2.06.2020, 11:56
Қараулар: 654
Қылқұйрықтыны бордақылайды

Қылқұйрықтыны бордақылайды

Ақжайық ауданында өңірімізде алғаш рет жылқы малын бордақылау жұмыстары қолға алынбақ.  Қазіргі уақытта Ақсуат ауылы маңындағы «Ұялы» шаруа қожалығында жоба бойынша 1000 бас ірі қараны, 500 бас жылқы малын бордақылайтын кешеннің құрылысы аяқтала келді. Жалпы қожалықтың жылқы шаруашылығын дамытуға және оны әрі қарай кеңейтуге қатысты ауқымды бизнес-жоспары бар.  

«Ұялы» шаруа қожалығының басшысы Ғалым Жәлімовтің айтуынша, бастапқыда қожалық иелігінде 100 жылқы мен 100 ірі қара малы болған. «Мал баққанға бітеді» демекші, содан бергі уақытта шаруа адамының төккен тері, көрген бейнеті текке кетпеді.  Жыл сайын төрт түлік мал өз төлі есебінен жақсы өсім беріп отыр. Шаруа қожалығының басшысы мал басы өскен соң, мал өнімдерін өндіретін кешен салу ісіне ден қойды. Ол облысымызға белгілі атбегі Алтай Зейнуллин ағамыздың біліктілігі мен көп жылдық тәжірибесін пайдалана отырып, «Жылқы шаруашылығын және қымыз өндірісін жүргізу, жылқы туризмін дамыту, саумалмен емдік шараларын жүргізу, бөтелкедегі қымыз, саумал өнімдерін өндіру» жобасын іске асыруға бел шеше кірісті.

Өз кезегінде аталған шаруа қожалығы мемлекеттің тарапынан іске асырылып жатқан салалық бағдарламаларды да мал басын көбейту мақсатында тиімді пайдаланды.

– «Қожалық иелігіндегі қазақы тұқымды жабы тектес жылқыларды айтар болсақ, өзге жылқы тұқымына қарағанда боран-шашын болмаса, қыс бойы далада тебіндеп шығады. Жабы тұқымының артықшылығы денесінің ірілігі әрі қоң жинауға бейімдігінде болса керек. Семіруге бейім болғандықтан қылқұйрықтыны бордақылаған өте тиімді. Биелері де күніне орташа есеппен 5-7 литр сүт береді. Биелерді саууға арнайы құрылғылар сатып алынған және бие сауатын арнайы орындардың құрылысы жүргізілуде. Атам қазақ бал татыған қымыздың дәміне ештеңе теңемегені белгілі. Іргеден Оралмен Атырау қалаларын байланыстыратын аутокөлік жолы өтеді. Қымызға сусаған жұрт көп қой. Алла амандығын берсе, аталған жұмыстар басталатын болады, – деді Ғалым аға бізбен әңгімесінде.

Бүгінде шаруа қожалығында жеті адам тұрақты жұмыс істейді. Айтып отырса, шаруа адамының жоба-жоспары көп. Келешекте бие сүтінің кептірілген және бөтелкедегі түрлерін өндірістік негізде шығарғысы келеді.  Жылқы туризмін дамыту да ойда жүрген шаруалардың бірі.

Әдетте мал соңында жүрген шаруалардың көпшілігі ірі қара малдың төлін сегіз айынан бастап сатып жібереді. Ал «Ұялы» шаруа қожалығы қолдағы төлдерді аман сақтап, оларды 12-24 айында айналадағы шаруашылықтарға уақытша өсіруге беріп, келісілген мерзімде кері алып, бордақылауға қоймақ. Содан кейін өңіріміздің және көршілес жатқан Атырау, Маңғыстау облыстарының тұрғындарына ет түрінде ұсыну жоспарланған.

Осы уақытқа дейін өңірімізде Зеңгі баба тұқымын бордақылау жұмыстары қолға алынғанын естіп те, көріп те жүрміз. Ал қылқұйрықтыны бордақылау жұмыстары бізге таңсық. Бұрын мұндай шаруамен айналысқан ешкім жоқ. Желден жүйрік, тарпаң мінез жануарды, әсіресе, арқыраған айғырларды қолға ұстап, бордақылау оңай шаруа болмаса керек.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Ақжайық ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.