30.06.2015, 6:29
Қараулар: 46
Әріптестерге ілтипат

Әріптестерге ілтипат

IMG_0456


Кеше Оралдағы Салтанат сарайында  облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақ Жайық өңіріндегі БАҚ қызметкерлерін  кәсіби мерекемен құттықтап, жыл бойы еселі еңбегі үшін бір топ журналистерді алғысхаттармен марапаттады.


– Журналистика – саналы  жанның әлеуетін ашуға, қоғамдық қатынастарды жетілдіруге, қоршаған ортаны философиялық тұрғыдан  тануға болысатын жанашырлық сипаты басым бірден-бір сала. Сіздер осындай азаматтық жауапкершілікті жете сезініп, рухани маңызын түсініп, дұрыс зерделей білдіңіздер. Шығармашылықтарыңыз арқылы қоғамға, адамға адал қызмет еткендеріңіз  жұрт алдында қандай құрметке де лайық деп есептеймін, — деп сөзін сабақтаған облыс басшысы журналистерге марапат табыстады. Еңбегі еленгендердің қатарында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі Темір Құсайын, «Қазақпарат» агентігінің меншікті тілшісі Ғайсағали Сейтақ, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова және тағы біраз әріптестеріміз бар.

«Нұр Отан»  партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Бәйбектің  арнайы алғысхатына облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі Галина Самойлова, облыстық дін істері басқармасының алғысхатына облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Ұлдай Сариева ие болды. Қазақстан Журналистер одағы көп жылдар журналистика саласында жемісті еңбек атқарған облыстық «Орал өңірі» газетінің  ардагер журналисі Еламан Әйпішовке «Қазақстанның құрметті журналисі» атағын берді. Облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Есенжол Қыстаубаев ауыл шаруашылығы саласын насихаттауға қосқан зор үлесі үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының алғысхатымен марапатталды. Сонымен бірге шара барысында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс тарихы – истории  победы» атты тілшілер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері тарту-таралғыға лайық деп табылды.

 Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар