2.06.2020, 11:44
Қараулар: 283
ҰБТ кезінде де санитарлық талап қатаң сақталмақ

ҰБТ кезінде де санитарлық талап қатаң сақталмақ

ҰБТ кезіндегі сынақ  тапсырушылардың да жауапкершілігі күшейтілді. Егер оқуға түсушілердің арасынан ғимаратқа кірер алдында ҰБТ кезінде пайдалануға тыйым салынған заттар мен өздерінің орнына  басқа  бір адамды жіберу фактісі орын алса, ондай талапкерлер тап сол күнгі және осы жыл ішіндегі тестілеуге жіберілмейді. Бұл туралы сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте айтылды. Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенғалиеваның айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізілуі мен талапкерлердің оқуға түсу кезінде қойылатын талаптарға бірқатар өзгерістер енгізілген.

–  Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу уақыты маусымның аяғы мен шілденің басы болғандықтан бүгінгі таңда ҰБТ сипатын (форматын) бұрынғыдай қалдыру ұйғарылды. Биылғы 10 мамырда сағат 24.00-де ҰБТ базасына тіркеу аяқталды. Жиырмасыншы мамырдан кейін тестілеуге қатысушылар жеке кабинеттерінде рұқсат қағаздарын алады. Ұлттық тестілеу орталығының сайтында сынама тестілердің 70 нұсқасы жарияланды. Әрбір мектеп бітірушінің аталған тестілерді ақысыз тапсыру мүмкіндігі болды. ҰБТ тапсырмаларында төртінші тоқсан тақырыптары бойынша сұрақтар жоқ, – деді Гүлнәр Сәрсенғалиева.

Биылғы ҰБТ-ға бірқатар өзгерістер енгізілген. Біріншіден, «Педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша межелі балл барлық жоғары оқу орындары үшін 60-тан 70-ке дейін көтерілді; екіншіден, білім гранты және ақылы негізде оқуға түсу үшін білім салалары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерімен білім беру салалары бойынша қосымша емтихандар енгізілді; үшіншіден, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары білім салалары бойынша ҰБТ-ның межелі балын бекітеді; төртіншіден, SAT, ACT және IB халықаралық стандартталған тестілерді балға ауыстыру шкаласы енгізілді. SAT, ACT халықаралық стандартталған тестілердің және IB халықаралық бакалавриат бағдарламасының сертификат иелері тестілеуден босатылады; бесіншіден, межелі балды ала алмаған және бірінші академиялық кезең аяқталғанға дейін ақылы бөлімге қабылданған тұлғалар ҰБТ-ны бір жылдың ішінде қайта тапсыра алады. Сондай-ақ ҰБТ қорытындысы бойынша қатысушыларға электрондық сертификат берілетін болады. Сертификат Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады.

ҰБТ өткеннен кейін бейнебақылау камераларындағы жазбаларзерделенеді. Егер де бейнежазбаларда оқуға түсушілерден ҰБТ кезінде қолдануға тыйым салынған заттардың біреуі анықталған болса, білім грантын тағайындау бойынша конкурстың нәтижелері ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен немесе жергілікті атқарушы құрылымның (органның) қаулысымен жойылатын болады. ҰБТ кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Емтихан тапсырушылар арасындағы арақашықтықты сақтау мақсатында тест тапсырушылардың саны бір аудиторияда 50 пайызға дейін қысқарады.

– Жеке тұлғаны электрондық түрде сәйкестендіру жолы қарастырылуда. Бұл жағдайда қағаз түрінде рұқсатнама қажет болмайды. ҰБТ өткізу бекеттері санитайзерлермен қамтамасыз етілуі тиіс. Қатысушыларға тұмшалар (маскалар) беріледі. Апелляция тесттен кейінгі келесі күні өтетін болады, – деп түсіндірді Гүлнәр Ақмырзақызы.

Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар