14.04.2020, 17:43
Қараулар: 369
Гигиеналық талапты сақтаудың маңызы зор

Гигиеналық талапты сақтаудың маңызы зор

Диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша Кумыскадағы провизорлық стационарда қызмет ететін медбикенің COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталды. Бұл жөнінде сәуірдің 13-і күні өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев хабарлады.

– Қазіргі кезде науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеке боксқа орналастырылды. Бекітілген хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Эпидемиологиялық тексеру барысында жұмыс орнында науқаспен жақын қарым-қатынаста болған жеті адам анықталып, зертханалық зерттеу жүргізілді. Алты адамның инфекциядан сау екені анықталды. Енді біреуіне қатысты зерттеу қорытындысы әлі шыққан жоқ. Сәуірдің 9-ы күні науқастан сынама алынды. Денсаулығы қалыпты екені белгілі болды. 12-сі күні екінші мәрте диагностикалық зерттеу жүргізіліп, нәтижесі расталды. Коронавирусқа қарсы қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланбауынан инфекция жұқтырған деп болжап отырмыз. Кумыска провизорлық стационары карантинге жабылды, – деді Мұхамғали Арыспаев.

49 жастағы науқас Орал қаласының Құрылысшы шағынауданындағы пәтерде жалғыз тұрады. Үйдің подъезі карантинге жабылды. «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК БҚО бойынша филиалының мамандары үйдің кіреберісі мен іргелес аумаққа, пәтер ішіне дезинфекция жүргізді. Облыс бойынша инфекция жұқтырғандар саны тоғызға жетті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов инфекция жұқтыр-
ған медициналық қызметкердің жағдайы қалыпты екенін, коронавирусқа қарсы тұрақты ем-дом жүргізіліп жатқанын, карантин режімінде әр адамның санитарлық-гигиеналық талапты сақтаудың маңызы зор екенін айтты.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар