14.04.2020, 17:41
Қараулар: 203
Полиция бөліміне басқа атау қарастырсақ қайтеді?..

Полиция бөліміне басқа атау қарастырсақ қайтеді?..

Құқық қорғау құрылымдарына ұлт данышпандарының атын беруді біреулер дұрыс десе, енді біреулер қате деп пікір айтуы мүмкін. Кешегі өткен кемеңгерлердің есімі көбіне көшелерге, аудан-ауылдарға, білім ошақтары мен мәдени орындарға беріледі. Алайда полиция бөлімін ақын есімімен атаған қисынсыздау секілді. Орал қаласындағы Абай полиция бөлімін көргенде, осындай ойға қаласың. Бұл бөлімге неліктен қазақтың ұлы ақынының есімін бергенін анықтау үшін шағын зерттеу жүргізіп көрген едік.

1983 жылы қалалық милиция бөлімінде (қазіргі полиция басқармасы) қызметкерлер санының көбеюіне байланысты сол кездегі басшылар тағы бірнеше бөлімге бөлуді ұйғарыпты. Біз тілге тиек етіп отырған бөлім «еншісін алып» бөлек шыққанда алғаш ауызекі тілде «Әйтиев милиция бөлімі» деп аталса керек. Мұны сол жылдары осы салада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан полиция майоры, қазіргі таңда қалалық полиция басқармасында ардагерлер кеңесінің төрайымы Клавдия Қуанышқалиева айтып отыр.

– Мен 1981 жылы облыстық МАИ-ден қалалық милиция бөліміне анықтаушы болып ауысқан болатынмын. Ол кезде осыдан басқа ешқандай бөлім болған жоқ. Содан кейін бөлді ғой. Неліктен бөлгендерін басында айтып өттім. Әйтиев милиция бөлімі деп 1985 жылға дейін аталды. Бұлай аталуының бірден-бір себебі – сол жылдары орталықта «Сәлем» деген мейрамхана болатын, бұл бөлім соның астыңғы қабатын жалға алды. Сол мейрамхананың кіреберісінде Әбдірахман Әйтиевтің суреті бар шағын тақта ілініп тұратын. Келген жұрттың көзі бірінші Әйтиевтің суретіне түскендіктен шығар, бөлім сол кісінің атымен аталып кетті. Кейін ғимаратты жалға алу құны көтерілгесін, бөлімді бізге (қалалық милиция бөліміне) көшірді. Бұл 1985 жылы болатын. Ал өзіміз қазіргі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы отырған ғимаратқа көштік. Көшпей тұрып, қазіргі Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің ғимаратында отырдық. Содан аталған бөлім біздің орнымызға келгеннен кейін заңды түрде басқа атау қою жөнінде ұсыныс-пікір айтылғантұғын. Алайда айтылған ұсыныстар сол күйі жүзеге аспады. Ал енді одан кейін бөлімнің Абай аталуының сырына тоқталатын болсақ, жаңағы ғимаратқа ауыс-қан соң, қала тұрғындарының аузында «Айтиевский» аталып кеткен соң бөлімнің мекенжайын сұраған адамдарға Абай ескерткішінің қасында деп жөн сілтеп жүрдік. Өйткені бөлім Абай ескерткішіне жақын орналасқан ғой. Бұрынғы милиция бөлімінің ғимараты десең, көбі біле бермейді. Абайдың қасына келсең, табасың дегесін халық аузында «Абайский» аталып кетті. Милиция қызметкерлерінің өздері де бір-біріне қай бөлімге бара жатырсың дегенде «Абайскийге» дейтін болған.  Бұл ғимараттан бірден қазіргі полиция департаментіне көшірілгенде де (бұрынғы «Ақжайық» қонақүйі) жаңағы Абай атауы қалған жоқ. Солай аталып кете берді. Енді мұны «орталық бөлім» деп өзгертсе дұрыс болады, – дейді Клавдия Саматқызы.

Мәлімет іздеу барысында Абай полиция бөлімі қашан құрылғаны туралы мұрағаттан тек ұйымдастырушылық-штаттық мәселелер туралы БҚО ішкі істер басқармасының 1994 жылғы 21 наурыздағы №255 бұйрығына сәйкес бекітілген штатта ғана Абай қалалық милиция бөлімі деп көрсетілген. 1994 жылдың наурыз айына дейінгі бірде-бір нормативтік құжаттарда Абай полиция бөлімі деген атау кездестірілген жоқ. Осы мәселеге қатысты қандай да бір нақты деректер белгілі болған жағдайда сізге хабарланатын болады» делінген. Ұлы ақынның есімін жолай иеленіп кеткен бұл бөлімге қатысты  бірнеше сауалымызды арқалап аталмыш бөлімге барған едік. Алайда Абай полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Самиғолла Абдрахманов «ештеңе білмейміз» деп қысқа қайырды. Мардымды жауап ала алмағасын, БҚО полиция департаментіне ресми сауал жолдадық. Жиырма күннен астам уақыт өткеннен кейін берген жауаптарында: «БҚО ПД мұрағатынан Абай полиция бөлімінің қашан құрылғаны жөнінде деректер барынша іздестіріліп, барлық құзырлы мекемелерге сұрау салынған болатын. Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігінің мұрағатына, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатына хат жолданды. Алайда нақты жауап табылмады. Сонымен қатар бұл мәселе полиция департаментінің жанындағы ардагерлер кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен жиында да талқыланды.

Жалпы, өзге өңірлерде Абай есімін иеленген полиция бөлімдері бар ма екен? Полиция бөлімдеріне ұлы тұлғалардың есімін беру қаншалықты дұрыс? деген сұрағымызды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, қойған едік. Олар бірінші сұрағымыз бойынша қолдарында нақты мәлімет жоқ екенін, одан кейін полиция бөліміне бір кісінің атын беру дұрыс емес екенін айтты.

Құқық қорғаушы Нұрлыбек Юсубалиев мекеме-бөлімдерге біреудің атын беруге болатыны, болмайтыны  жөнінде заңда нақты көрсетілмегенін айтады. Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын-ұстаз Дариға Мұштанова полиция бөлімінің Абай атын «жамылып» тұруы түсінген адамға елге ұяты келетін нәрсе дейді.

«Марқұм, профессор Серікқали Шарабасов көзі тірісінде бір әңгіме айтқан еді. Бір күні ағайды семинарға Абай туралы айтуға шақырған ғой. Ол кісі барыпты. Бар білгенін айтып жатса, ешкім тыңдамапты. Сосын Серікқали ағамыз сөзінің далаға кетіп жатқанына сәл ренжіп, «Осы сендер неге келдіңдер?» деп сұраған ғой. Сөйтсе әлгілер: «Біз ит атудың үш күндік семинарына келіп отырмыз» депті. «Ит ату туралы семинарға келсеңдер онда сендерге бит туралы айту керек, тапқан екенсіңдер Абайды айтқызатын жерді» деп ашуланып шығып кетіпті. Ашуға булығып маршруттың ішінде келе жатса, қасына Абай полиция бөлімінде жұмыс істейтін таныс біреу отырыпты. Серікқали ағамыз: «Ештеңенің мәнісін білмейміз, қадірлеуден, қастерлеуден, жөн білуден айырылып бара жатыр-мыз» деп сөйлеген ғой. Қасында отырған әлгі жігіт түк түсінбей: «Аға, мұны маған неге айтып отырсыз?» деген ғой.  «Сендердің де оқсатып жүргендерің шамалы, бөлімдеріңе Абайдан басқа ат таба алмадыңдар ма?! Қасым Қайсеновтың, Бауыржан Момышұлының атын неге қоймайсыңдар?» деп ұрсыпты. Шыны керек, біз көп нәрсеге ой көзімен қарамаймыз ғой. Әйтпесе, полиция бөліміне Абайдың есімі үйлесіп тұрмағаны көрер көзге көрініп тұрған жоқ па?! Абайдың мерейтойында осы бір мәселені шешсе, өте дұрыс болады».

– 1990 жылдары «Ономастика туралы» заң болған жоқ қой, болмағасын олар өздері солай қойып алған. Абай полиция бөлімінің атауын өзгерту тұрғысында тұрғындар тарапынан қанша жерден арыз-шағым түссе де, бәрібір өзгертілмейді. Өзгерту үшін аталған бөлімде қызмет ететін барлық қызметкерден бізге ұсыныс түсуі керек екенін жоғары да айтып өттім. Егер ұсыныс түсіп жатса, біз сол ұсынысты облыстық мәслихатқа жібереміз, мәслихат республикаға жолдайды, – дейді БҚО тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің бас маманы Ізбасар Жұмағали.Полиция бөлімінен Абайдың атын алып тастау да оңай шаруа емес екен. Атауын өзгерту үшін сол бөлімде жұмыс істейтін басшысы бастап, қалған қызметкерлері (еден жуушыға дейін) қостап, облыстық тілдерді дамыту басқармасына ұсыныс түсіруі қажет. Бұлай деп осыған жауапты маманның өзі айтып отыр.

Жергілікті журналист Рауан Сатыбалдиев Ұлы Абайдың ұстанымын, өмірлік қағидаларын ұрпақ тәрбиесіне үлгі етпек болып отырған тұсымызда полиция бөлімін ақын атымен байланыстыру мүлдем қисынсыз деп есептейді. «Абай полиция бөлімінің атауының негізінде ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың есімі жатыр. Ол кезде саяси жүйе басқа болды және социализм дәуірінде ақын есімі қала тұрғындарының аузында жүруіне сол кездегі милиция бөлімінің де еңбегі бар. Қазіргі заман басқа, оның үстіне «Абай полиция бөлімі» деген атауы да құлаққа ерсілеу естіледі. Жеке адамның ашып алған полиция бөлімі секілді. Руханият пен білімнің діңгегіне айналған үлкен орталықтарға ғана Ұлы Абай есімін берсе үйлеседі. Ал полиция бөліміне есімін беретін құқық қорғау саласының қаһармандары да жеткілікті ғой. Қанша азамат террористермен қақтығыста көз жұмды. Манағы бөлімді осы жандардың біреуінің есімімен атаса, ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді оятуға да зор үлес болар еді. Полиция департаментінің идеологияға жауапты мамандары бұл мәселені дер кезінде шешіп, олқылықтың орнын толтыруы тиіс деп ойлаймын», – дейді ол.

Қалың елі – қазағын қапысыз сүйген, сол үшін ғазиз басын тауға да, тасқа да ұрған Абайды қазір реті келсін, келмесін, әйтеуір, кез келген жерге «жасыра» беретін болыппыз. Әйтпесе, полиция бөлімі қайда, Абай қайда?..Иә, мүмкін біреулер онда тұрған ештеңе жоқ қой дейтін шығар. Полиция бөлімін Ұлы Абайдың атымен атасақ, онда абақтыға Әлиханның есімін берейік…

 Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

журналист,

Орал  қаласы