2.07.2015, 7:30
Қараулар: 60
Суға төлемей, СУСЫЗ ҚАЛЫП ЖҮРМЕҢІЗ…

Суға төлемей, СУСЫЗ ҚАЛЫП ЖҮРМЕҢІЗ…

экономия-воды


«Батыс су арнасы» ЖШС қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Кәсіпорын теңгерімінде жалпы ұзындығы 428,4 шақырым су құбыры желісі мен 362,3 шақырым кәріз желісі бар. Осы желілер мен мекемеге қарасты құрылыстардың тозуы 60 пайыздан асады.


Кәсіпорында алдымен жылыту мерзіміне нысандарды дайындау, соның ішінде Орал жер асты суының кен орындарындағы 29 ұңғыманы, су құбырының желісінің 430 шақырымын, кәріз желісінің 160 шақырымын жуу-тазалау жөніндегі іс-шаралардың жоспары дайындалды. Сонымен бірге су құбырының 39 сорғы стансасында, кәріздік 34 сорғы стансасындағы технологиялық жабдықтар мен сорғы агрегаттарын жөндеу, су құбыры желісінің 6 шақырымын, кәріз желісінің 2,3 шақырымын күрделі жөндеу жоспарланған. Жалпы шамасы 249483,0 мың теңге болатын жөндеу жұмыстары кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Қазір жөндеу жұмыстары қарқын алды.

— Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы құны 1 млрд. 657 миллион теңгені құрайтын «Шаған өзенінің жайылмасындағы ауыстырып-қосу камерасынан кәріздік тазарту құрылғыларына дейін қысымды кәріз коллектордың 2-желісін қайта құру» жобасын іске асырамыз. Ұзындығы 9,92 шақырымдық кәріздік желіні қайта құруды 20 жылдық мерзімге жеңілдетілген 0,02 пайыздық мөлшерлемемен кәсіпорынға бөлінетін бюджеттік несие есебінен жүргізу жоспарлануда, — деді «Батыс су арнасы» ЖШС-ның директоры Асылбек Саққазов.

Бүгінде кәсіпорынға тұтынушылардың берешегі 126,6 млн. теңгені құрайды. Соның ішінде тұрғындар 50,9 млн. теңге, мекеме-кәсіпорындар 47,2 млн. теңге, бюджеттік мекемелер 28,5 млн. теңге қарыз. Кәсіпорындар ішінен «Уральскгордорстрой» ЖШС-ның қарызы қомақты, 1 млн. теңге шамасында. Дебиторлық берешекті төлету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындардан төлемдерді жинау және берешекті төлетуді жақсарту мақсатында орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі-нен айыру, есептегіш құралдардың көрсеткіштерін алу және төлемдерді қабылдау бойынша кешкі рейдтерді ұйымдастыру, сотқа талап арыздарды дайындау және тапсыру сықылды нақты және өзге де шаралар алынуда.

Кәсіпорын басшысы Асылбек Ғұмарұлының айтуынша, жыл басынан бергі уақытта сотқа 9,9 млн. теңгені өндіру жөнінде 623 талап арызы жіберілді. 7 млн. теңге шамасындағы төлемді өндіруге жолданған 516 іс бойынша төлем өндірілді. Төлемдерді толық төлеуіне байланысты сот өндірісіндегі 52 іс тоқтатылған. Сонымен қатар кешкілік уақытта кәсіпорын өкілдерімен су пайдалануды бақылау бойынша рейдтер жүргізілуде. Сумен жабдықтау жүйесіне өз бетімен қосу, су есептегіш құралынсыз және колонкалардан бау-бақшаны суару фактілері анықталып, тиісті шаралар қабылданған.

Қорыта айтсақ, кәсіпорын қысқы маусымға дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Гүлнар ШӘҢГЕРЕЙ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар