21.07.2015, 6:03
Қараулар: 212
Ақылы жолдар көбеймек

Ақылы жолдар көбеймек

top_92b52a51a81a894e6c3


Дүйсенбіде өңірімізге іссапармен келген ҚР Инвести­циялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сәтжан Аблалиев «100 нақты қадам» бағдарламасының еліміз бойынша жү­зеге асырылуы жағдайын баяндады.


Министрлік өкілі ең ал­дымен бес тарау­дантұратын Ұлт  жоспары­ның маңызына тоқталып, содан кейін көлік және транспорт саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

– Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін барыс-келіс пен алыс-берістегі жол қатынасының айрықша маңызға ие екендігі белгілі. Осы­ған орай, мемлекет басшысы «100 нақты қадам» атты бағдар­ламасында елімізде көлік­тік-ло­гис­тикалық инфрақұрылымдарды дамытуды тапсырды. Және бұл тапсырманы  жүзеге асыру үшін бі­рінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қа­жет екенін баса айтты.  Қазіргі таң­да министрлік «100 нақты қадам» атты бағдарламаның 65-ші қа­дамында айтылған «Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру» жөніндегі жобаны жүзеге асыру бағытында  жұмыстануда. Бұл жо­ба Азиядан Еуропаға жүктер транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында 67, 68 және 73-ші қадамдарға сәйкес азаматтық әуе саласын дамыту және автомобиль жолдарын ха­лықаралық жүйеде интеграция­лау жұмысы белсенді қолға алынуда. Әуе қатынастары бойынша елімізде қазірдің өзінде Франкфурт, Пекин, Стамбул, Мәскеу, Лондон, Париж, Сеул бағытына ұшу жүзеге асырылуда. 2019 жылдың аяғына дейін тағы бес бағыт бо­йынша ұшу іске асырылмақ. Олар мыналар: Дубай – 2015 жылы, Гонконг – 2016 жылы, Токио – 2017 жылы,  Сингапур – 2018 жылы, Нью-Йорк, Шанхай — 2019 жылы.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ұлттық опе­ратор ретінде жоғарыдағы жобаны жүзеге асыру мақсатын­да инвесторларды тарту және олар­дың қаражатын қайтару үшін ақылы аутожолдар жүйесін енгізуді жоспарлауда. Аталмыш Ұлт­тық операторға аутожолдар­дың белгілі бір бөлігі сенімді бас­қаруға берілмек. ҚР көлік жүйе­сі­нің инфрақұрылымын дамыту­дың және ықпалдастырудың 2020 жыл­ға дейінгі мемлекеттік бағ­дарламасына сәйкес 2020 жылғадейін 7 мың шақырым респуб­ли­калық маңыздағы жолды ақылы негізде пайдалануға көшіру қа­рас­тырылуда. Оның ішінде І тех­никалық санаттағы  жолдың 3210 шақырымы және  ІІ техникалық са­­наттағы жолдың  3743 шақыры­мы ақылы жолға айналмақ.  Алдын ала жасалған болжам бойынша 2022 жылы аутокөлік жолдарын ақы­лы  негізде пайдаланудан (бү­гінгі таңдағы ставка бойынша) 41 млрд. теңге жиналады екен. Бұл қаражат тек ақылы жолдарды емес, сонымен қатар республи­ка­­лық маңыздағы қалған жол бөлігін де күтіп ұстауға мүмкіндік бере­ді. Қазіргі таңда елімізде жы­лы­на 1 мың шақырымға дейін ау­то­көлік жолдары жаңғыртылуда. Ау­токөлік жолдарының тез істен шы­­ғуына негізінен  ауыр жүк та­сы­малымен айналысатын көліктер себепші болуда. Сондықтан бо­ла­шақта ауыр жүк көліктері­нің жү­рісін  шектеу мақсатында оларды арнайы автоматты есептеу құ­­рылғысы арқылы бақылау­ға алуқарастырылуда. «Нұрлы жол» бағ­дарламасы аясында ат­қарыла­тын аутожолдардың құры­лысын жүзеге асыру үшін Ұлттық опе­ратор қосымша қаражат ретінде мемлекеттік емес займ­дар­ды да пайдалану жолдарын ойлас­тыруда, – деген Сәтжан Әй­тенұлы  Орал қаласынан Тасқала арқылы Ресей шекарасына шы­ға­тын 100 шақырымдық жолды жаңғыр­ту жұмысының  бүгінде  басталып кеткенін  айтты.

Оның сөзінше, бұл жоба бойынша мердігерлер анықталған. Жобаны жүзеге асыру үшін 3 млрд. тең­ге шамасындағы қаражатты иге­ру жоспарлануда. Бұл жоба екікезеңде жүзеге асырылмақ. Бі­рін­ші кезең 22 айда, ал екінші кезең 34 айда аяқталмақ. Бұйырса, бұл жол ІІ техникалық санаттағы жол болмақ, яғни жаңа жол бұрынғы­ға қарағанда әжептәуір кеңірек болады және мұндағы қозғалыс жылдамдығы үш есеге артады деп күтілуде. Сондай-ақ жолдың сапасына сәйкес жол жүру уақыты үш есеге қысқармақ.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.