Еліміздің інжу-маржаны саналатын Ақтау қаласына жолымыз түсті. Барған мақсатымызға сай кәсіби біліктілігімізді арттырдық. Маңғаз Маңғыстаудың рухани қазынасына да үңілдік. Қазақтың абызы атанған, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың әлеміне де саяхат жасап қайтқандай болдық.
Қоғамдық бақылаудың маңызы
Семинар-тренинг Батыс Қазақстан аймағындағы қазақ тілді журналистерге арналды. Оны Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен өткен шара журналистердің әлеуетін көтеруді мақсат тұтты. Сондай-ақ жергілікті биліктің ашықтығын, қоғамдық есептілікті арттыруға БАҚ өкілдерінің үлес қосуына да жағдай жасауды көздеді.
Алты күндік тренинг екі бөлімнен тұрды. Яғни бастапқы үш күн бюджеттік ақпаратқа қолжетімділік, мемсатып алу үрдісінің ашықтығы, қоғамдық бақылаудың тиімділігі турасындағы тақырыптарға арналды. Осы бағытта дәрістер оқылып, тәжірибелік жұмыстар орындалды. Алматыдан арнайы келген «Zertteu research institute» қоғамдық қорының құрылтайшысы Шолпан Айтеновадан көп нәрсе үйрендік. Оның сөзіне қарағанда, елімізде демократиялық қоғам құру талабына сай біраз іс-шаралар қолға алынып жатыр. Мәселен, түрлі заңнамалар қабылданбас бұрын, оны көпшіліктің талқылауына ұсыну мақсатында тиісті сайттарға шығарылады. Бюджеттің ашықтығы да жоқ емес. «Мен ата-ана ретінде балам оқитын мектептің бюджетін интернет арқылы қадағалап отырамын. Өзім қаржыгер болған соң, мектеп қаржысының жұмсалуы бойынша ұсыныс-пікірімді де жазамын, — дейді ол. — Алайда мен секілді мектептің, емхананың, жергілікті әкімдіктің бюджетін бақылап отыратындар өте аз. Себебі бұл туралы көпшілік білмейді. Соның ішінде БАҚ, әсіресе, қазақ тілді журналистер хабарсыз. Мұндай тренингтердің мақсаты — осындай олқылықтарды жою, тілшілердің қаржылық, құқықтық сауаттылықтарын арттыру.
Бүгінгі таңда мемлекеттік порталдар арқылы көптеген ақпаратпен танысуға болады. Мысалы, Ашық бюджеттердің интерактивті картасы (www.publicbudget.kz) деген сайт бар. Сол арқылы мектеп, балабақша, емхана, жергілікті атқару орындары сынды мемқұрылымдардың бюджеттерін және олардың орындалуын білуге болады. Ал «Әділет» ҚР нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде (www.adilet.zan.kz) барлық заң, кодекс, жарлық, халықаралық шарт, қаулы, нұсқау және басқа да құжаттар орналастырылған. Бұл сайттан жергілікті деңгейде қабылданған нормативтік-құқықтық актілер, мәслихаттардың, әкімдердің және әкімдіктердің шешімдері мен қаулыларын да табуға болады. Мемсатып алулар бойынша веб-порталында (www.goszakup.gov.kz) да өте көп әрі қызықты мәлімет бар. Мәселен, мемлекеттік сипаттағы мекеме-кәсіпорындар қандай тауарлар, қызмет, жұмыстарды қажетсініп отырғанын біле аласыз. Сонымен қатар оларға қанша қаражат ұсынылғаны, егер конкурс өтсе, кім, қандай сомамен жеңімпаз атанғаны туралы және т.б. жайттармен таныса аласыз. Танысу былай тұрсын, егер бюджет қаражаты жөнсіз жұмсалайын деп отырғанын байқасаңыз, оны тоқтатуға мүмкіндік бар. Осы жерде бір мысал айта кетейін. 2018 жылы еліміздегі бір журналист мемсатып алулар порталынан Ақмола облысында «October Fest» атты фестиваль ұйымдастыруға конкурс жариялағанын көреді. Жергілікті туризм басқармасының конкурсындағы шартты оқып, жағасын ұстайды. Яғни шараны ұйымдастыру үшін 1000 литр сыраның (10 түрлі сұрып, әр сұрыптан 100 литрден) керектігі жазылған. Нақтылап айтқанда, шараға қатысатын 800-1000 адамның әрқайсысына 1-1,25 литр сырадан келуі тиіс. Сондай-ақ кәуаптың үш түрі, шпикачка, снэк, чипсы сынды қытырлақтар да болуы қажет. Шараны екі телеарна, бір радиостанция және бір газет қызметкерлері қамтуы шарт. Қатысушыларды тасымалдайтын аутобустар, концерт қоюға қажет құрал-жабдық, диджей міндетті болғаны дұрыс. Фестиваль квадрокоптермен түсіріліп, спорттық сайыстардың жеңімпаздарына сыйлықтар алынуы қажет. Тілші осының негізінде «Ақмола облысы сыра фестиваліне бюджеттен 12 млн. теңге бөлмек» деген тақырыпта мақала жариялап, оны әлеуметтік желіге салды. Бұл үлкен қоғамдық пікір туғызды. Соның нәтижесінде аталмыш фестивальды ұйымдастыру және өткізу бойынша конкурс қолданыстағы заңнамаға сәйкес тоқталды. Сол кездегі ҚР Инвестиция және даму министрлігінің туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали да әлеуметтік желідегі өзінің парақшасына бұл туралы жазды. Қоғамдық есептіліктің, белсенділіктің бір көрінісі осы».
«Washington Post»-тың үлгісі
Тренингтің қалған күні де тартымды өтті. АҚШ-тан келген әріптесіміз ‘Сoda Media’ ақпараттық порталының бас редакторы Илан Гринберг тәжірибесімен бөлісті. Біраз жыл ‘The New York Times’ газетінде, ‘The Wall Street journal’ журналында тілші болған ол фактчекинг мәселесіне тоқталды.
— Газет-журналдардан «мақалалардағы деректердің дәлдігіне автор жауапты» деген сықылды жазуларды оқуға болады. Егер жарияланған материалда көрсетілген деректер шындыққа жанаспаса, тек автор кінәлі бола ма? Әрине, жоқ. Редакция да белгілі бір дәрежеде жауапты. Сол себепті деректерді тексеру деген мағына беретін фактчекингке жете мән берген жөн. Өткен жылдары ’The New York Times’ газетінде сондай оқиға болды. Нью-Йорктегі жылжымайтын мүліктің «жұлдызы» болған бір әйел жөнінде мақала шықты. Көп кешікпей ол адам о дүниелік болғаннан кейін осы материалда келтірілген өмірбаяны негізінде қазанама берілді. Артынан редакцияға оның таныстары келіп, өмірбаяндық деректері айтарлықтай қате екендігін дәлелдеді. Материалды дайындаған журналист те, редакция басшылығы да бұл әйел адам өзі туралы осыншама өтірік айтады деп ойламаған. Редакция тарапынан оқырмандардан кешірім сұраған мақала жарияланды. Дегенмен де бұл жайт газеттің абырой-беделіне кері әсерін тигізбей қалған жоқ. Міне, фактчекингтің рөлін осыдан-ақ көруге болады. Сол себепті алынған мәліметтерді тексеріп отырған артық етпейді. Яғни интернеттен, соның ішінде википедиядан қарап, деректердің анық-қанығына көз жеткізген дұрыс. Алайда интернетте де өтірік аз емес екенін ескере жүрген артық емес. Сенімді дерек көздері болғаны жөн. Бір ғана сарапшының пікірімен шектелуге әсте болмайды. Ал «Washington Post» секілді басылымдар фактчекингпен айналысатын арнайы мамандар ұстайды. Осы фактчекерлер,әсіресе, саясаткердің айтқан сөздері шындыққа жанаса бермейтінін әшкерелеп жүр. Сөйтіп, басылымның беделінің артуына үлестерін қосуда. Жалпы, фактчекерлер жоғары білікті мамандар болып саналады, — дейді Илан Гринберг. Тренингте ол сонымен бірге журналистік зерттеу жүргізу, сыни ойлау, мақаланың тусаукесері турасында да тәжірибесімен бөлісті.
Қаламгер рухымен сырласу
Маңғыстау өлкесі жерасты байлығымен қатар, рухани қазынасының да молдығымен әмбеге аян. Бұрыннан келе жатқан әрі өзгеге ұқсамайтын ақын-жыраулар, күйшілер, әншілер мектептерімен көпшілікке таныс. Сондай-ақ қасиетті мекенде сәулетшілер, шыңырау құдықшылар, аңшылар мектептері де болған екен. Өңірдің ауыз әдебиеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі сынды асыл мұраларын түбегейлі зерттеуге бар ғұмырын арнаған тұлғалар мұнда жетіп артылады. Тау тұлғалар бұл мұраларды сусыған құм мен жақпар тастардың арасынан аршып алып, том-том тарих етіп халықтың игілігіне айналдыра білді. Солардың бірі – кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбаев.
Қасиетті мекенге жасаған сапарымыз барысында Әбіш ағамыздың рухымен сырласып қайтқандай болдық.
Әуежайдан бастап Ақтаудағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы облыстық өлкетану музейіне дейінгі аралық жазушының маржан сөздеріне толы. «Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждам», «Адамдар әділ болса, өмір әрқашан әділ», «Өзіміз түзелмей, өзгелер түзелмейді», «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады» деген сынды қанатты сөздерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Оларды оқыған сайын хакім Абайдың «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген сөздері еріксіз ойға оралады…
Әбіш ағамыз – Маңғыстаудағы өлкетанушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Сол себепті былтыр ашылған облыстық өлкетану музейі оның есімін иемденген. Музейдің алдында әдебиетіміздің алыбының еңселі ескерткіші алыстан менмұндалайды. Ұлттық нақышта бой көтерген бұл рухани орталықта әзірге Әбіш ағамызға арналған екі зал жасақталыпты. Онда жазушының жеке өмірінде, қызметінде және шығармашылығында қолданған бұйымдары бар. Музейдің бөлім меңгерушісі Айжанат Іңірбайдың айтуынша, әзірге 300-ге жуық құнды жәдігер көпшіліктің көзайымына айналуда. Музейді аралап жүріп, «Өлсең де қадіріңді біліп, атыңды ұмытпайтын ел-жұртың мен ұрпағың болса, өлімнің несі үрей, несі қиянат…» деген айбоз абыздың сөзі көкірегімізде сайрап тұрды.
«Жолы болар жігіттің желі оңынан тұратыны» рас екен. Біз барған сәтте Ә. Кекілбаевтың «Күй» повесі негізінде дайындаған қойылым болайын деп жатыр екен. Былтыр күзде өткен «Abish alemi» І халықаралық театр фестивалінің шымылдығын ашқан спектакльге қалай бармайсың?!
Жазушының бірнеше шығармасы біріктіріліп, сахналанған қойылым бізді де бейжай қалдырған жоқ.
Қилы замандағы көршілес екі ел арасындағы өшпенділік, дау мен кек, мәңгүртке айналған тұтқындар бейнесі жанды шарламай қоймайды. Режиссер еңбегі, актерлік шеберлік, спектакль декорациясы жоғары деңгейде болды. Қойылым соңында Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры ұжымына ризашылығымызды білдірдік.
«Тарих пен табиғаттың бірге толғанған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі» деп Әбіш ағамыз суреттеп кеткен Маңғыстауға жасаған сапарымыз, бір сөзбен айтқанда, тағылымға толы болды.
Сәкен МҰРАТҰЛЫ,
Орал – Ақтау – Орал