30.06.2015, 7:18
Қараулар: 114
“Ел құрметі мәңгілік”

“Ел құрметі мәңгілік”

DMS_8685


Өткен сенбі-жексенбі күндері Орал қаласы мен Сырым ауданында Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өтті. Алдымен облыс орталығында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мен ақынның ескерткіші ашылды. Салтанатты шараға Қадыр ақынның жары мен балалары, немерелері, елге танымал ақын-жазушылар құрметті қонақ ретінде арнайы келген еді.


Ескерткішті ашу құрметіне мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Әбіш Кекілбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, Қадыр ақынның жұбайы Салтанат Мырзалиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы мен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ие болды.

– Қадірменді ағайын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы ретінде жарияланып, биылғы жыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Ассамблеяның 20 жылдығы сынды мерейлі мерекелер жылына айналып отыр. Ұлт тұтастығын сақтап, қазақ елінің бірлігін нығайтуда батырларымыз, ақын-жырауларымыз өмірін қиды. Елдігімізге өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғалардың бірі – Қадыр Мырза Әлі. Қаламының қуатымен, дара дарынымен, ұшқыр ойымен сан қабат тіршіліктің келеңсіз көріністерін өткір сынай отырып, халқының бар қадір-қасиетін, мінез-келбетін Қадырдай көрсете білген талант кемде-кем. Ендеше, оған ел құрметі де мәңгілік. Елдің қалауымен, зиялы қауымның сұрауымен Қадыр ақынға ескерткіш ашылып, мәдени орталықтың тұсауын кескелі тұрмыз. Бұл шараға Әбіш Кекілбайұлы, Өмірбек Байгелді, Әнес Сарай, Серік Тұрғынбекұлы, Смағұл Елубай, Қажығали Мұхамбетқалиұлы сияқты еліміздің абзал азаматтары, абыздарымыз қатысып отыр. Сіздердің аттарыңыздан мәртебелі меймандарға қош келдің айтуға рұқсат етіңіздер, — деді жиынды ашқан өңір басшысы.

– Алқалаған әлеумет! Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ деген осы. Арамыздан ғайып болып, бәрімізді қатты сағындырған қайран ақынның асыл бейнесі, міне, көз алдымызда. Бұған бәріміздің көңіліміз толып, мерейленіп, көзайым болып отырмыз, – деді Әбіш Кекілбаев ақынның мүсінін ашқан соң.

– Орал төріне аттап тұрғаным бір бұл емес. Соның үшеуінде аяулы досым Қадырмен бірге келіппін. Біреуінде қала тұрғындары даңқты жерлестері келген-кеткенінде түсіп тұрсын деп үй салыпты. Соның ауласында кеудемізді самалға тосып, бір кеш әңгіме-дүкен құрғанбыз. Қалған екеуінде Сырым батырдың тойына келдік. Екеуінде де әншейінде жаймашуақ жататын Ақ Жайық өңірінің ауа райы аяқ астынан нілдей бұзылып, екілене жел көтерілген-ді. Сонда қасымдағы Қадырға көзім түскені. Ол әйгілі бабасының хан ордасын көргенде өрттей килігетін дауылпаз мінезін бірден танып, қос білегін кеудесіне айқара құшып, буда-буда бұйра шашын одан сайын дудыратып, дүрліккен дүниеге қасқая қарап қалған. Сол тұрысынан Қадырдың қайсар да өжет мінезін танығанмын. Енді, міне, сол бір ержүрек бейне осы арада мәңгі-бақи орын теппекші.

Қадыр Мырза Әлі – ұлт-тық руханиятымыздың қақ төріндегі өз орнын өз көзімен көріп, біліп кетті. Оның адам таңғаларлық әдеби феномені – бүгінгі  және келешек поэзиямыздың жолдан жаңылыстырмас темірқазығы. Әңгіменің шыны керек, инемен құдық қазғандай машақатты ұзақ жолға ақырына дейін шыдады. Қашан келсем де, қаршығадай қадалып, үстелінде жазу жазып отыратын. Бір парақ қағазды алып, тікесінен екі бүктейтін. Бір бетіне кесте тіккендей қылып мөлдіретіп жазатын. Ұнамаған жерін өшіргішпен өшіріп, қайта жазатын. Қарсы алдында ұшталған бір қорап қарындаш самсап тұратын. Кейде телефон соғып, өлеңін тыңдауға шақыратын. Ара-тұра кітап дүкендерін бірге аралайтынбыз. Үйі нағыз кітап мұражайы дерсіз. Әлем майталмандары түгел тізіліп тұратын. Ашып қарасаң, асты сызылған сөйлемдерден, тұстарына соғылған әрқилы белгілерден көз тұнатын. Ақын бұл кітаптарға зерек әріптестің әрі биік бәсекелестің қырағы көзімен қарағандай.

Кейде өзі ештеңе жазбағандай, өмірін тек оқуға арнағандай көрінеді. Ондай кезде Қадырдың өз кітаптарына үңілгейсіз. Жазғанда қандай – қараны қандырып, төрені төндіріп жазған оның кітаптары әлем классиктерінің қайсысымен де қатар тұра алады. Қадырды білмейтін қазақ жоқ. Шығармаларына ең көп сілтеме жасалатын үш автор бар. Оның бірі — халық, бірі — Абай, бірі — Қадыр. Осы үшеуінің сөзімен тұздықталмаған әңгіменің дәмі кірмейтіндей. Міне, сол Қадыр тарих төріне ешқандай дау-дамайсыз бейбіт аттап отыр. Ұлты ұлықтаған ақын мәңгі өмір сүрмек, – деді мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек  Ері,  жазушы  Әбіш Кекілбаев.

– Бүгін қазақ халқының рухани өмірінде алтын әріптермен жазылатын сәттердің куәсі болдық. Бұл орталықтың ашылуы — қазақ өркениетінің, тәуелсіздігінің жаңа дәуіріндегі ең бір үкілі, ең бір айшықты, елдің есінде қалатын сәт. Олай дейтініміз, бұл — әдебиет, өнер, музыкаға көрсетілген құрмет, бүкіл ұлттың рухын асқақтататын ақын ұлына күллі қазақ халқының құрметі, — деген Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Сенат депутаты, ақын Нұрлан Оразалин ақынға арнаған «Жайықпен амандасу» атты өлеңін оқып берді.

Сөз алған ақынның жары Салтанат Мырзалиева Қадырды қастерлеген туған елінің алдында басын иді. Қатты толқыған Салтанат апа осы істердің басы-қасында жүрген азаматтарға жүрекжарды алғысын айтумен болды.

Ақын ескерткіші салтанатпен ашылған соң жиылған қауым Қадыр Мырза Әлі атындағы мә-дениет және өнер орталығын тамашалады. Онда ақынның музейі, Қазақстанның Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер одақтарының облыстық бөлімшелері орналасқан. Айтыскер ақындар бас қосатын орын, балалардың шығармашылығына арналған үйірме бөлмелері, кітапхана, мәдени шаралар өткізілетін залдар бар. Сол 150 орындық концерт залында мәртебелі меймандар орталыққа тарту-таралғыларын ұсынды. Соның ішінде белгілі кәсіпкер, ақын қорын құрушылардың бірі Құндыз Нұпов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан аутокөлік кілттерін табыс етті.  Өз лебізінде Шыңғыс Мұқан Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен атыраулық ағайынның сәлемін жеткізіп, Жайық жұрты үшін жүзеге асқан жақсылықтар жалғасын табуына тілектестігін білдірді.

Салтанатты шарадан соң ақын-жазушылар орталықты аралап көріп, БАҚ өкілдерімен кездесті. Баспасөз мәслихатында сөз алған облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Қадыр орталығы Батыс Қазақстанның мәдени Меккесіне айналсын деген тілегін айтты. Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, танымал тарихшы-ғалым, республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбай, Ақ Жайықтың қалам ұстаған қыздары Дариға Мұштанова, Айсұлу Қадырбаева, Мира Шүйіншәлиева Қадырдың туған жерінде қос бірдей ескерткішінің ашылуы үлкен қуаныш, ел ішіндегі таланттардың басын қосып, ортақ шаруаларды бірлесіп атқаруда мұндай орталықтың маңызы зор екендігін жеткізді.

*   *   *

Сенбі күні облыстық қазақ драма театрында «Қадыр тағылымы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Ақын рухына арналған кешке келген қонақтар алдымен театр фойесінде Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығы мен жазушы Дидар Амантайдың шығармашылығы туралы дайыналған көрмені тамашалады.

Кештің алдында дәл сол фойеде жазушы, кинодраматург, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Дидар Амантайдың «Махамбет философиясы» атты  кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Тұсаукесер рәсімінен соң залға жиналған жұртшылық Қадыр ақынның рухын ұлықтауға арналған әдеби-сазды кешті тамашалады. Поэзия биігін бағындырған ақынның мерейтойына ҚР халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбаев, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек  Байгелді, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуа-ныш Сұлтанов, «Өлке» баспасының бас директоры, жазушы Мереке Құлкенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Қажығали Мұхамбетқалиев, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Темірхан Медетбек, композитор, жазушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан және өзге де зиялы қауым өкілдері арнайы келді. Халқына өлеңнен өлмес мұра қалдырған ақын туралы сөз қозғаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  алыстан  арнайы келген қонақтарға Ақ Жайық жұртшылығы атынан  алғыс  айтты.

– Қадыр ағамыздың ізденімпаздығы, еңбекқорлығы жөнінде жанында жүрген замандастары жыр қылып айтады. Жалпы, өнер адамдары, соның ішінде ақындар өз заманынан оза туады деген ұғым бар. Көптеген ақын-жазушы, суретшілерді өз уақытында бағаламай, түсінбей, уақыт өте келе оның нағыз талант иесі екеніне көздері жетіп, «Әттеген-ай» деп сан соғып қалатын кездер болады. Шүкір, ағамыз әр кез ойын жасырмай, кейде мақтамен бауыздағандай қылып әзілмен де астарлап жеткізе білді. Қазіргідей жаһандану кезінде «Кітап оқып не керек?» деген әңгімелер айтылып қалып жатады. Алайда кітап оқу – қажеттілік. Адамның жан-дүниесін байыта отырып, азғындыққа төтеп беретін үлкен күш, бұл – адамның  рухани әлемі. Бүгін ашылған Қадыр ағамыздың атындағы мәдениет және өнер орталығы жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, рухы биік болуына ықпал ететін болады. Жыр жаттап өсіп келе жатқан жас ақындарымыздың қатары көбейіп, еліміздің ой-санасы азат ұл-қыздары өсіп келеді. Бұл бізді қуантады. Кешелі-бүгін өтіп жатқан игі шаралар жас дарындарымыздың өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, күш-қуат сыйлайтынына сенімдімін, – дей келе Нұрлан Асқарұлы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқып берді.

Ақын мерейтойына арнайы келген танымал ақын-жазушылар сахнаға шығып, Қадыр ақынның еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, соңғы демі шыққанша халқына қалтқысыз қызмет етіп, рухани мол мұра қалдырып кеткендігі жөнінде әсерлі естеліктер айтты. Солардың  ішінде Қадыр ақынның немересі кішкентай Мүсілім Мырзалиевтің атасының туған ел туралы өлеңін оқығаны көрерменге  ерекше  әсер  етті.

Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева «Ақындардың ұрпағының бәрі осылай өлең оқыса  деген арманым бар»  деген ойын алға тартты. Белгілі айтыскер ақын Мэлс Қосымбавтың арнауы да жұртшылықтың  көңілінен шықты. Әдемі естеліктер айтылып, әнмен әрленген кеш барысында «Өлмес өлең» республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Қадыр ақынның шығармашылық асыл қазынасын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен 40-қа жуық жас ақын шығармаларын ұсынған екен. Солардың ішінен оқ бойы озық шыққан оралдық жас талант Мадияр Төлеуов бас жүлдені иеленсе, бірінші орын семейлік Біржан Ахмерге, екінші орын астаналық Олжас Қасым және қарағандылық Абай Оразға, үшінші орын алматылық Алпамыс Файзолла, жаңақалалық Алтынбек Ермекқалиев, оралдық Талғат Мықиға бұйырды.

Жыр мүшәйрасының жеңімпаз-жүлдегерлерін марапаттаған қазылар алқасының төрайымы, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева тебірене сөз сөйледі: «Адамзатпен бірге жасасып келе жатқан құдіретті сөз өнерінің қасиетті биігі бар. Ол  поэзия деп аталады. Міне, сол поэзия биігіне,  поэзия шыңына  тағдырының сыйын алып, халқының құрметіне бөленген ұл-қыздарының есімі жазылады.

«Ақ Жайық, сенің орның ала бөтен,

Таппадым  ешбір  жайды  жағаңа тең.

Өзіңе деген ыстық махаббатты,

Өлгенде көрге бірге ала кетем», — деп әншінің аузына жүрегіндегі сөзді салған Қадыр Мырза Әлі  туған жерді қалай сүю керектігін үйретті. Әдебиеттің тойы, өлеңнің тойы құтты болсын!» –деді ол.

Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді жұртты ұйыта сөз сөйлеп, «Ақынын ардақтаған ел азбайды, асылын ардақтаған ел тозбайды» дей келе, «Жаңадан ашылған Қадыр  ақын атындағы мәдениет және өнер орталығы бір адамға жасалған құрмет емес, халыққа жасалған қамқорлық» деп баға берді.  Белгілі композитор Илья Жақанов «Салтанат» әнінің дүниеге келу тарихы туралы әсерлі естелік айтып, көрерменді бір серпілтті. Мерейтойлық кеш Қадыр Мырза Әлі орталығының амфитеатрында Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт-аспаптары оркестрінің концертіне ұласты.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар