Жантөре ханның ҚҰЛПЫТАСЫ ТАБЫЛДЫ!

Күні , 1 047 рет оқылды

IMG_9079


Теректі ауданына қарасты Шағатай елді мекені – табиғаты әсем, қойнауы тарихи шежіреге бай киелі өлке. Топырағынан небір атақты адамдар шыққан құтты мекеннің ашылмаған ақтаңдақ беттері жетерлік.


Шағатай селолық округіне қатысты Қызылжар ауылының тұрғындары «Хан мейіті» деп атап кеткен ескі зират бар. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, мұнда бір кездері қазақ хандарының бірі жерленген-міс. Бірақ нақты қай обада, қай хан жерленгені белгісіз болған. Себебі обаларға қойылған құлпытастардағы жазулар араб қарпінде еді. Оны оқитын, көне араб жазуын білетін адамдар бұл күндері ауылда жоқ екен.

Осы зират туралы әңгімені естіп, анық-қанығын зерттеуге жақын арада Орал қаласынан белгілі журналист Қазыбек Құттымұратұлы мен тарих магистрі, РФ өлкетанушылар одағының мүшесі Айболат Құрымбаев арнайы келді. Шағатай ауылдық округінің әкімі Рүстем Мүтиев зерттеушілерді қарсы алып, демалыс күн болғанына қарамастан бірге жүрді.

Алдымен ауыл ақсақалдарымен кездескен олар жергілікті жердің өткен тарихына қанығып алды. Кезінде ауылды басқарған Құрмантай Ізбасов қария мен оның кемпірі Ақыл шешейдің әңгімелерін тыңдап, қызықты деректерді қойын дәптеріне түртіп алған олар көп жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер-ұстаз Хамит Салахиевтың бастауымен зиратты аралауға кірісті. Қазыбек Құттымұратұлы зираттағы құлпытас мәтінін оқып, қазақшаға аударып берді. Тастағы жазулар негізінен араб, шағатай және түрік тілінде жазылған екен. Көне тастағы ру таңбалары бұл жерде жатқан адамдардың негізінен кердері, табын, байбақты руларына жататынын көрсетті. Сонымен қатар төре таңбалы бірнеше құлпытас  кездесті.

Зерттеушілердің іздегені зираттың дәл орта тұсынан табылды.

Екі ғасырдың үстінде уақыт өтсе де, жазуы анық көрінетін тас бір кездері Кіші жүздің ханы болған атақты Әбілқайыр ханның немересі, Айшуақ ханның ұлы, 1805-1809 жылдары Кіші жүзді билеген Жантөре ханның моласына қойылған болып шықты. Тастағы жазулар Жантөре ханның мәңгілік мекенін 1809 жылы 49 жасында тапқанын куәландырып тұр.

Жалпы, зиратта мұндай ескерткіштердің 138-і табылды, бәрі де 1800-1900 жылдар аралығына жатады. Оларды зерттеушілер дереу суретке түсіріп, тарихи құнды жәдігер ретінде нөмір салып үлгерді. Бұйырса, болашақта бұл эпиграфиялық ескерткіштер мемлекет қорғауына алынуы тиіс.

Ендігі кезек арнайы осы іспен айналысатын ғалымдарда.

Олар тастардағы таңба мен жазулардың нақтылығын ғылыми тұрғыдан бекітіп берсе, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап жатқан еліміздің тарихына жаңа бет қосылары даусыз.

Біздің, жергілікті тұрғындардың, педагогтардың міндеті – сол тарихты келер ұрпаққа жеткізу, ұлылар тағылымын тарату.

Берік КАЮПОВ,

Ы. Алтынсарин атындағы ЖОББМ тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі,

БЖТжЭО-ның қосымша білім беру педагогы,

Теректі ауданы



Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика