21.07.2015, 6:00
Қараулар: 193
Пандус тек мүгедектердің ғана проблемасы ма?..

Пандус тек мүгедектердің ғана проблемасы ма?..

11пкпквып


«ҚР Мүгедектерді әлеуметтік қор­ғау туралы» Заңының 25-ба­бы «Мүгедектердiң әлеуметтiк ин­фра­құрылым нысандарына кi­рiп-шы­ғуын қамтамасыз ету» деп атала­ды. Осы бапта: «Жергi­лiк­тi атқарушы органдар мемлекеттiк стандарттарға сәйкес елдi мекендердi жоба­лау, салу және оларда құрылыс жүргізу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерiлетiн және қайта са­лынатын аумақтар мен басқа елдi мекендердi абаттандыру ке­зiн­де мүгедектердiң тұрғын үй­лер­ге, қоғамдық және өндiрiстiк ғимараттар мен үй-жайларға кi­­рiп-шығуын қамтамасыз етуге тиіс» де­­лінген. Мүмкіндігі шектеулі жан­дардың өзге адамдармен тең дә­ре­же­де өмір сүруге құқылы еке­нін Елбасымыз қадап айтудан жа­лық­қан емес.


Алайда өзі тұратын үйден кіріп-шығуға мүмкіндік қарастырылма­са, мүгедек адам не істеуі керек? Дәл осы сұрақпен бізге Орал қа­ла­сының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Уахит Халиуллин хабарласқан еді. Жданов көшесінің бойындағы 14-үйдің  төртінші қабатында  тұра­тын Уахит ағайдың төрт қабыр­ғаға қамалып, үйден шықпағанына төрт жыл­дың жүзі болыпты.

— 2011 жылы екі аяғымнан жан кетіп, баса алмай қалдым. Бұрын таяққа сүйеніп жүретін едім. Өзім 1995 жылдан бері ІІ топ мүгедегімін. Бойымды дендеген дерт әскерге барып келген соң басталды. 1971-73 жылдары Семейде әскери борышымды өтедім. Әскерден кейін асқазан, ішкі құрылысым ауырды. Ол кезде жаспын, тіпті «ауырдым» деуге қысыласың. Мүгедектік топ­қа шығуға қатарластарымнан ұя­лып жүрдім. Шипажайларға ба­ра­тын­мын. «Металлист» зауытында  слесарь-жөндеуші болып 20 жыл еңбек еттім. Аяқты баса ал­май, ар­баға таңылғалы жағдай қиын­да­ды. Сыртқа шығудың өзі мұң. Мен тұ­ра­тын тоғыз қабатты үйде лифт бір­де жасаса, бірде жасамайды. Дегенмен лифт жасаған күндері арбамен сыртқа шығып, тіс дәрігеріне, тағы басқа жерлерге барғым келеді. Бірақ оған үйде пандус жоқ. Осы пандусты орнатуға тиісті мекемелер, әлде жеке кәсіпкерлер көмектессе жақсы болар еді, — дейді Уахит ағай.

Уахит Насырұлының өтініші бойын­ша біз бірнеше мекемеге ха­­бар­­ла­сып, төмендегідей жауап ал­дық.

Бекжан ТОҚЖАНОВ, Орал қа­лалық тұрғын үй, комму­нал­­дық шаруашылық, жолаушы көлі­гі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесі басшысының орынбасары:

— Жеке үйлерге пандус салу біз­дің мекеменің құзыретіне кірмей­ді. Әрі пандус салып беру жоспарымызда да жоқ. Бұл мәселе­­мен ПИК айналысуы керек.

Татьяна БЕЛЫЙ, «Комплекс» ПИК-інің инженері:

— Үйлерге пандус орнатуға ПИК-тің құқығы жоқ. Өйткені ол жұмысты атқару үшін арнайы лицензия қажет. Лицензиясы бар арнайы ұйымдар орнатуы тиіс.

Жұмажан ҚОЖЖАНОВ, об­лыс­тық мүгедектер ерікті қо­ға­мының төрағасы:

— Қалалық жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасында  мүгедектердің  мұқ­таждығына орай оларға арнайы кезекпен көмектесетін бөлім бар. Сол жерде кезегімен мүмкіндігі шектеулі адамға қажет арба, памперс, тағы да басқа заттар бері­ліп жатады. Өз тәжірибемде мүге­­дек жандардың өтінішімен демеу­ші­­лер тартып, пандус орнатып бер­­­ген кездер болды. Тіпті тұрғы­­­­лық­­ты мекенжайына орай, сол жерден сайланған депутатты да ізгі­­лікті іске жұмылдырдық. Бұл жолы да осы бағытта қам-қаре­кет жа­сап көреміз.

Осылайша, тұрғын үй бөлімі ПИК-ке сілтеп, ПИК оған біздің құқығымыз жоқ деп мәселені бір-біріне ысырып тастап отыр. Ал «Тас түске жеріне ауыр» демекші, біздің қоғамда тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандар өз қайғысы, өз мұңымен жалғыз қалып жатыр. Олардың жанайқайына құлақ тү­ретіндер аз. Жоғарыда айтылған «ҚР Мүгедектерді әлеуметтік қор­ғау туралы» заңның тиісті бабы бойынша жүйелі жұмыс жоқтың қасы. Мәселе уақтылы шешіл­мейтін болса, мүмкін алда келе жатқан «Қайырымдылық айлығы» аясында пандус орнатуды қоғам болып қолға алу керек шығар. Бірақ бұған алдымен қалалық билік буындары ұйытқы болып, ілкімділік танытса дейміз.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Гүлмира БАТПАҚҰЛОВА,

«Арба» тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған мүгедек жандарды

қолдау қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

— Облысымызда арбаға таңылған шамамен 1500-дей адам бар. Олардың арасында жоғары қабаттан төмен түсе алмай, үйден шыға  алмай отырған мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Орал қаласындағы әлеуметтік ғимараттардың 25 пайызына ғана пандус орнатылған.  Біз өз тарапымыздан демеуші тауып,  облыстық  мүгедектер ерікті қоғамының қолдауымен Асылхан атты жігіттің үйіне пандус орнатып бердік.  Менің ойымша, пандус орнату соншалықты үлкен проблема емес. Арнайы стандартты негізге ала отырып жасаса, оған шамамен 35-40 мың теңгедей қаражат кетеді. Ал арнайы стандартты құрылыспен айналысатын мекемелерден алуға болады.

— Мүгедек те – адам ғой. Сондықтан біздің емхана, дәріханадан өзге  сауда орындарына, ойын-сауық орталықтарына, сұлулық салондарына  барғымыз келеді. Осы тұрғыда «Ситицентр» мен «Галактика» ойын-сауық  және жаңадан ашылған «Арман» сауықтыру орталығының пандустары талапқа сай келмейді. Шекара бекеттерінде бізге мүлдем жағдай қарастырылмаған. Ресейге, өзге шет елдерге емделуге барар кезде қиналамыз.  Пандусты айтпағанда, есіктерінің өзі тар. Арбамыз сыймай, сыртта 4-5 сағаттап отыруымызға тура келеді. Негізі кез келген мекемеде пандус жоқ болса, біздің сотқа беруге қақымыз бар.   Заң бойынша ол мекемеге 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар