«Қазақ халқына мың алғыс!»

Күні , 1 017 рет оқылды

IMG_5549


Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, олардың рухына, ерлікті істері мен қажырлы еңбегіне тағзым ету — әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Осы орайда Мемлекет басшысының 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бұл тарихи санамызды жаңаша қалыптастыруға, өшкенімізді  жандырып, өлгенімізді тірілтуге  бағытталған  аса  маңызды  қадам  десек,  қателеспейміз.


Халқымыздың басына түскен нәубет жылдарды бүгінгі ұрпақ ұмытқан жоқ. Бұған дүркін-дүркін ұйымдастырылатын арнайы тақырыптық іс-шаралар дәлел бола алады. Сондай тәлімді шараның бірі, нақты айтқанда, еске алу акциясы, кеше, 29 мамыр күні Орал қаласындағы орталық саябақ маңында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс!» монументі жанында өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ұлттық-мәдени орталықтар, дін, басқа да азаматтық қоғам институттарының өкілдері және жастар қатысты.

Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға жарияланған бір минут үнсіздіктен кейін жиналғандар алдында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қазақ тарихындағы осы бір қасіретті жылдардың сабағы жадымызда мықтап жатталуы қажеттігін қадап айтты. «Қымбатты отандастар, қадірлі ағайын! Еліміздің ерлікке толы жылнамасында қайғылы да қасіретті кезеңдердің аз болмағандығы ащы шындық. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев-тың: «Тарих – өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзетуіміз керек» – деген баталы сөзі тарихи сананы жаңғыртуға бағыт береді. Тәуелсіздік жылдарында ел шежіресінің ақтаңдақ беттері ашылып, мемлекет тарихы жаңа мазмұнда, жаңа көзқарас тұрғысында жазылу үстінде. Деректерге сүйенсек, ашаршылық жылдарында елімізде бірнеше миллион адам көз жұмған. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, әрең жеткені бұл қасіретті нәубеттің қаншалықты ауыр болғандығын айғақтайды. Ашаршылықтың ізін ала репрессия келді. Кеңестік тоталитаризмнің жалаң қылышы мен зұлым пиғылы ешкімді таңдап-талғап жатпады. 1920-50 жылдар аралығында Кеңес одағында миллиондаған адам қуғын- сүргінге ұшырады. Олардың қатарында ұлттық рухты оятқан Алаш арыстары мен тұтастай қазақ зиялылары құрбан болды. «Алаш» партиясы құрылған сол тарихи кезеңде Орал өңіріндегі қайраткер азаматтардың да көрген құқайы, қайғы-қасіреті аз болған жоқ. Халқының жарқын келешегі үшін бастарын бәйгеге тіккен бабаларының есімдерін қастерлеу – бүгінгі ұрпақ, бізге борыш. Репрессияға қазақтармен қатар өзге ұлттар да ұшырады. Қанды жылдарда қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды, күшпен көшіріліп әкелінді. Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қанды қасаптан есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлттар мен ұлыстарды бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды. Тар жерде табысқандардың ұрпағы кең жерде келісіп, тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды. Еліміз бейбітшіліктің бесігі атанып, бүкіл әлемге танылды, өсіп-өркендеу жолына түсті», – деді Гүлшара Наушақызы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Юрий Тимощенко 1930-40 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін әкелген аса ауыр қайғы-қасіретке  тоқталды. «Адам төзгісіз азапты қазақ халқымен бірге өзге аймақтардан күштеп жер аударылып келген жүздеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері де бастан өткерді. Қиындыққа қарамастан, олар осынау қазақтың қастерлі жерінде өз нанын тауып жеді, жан жылуына бөленді, бақыттарын тапты. Бүгінгі шараның Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында өтуінде үлкен мән жатыр. Себебі Ассамблея халықтар достығы мен келісімінің жарқын үлгісі бола білді. Осындай алғысқа толы акциялар біздің бауырластығымызды одан әрі нығайта береді», – деді ол.

Алыстан ат арытып келген «Астана-Бәйтерек» клубының төрайымы Тамара Лавриненко өткенді еске алмай, болашаққа қадам жасалмайтындығын жиналғандардың есіне салды. «Өткеніне немқұрайлы қарайтын, тарихына мән бермейтін мемлекет мықты бола алмайды. Біздің мықтылығымыз сол тарихи зердемізді жойып алмай, сақтап, кейінгілерге аманаттап отырғандығымызда», – деді Т. Лавриненко.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Ахмет Мурадов мұндай акция Қазақстанда осымен алтыншы рет өткізіліп отырғандығын әңгімеледі. «Кең байтақ Отанымыздың түрлі қалаларында алты рет еске алу акциясын өткіздік. Барлығына қатыстым. Бұл сәттегі адамның ішкі толқынысын сөзбен айтып жеткізу қиын. Жазықсыз құрбан болған боздақтар өте көп. Олар өз халқының, ұлтының мүддесін қорғаймын деп шейіт болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясында Мемлекет басшысы  бізге, яғни Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдеріне ұсыныс тастады. Осыған орай  біз қазақ халқына, жалпы бір-бірімізге  зұлмат-зобалаңдардан аман шыққандығымыздың, ел болғандығымыздың жарқын көрінісі ретінде алғыс айту акциясын ұйымдастыруға ұйғарым жасадық. Мына өздеріңіз көріп тұрған «Қазақ халқына мың алғыс!» атты әдемі монументті республикада бірінші болып Батыс Қазақстан кәрістері этномәдени бірлестігі орнатты. Қазақ жеріне жер аударылған әр этнос өкілі осы сөзді ризашылықпен айтары хақ», — деді ол.

Келесі кезекте сөз алған БҚО кәрістері этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Анатолий Ким осындай тәлімді шараның жас ұрпақ үшін ашық сабақ іспетті екендігін алға тартты. «Сталиннің кесірінен Қазақстан халықтардың түрмесіне айналды. Ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен миллиондаған қазақ қаза болды. Орасан зор адам шығынына қарамастан, қазақ халқы күштеп жер аударылған 60-қа жуық ұлттардың өкілдеріне шын жанашырлық көрсетті, соңғы нанымен бөлісті. Мойындауымыз керек, біз қазақ халқының арқасында ғана тірі қалып, осы бақытты күндерге жеттік. Ол ешбір дәлелді талап етпейтін ақиқат. Қазір қазақстандық әрбір мың кәрістің 80 пайызының жоғары білімі бар. Кәрістерге екінші Отан болған қазақ еліне шын жүректен шыққан алғысымызды білдіру үшін 2012 жылы осы монументті өз қаржымызға орнаттық», — деді А. Ким.

Акция соңында «Қазақ халқына мың алғыс!» монументіне гүл шоқтары қойылды.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»



Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика