23.04.2020, 4:42
Қараулар: 622
Бүгінгінің батыры

Бүгінгінің батыры

Аудандық орталық ауруханасының дәрігер-реаниматологы Азамат Ізбасовтың есімі бәйтеректіктерге жақсы таныс.  Ол – Ақтөбе қаласындағы М.  Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің емдеу ісі  факультетінің  2008 жылғы  түлегі.  Кәсібін шебер меңгерген жас маманның көп уақыты  ауруханада  өтеді.  Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен, байыппен қарайды. Өйткені адам өмірінің арашашысы болу –  қиынның қиыны.

Провизорлық  бөлімшеде 29 наурыздан бері қызмет істеп келемін. Күшейтілген кесте бойынша үздіксіз жұмыс жасаймыз. Басты мақсат – емделушілерге сапалы қызмет көрсету. Қазіргідей коронавируспен жаппай күрес жүргізіліп жатқан кезеңде өз міндетімізді кәсіби әрі жауапкершілікпен атқара білуіміз керек. Дәлірек айтқанда, шет мемлекеттерден, Ресейден келіп жатқан жұмысшылар мен студенттер – біздің жіті бақылауымызда. Олардың арасында коронавируске шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болғандар немесе шетелден келгендер бар, – деді Азамат Ізбасов.

Наурыз айында кезекті еңбек демалысына шығуды жоспарлап қойған Азамат Бисенбайұлының демалысы төтенше жағдайға байланысты кейінге қалдырылды. Бірақ Азекеңде еш өкініш жоқ. Ақ халатты абзал жан науқастанған адамдарға ем-дом көрсетуді, жылы сөзбен демеуді парызы санайды.

– Адамзат үшін бірінші байлық денсаулық қандай маңызды болса, біздер, дәрігерлер үшін міндетімізді абыроймен атқарып, айналамызға қуаныш сыйлау соншалықты маңызды. Мен дәрігер болуды бала кезімнен армандадым. Мақсатым орындалып, жоғары оқу орнын тәмамдап, дәрігер атандым. Ендігі тілегім – еліміз қатерлі індеттен тезірек құтылып, қалыпты өмірге, отбасыма оралу, – дейді бізбен телефон арқылы байланыста болған  бүгінгінің  батыры.

Ертай  БИМҰХАНОВ,

Бәйтерек  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар