депутат Виктор Киянскиий Ақсай қаласындағы даниялық техноло­гиялы сүт зауытының жайын сұ­рап, оның жұмыс істемейті­нін, сат­­тыққа шығарылғанын естіді. «Он­да сүт өнімдерін өңдеп, өнім­нің небір түрлерін шығаруға болатын еді. Басты түйткіл шикі­зат­тың жоқтығында болды. Сол жағдай қайталанып жүрмей ме?» деген алаңдаушылығын да біл­дір­ді. Бұған сүт өңдеуші компа­ния­ның құрылтайшысы Хамзат Исаев өндіріс орнын шикізатпен қамтуға қатысты тұрақты байланыс орнағанына 10 жылдың жүзі болғанын алға тартты. Сондай-ақ депутат сүтті мал табыны, шұ­райлы жайылым, сүт өңдейтін зауыт сықылды өзара байланысты тұрақты жүйе қалыптастыру мәселесін қозғады. «Жүйелі сапалы сүтпен қамтитын табынның, сүт­ті малға қажетті мол жемшөп қорының болмауы ертең несиеге берілген мемлекет қаржысын кері қайтаруда қиындықтар тудырмай ма? Сүт зауыттарын салуын салып алып, Дүниежүзілік сауда ұйы­мы жағдайында сырттан ағылған өнімдермен бәсекелестікте жергілікті сүтті ішетін тұтынушы таппай қалып жүрмейміз бе?» — деген ойын ортаға салды В. Киянский. Марат Кенжетайұлының айтуынша, облыста Қ. Ашығалиевтің шар­уашылығында ғана мұндай жүйе қалыптасқан. «Өңірде 635 мың тұрғын бар десек, жылына 300 мың тонна сүт пайдаланылады. Қазіргі сүт өндірісінің көлемі бұ­дан әлдеқайда аз, сондықтан им­-порттық өнім нарықта басым.Об­лыс орталығына іргелес ауылаймақтағы сүтті мал ұстайтын ұсақ шаруашылықтарға да, жекешаруашылықтарға да сүтті қа­ла­ға өздері тасымай, бұларға өткіз­ген­дері тиімді. Сондықтан жайы­лымы, табыны болмаса да, сүт өң­­дейтін мұндай орта кәсіпорын­ның болғаны дұрыс», – деген об­лыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы М. Оңғар­беков сүт өткізудің ветеринарлық қауіпсіздігі жайында сөз етті. Осы арада Мәжіліс депутаты Самиғол­ла Оразов еліміз ДСҰ-ға мүше болып кірген кезде, кәсіпорында­ғы өндіріс көлемінің өсуіне орай өнімді өткізу жайын қазірден ойластыру қажеттігін еске салды.

Хамзат Исаевтың айтуынша, за­уытта өндірілген сүт және сүт өнім­дерінің сауда орындарында өтпей жатып қалу қаупі жоқ. Өйт­кені өнімді сан қуалап емес, сапалы етіп сұраныс көлеміне қарай шығару жолға қойылған. Жыл санап сапалы әрі табиғи өнімдерге өз өңірімізде сұраныс өсіп келе­ді. Дегенмен әлі де ізденіс керек. Марат Оңғарбековтың айтуынша, кәсіпорынға маркетингті дамыту, өз өнімдерін тұтынушыларға тереңірек таныстырып, жарнамалау қажеттігі айқын сезіледі.

– Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйы­мына мүшелікке кірген кезде өнім-тауарларымыз бәсекелес­тік­ке дайын болуы керек. Отандық өнімдер сырттан өнімдер ағы­ны артқан тұста мемлекеттік көмекқол­даудың арқасында тұтынушы­ға қолжетімді болуы тиіс. Бірін­шіден, өнімнің сапасы, екіншіден, қолжетімді баға басты мәселе бо­лары сөзсіз. Осы мәселелер іске асырылса ғана отандық өнім­дер бәсекелестікте бәсін жібер­мейді. Мұндай шаруалар жасал­маса, кәсіпорындарға қиын тиюі мүмкін. Бұл тек сүт өңдеу мәсе­лесіне қатысты емес. Бүгінде асыл тұқымды мал өсіру үшін Үкімет демеуқаржы төлейді. Шаруашы­лық­та 600 бас асыл тұқымды мал болса, соны өсіруге жұмсалған шығынның 50%-ын мемлекет өтей­­ді. Тек шаруашылықтың құ­жат­та­ры дұрыс дайындалуы керек. Өз­ге салаларда да, мысалға, ет, сүт өңдейтін кешендердің салынуына жұмсалған шығынның жартысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Міне, осындай шаралар арқылы отандық өндірісшілерге қолдау көрсетілуде, — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов журналистерге берген сұхбатында.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.