30.06.2015, 6:11
Қараулар: 53
«Астананың халқы ілтипатты»

«Астананың халқы ілтипатты»

01535c9b2f5bfa68124f4746334


Ару қала Астананың сән-салтанатына сүйсінушілер аз емес. Соның бірі – Ұлы  Отан соғысы және еңбек ардагері, Орал қаласының құрметті азаматы Хамза Сафин. Таяуда осы аузын ашса, көмейі көрінетін тамаша жанға жолығып, еліміздің басты қаласы жөніндегі көрген-білгенін сұраған едік.


– Астанада жиі болып тұрамын. Кейде қоғамдық жұмыс, кейде жеке шаруамен дегендей. Биылғы сапардан алған әсерім көп. Тіпті бәрін айтуға тіл жетпейді.

Көпке мәлім, өткен мамырда барлық жердегідей, Астана қаласында да Ұлы Жеңістің 70 жылдық тойы дүркіреп өтті. Оған біздің өңірден 17 соғыс ардагері қатысты.

Жалпы Астана жыл сайын құлпырып, жайнай түсуде. Тағы бір айтарым, астаналықтар мейлінше ілтипатты. Биыл кез келген жерде қала тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай, бұрынғы майдангерлерді құттықтап жатты. Көшеде тұра қалып, бірге суретке түскендер де аз болған жоқ. Мына оқиға есімде қалыпты. Бір жасы жетпісті жағалаған қазақтың әйелі тоқтатып, жасымды сұрады. Биыл күзде тоқсанға толатынымды айттым. «Онда сізбен суретке түсейінші», – деді. Өтінішін орындадым. Содан кейін үйіне шақырды. Топпен жүргенімді айтып, бас тарттым. Оның бұл әрекетінің себебін сұрағанымда, ол былай деді: «Егер әкем тірі болғанда, биыл тоқсанға толар еді. Ол соғыстан аман оралғанымен, арада бес жыл өткен соң ауыр жарақатынан қайтыс болды. Әкем өзімнің есімде жоқ. Анам айтып еді: «Бүгін – Жеңіс  күні. Әкеңнің бір құрдасын тауып, үйге шақыр, суретке түс. Сонда бәріміз әкеңді көргендей болар едік». Міне, сізбен бірге суретке түстім.  Өкініштісі, сіздің уақытыңыздың тығыздығынан бұл жолы біздің үйден дәм тата алмайтын болдыңыз», – деді бейтаныс әйел күрсіне. Асыққаннан, оның аты-жөнін де сұрамаппын. Сірә, бұл да бұдан 70 жыл бұрын аяқталған сұм соғыстың жаңғырығы шығар мүмкін. Сөз соңында айтарым, ару қала Астана жайнап, жарқырай берсін! Астанамен бірге кең бай Қазақстанымыз да өркендеп гүлдене берсін!

Жазып алған

Серік  ИХСАНҒАЛИ


 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар