«Маэстроның туған өлкесіне келдік»

Күні , 933 рет оқылды

24063-с


Сәрсенбінің сәтінде дүниежүзілік және халықаралық байқаулардың лауреаты Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің ұжымы облыстық тарихи-өлкетану музейінде болды. ТМД елдері және шет елдерде Қытай, Румыния, Венгрия, Польша, Финляндия елдерінің сахнасында жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген ұжым мүшелерін музей ұжымы салтанатты түрде қарсылап, күтіп алды.  Музей аралап, өлкеміздің тарихымен танысып жүрген аталмыш  оркестр директоры Нұрғиса Дәуешовті әңгімеге тарттық:

– Өнер ұжымы жыл сайын гастрольдік сапармен өңірлерге шығып тұрады. Екі ай бұрын Қызылорда облысында болып, он концерт беріп қайттық. Ақ Жайықта осыдан екі жыл бұрын болған едік. Биылғы келуіміздің ерекшелігі – қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған сапар. Бүгінге дейін Бөкей ордасында болып Жәңгір ханның, Дәулеткерей бабамыздың басына барып, Құран бағыштадық. Жаңақала ауданындағы Қали Жантілеуов, Тұяқберді Шәмелов, Мәмен бабамыздың басына барып, зиярат еттік. Бір жағынан, оркестрге еңбегі сіңген, маэстро Шамғон Қажығалиев ағамыздың туған өлкесіне келіп, сол кісінің рухына тағзым еткендей әсер алып жүрмін. Қазіргі күнде оркестр құрамында 80 әртіс қызмет жасайды. Ақ Жайыққа олардың 50-і ғана келді.  Жалпы, Құрманғазы оркестрі ұлттық өнердің көшбасшысы болғаннан кейін халық пен өнерді тығыз байланыстырып, қолымыздан келгенінше жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі күнде, әсіресе, тәуелсіздік алғаннан бері дүниеге келген туын-дыларды көбірек насихаттап жүрміз. Бұл да – патриоттық тәрбие. Бізді ыстық ықыласпен қабылдап жатқан Ақ Жайық еліне, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Атауұлына өнер ұжымы атынан алғыс айтамын, – дейді ақтарыла өз ойын ортаға салған  Құрманғазы оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов.

27 маусым күні сағат 20.00-де  Қадыр Мыра Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Халықтар достығы» орденінің иегері Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің «Нағыз қазақ – домбыра» атты концерті өтеді. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл, біртуар ақын Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына арналған концерт облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өтпек. Концертте ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері Ерлан Рысқали және өзге де өнер майталмандары өнер көрсетеді деп күтілуде.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ



Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика