2.06.2020, 11:39
Қараулар: 106
Жалғызбасты анаға үй сыйлады

Жалғызбасты анаға үй сыйлады

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылының тұрғыны, алты баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Эльмира Ихсанованың баспаналы болуына қайырымды жандар көмектесті. Игі іске «Қарекет» қоры мұрындық болды.

Қордың облыстағы өкілі Демежан Меңдешевтің айтуынша, қордың көмегімен көмекке мұқтаж жандарға еліміз бойынша 218 пәтердің кілті табысталған. Ал облыста жомарт азаматтардың қайырымдылығымен 11 отбасы баспаналы болған. Жаңа үйдің кілтін көп балалы анаға облыс орталығынан арнайы келген өнерпаздар «Назар аудар» клубының мүшелері табыстады.

Шиеттей баламен пәтерден-пәтерге көшіп жүрген Эльмира қордың өкілдеріне хабарласып, көмек сұраған. Алайда жуық арада жеке баспананың кілті қолына тиеді деп ойламаған.

– Үпір-шүпір балаларымды көргендер пәтерге жіберуден бас тартатын. Шүкір, ол күндердің бәрі көрген түстей артта қалды. Балаларымның алды – мектепте, кенже қызым екіге толады. Соларға бас-көз болайын деп әзірге жұмыссыз отырмын. Дегенмен ауылдық округ әкімдігі, мектеп, қайырымды ауылдастардың қолдауын анық сезінемін. Бірі киім-кешекпен, тағы бірі азық-түлікпен үнемі көмектеседі. Барлығына да ризашылығым шексіз, – деді алты баланың анасы.

 

Әсел САҒЫН,

Ақжайық ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар