«Батысқазақстандықтардың бірегейлігі жоғары»

Күні , 909 рет оқылды

фото  Рафхата  Халелова (290)


Бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында  облыстық ассамблеяның ХVIII сессиясы өтті. Оған облыс әкімі,  облыстық ассамблеяның төрағасы Нұрлан Ноғаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚР Президенті жанындағы республикалық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Наталья Калашникова қатысты.


Сессияның күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе, Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы  Н. Назарбаевтың ХХІІ сессиясында қойған тапсырмаларынан туындайтын міндеттер туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.

– 24 сәуірде Астанада болған сессияның ерекшелігі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында өткендігі. Осы жиында Елбасы біз бірегей және осы кезге дейін еш жерде қайталанбаған халық бірлігінің моделін қалыптастырып жатқанымызды айтып өтті.

Облысымызда ассамблея жұмысы алғаш басталған кезде, бүгін арамызда жоқ ел азаматы, жазушы, ҚР Парламент Сенатының депутаты болған Энгельс Ғаббасовтың оның басы-қасында жүргенін атап өткім келеді. Ассамблеяның бағыт-бағдарын қалың бұқараның түсінуіне, өңірімізде келісім мен тұрақтылық қағидаттарының қалыптасуына кезінде облыстық ассамблея хатшылығының қызметін белсенді жүргізген, қазір Парламент Мәжілісінің  депутаты  Виктор Киянский, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, еңбек ардагерлері Қуанышбай Төлебаев, Максим Хасанов сынды азаматтар зор үлестерін қосты. Сол кезде облыстық ассамблея 7 ұлттық-мәдени орталық пен олардың 13 белсенді мүшесінен тұрса, қазір ассамблеяның 200-ден астам құрылымында 4 мыңдай азамат жұмыс істеуде. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында үлкен міндеттер қойылып отырғандығын, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызы айрықша екенін түсінуіміз қажет, – деген Нұрлан Асқарұлы бұл бағытта облыс ассамблеясының атқарған  жұмыстарына  тоқталды.

Тек биылдың өзінде облыстағы ЖОО-ларда, 400-ден астам мектепте Ассамблея жылының ашылуына арналған бірегей ашық сабақтар өткізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуы облыс бойынша кеңінен атап өтіліп, оның аясында көптеген шара жүзеге асырылды. Салтанатты түрде 9 республикалық жоба бастау алды. Дәстүрлі «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы Ассамблея жылының ашылуында өз бастауын алып, Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында мәресіне жетті. Барлық аудан мен ауылдық округтеріндегі мега-акциямен 300 мыңнан астам тұрғын қамтылып, олар өзара тиімді кездесулерге, көрме, концерттерге қатысып, өнер көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті. Батысқазақстандықтар «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс» республикалық эстафетасының символы «Тайқазанды» қошеметпен қарсы алып, 80-нен астам игі іспен толықтырып, көршілес Ақтөбе облысына  табыстады. Күні кеше Қарағанды облысының бірқатар аудандары мен ауылдары суға кеткен кезде батысқазақстандықтар да бір кісідей қолұшын берді. «Әрине, біраз шаруаны тыңдырдық, бірақ алда одан да көп міндет тұр, — деді облыс басшысы. — Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасы бізге 7 басты ұстанымды нақты белгілеп берді. Атап айтқанда, біріншісі, жалпықазақстандық мәдениетті дамыту. Мәдениет тек ән  салып, би билеу, спектакль мен кино қою емес. Бұл – ел азаматтарының бойында ұлтымыздың салт-дәстүрі мен азиялық, еуропалық озық мәдениеттер негізінде үлгілі өмір салттарын қалыптастыру. Сол себепті жергілікті атқарушы биліктің, облыстағы ассамблея құрылымдарының өкілдері осы бағытта қабылданған шаралар қаншалықты тиімді деген сұраққа жауап іздеуі керек.

Бұл салаға біз жете мән беріп жатырмыз ба? Қағазбастылықты болдырмау үшін не істеуіміз керек? Міне, осы мәселелердің шешімі іс-қимылдар әрекетінің кешенді жоспары болуы керек. Кешенді жоспарды таяу арада дайындап, іске асыруымыз қажет. Осы іс-шаралардың ойдағыдай жүзеге асуын қадағалауды орынбасарым Бақтияр Мәкенге тапсырамын. Аталмыш іс-шаралар жоспарының тұсаукесерін облыс тұрғындары алдында өткізгеніміз жөн. Бұл Ақ Жайық өңірінің жалпықазақстандық мәдениетті қалыптастырудағы нық қадамы болуы тиіс. Және де ол «ЭКСПО – 2017» көрмесінде батысқазақстандықтардың осынау игілікті іске қосқан үлесі ретінде көрініс тапса,  нұр  үстіне  нұр».

Содан соң әкім қалған ұстанымдарды, яғни жалпы рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде ұлттар бірлігін нығайту, пат-риоттық тәрбие, мемлекеттік тілді дамыту мен үштілділікті енгізу, Ассамблеяның ЕАЭО елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетудегі және қоғамдық бақылаудағы рөлі мен міндеттерін саралап өтті.

Жарыссөз барысында сөз алған облыстық кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пак ЕАЭО аясында батысқазақстандық кәрістер ресейлік кәсіпкерлермен, үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі жұмыстар бастағанын мәлімдеді. Сол істің дәлелі ретінде көрші ел кәсіпкерлерімен Орынбор мен Орал қалаларында бірігіп ашқан «Евразия» сауда үйлерін айтуға болады. «Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы кезінде «Этно-мәдени орталықтар мемлекеттермен арадағы достықтың, ынтымақтастықтың, серіктестіктің халықаралық көпірі болуы керек» деген сөзін толығымен қолдаймын, – деді ол. – Таяуда кәрістер қауымдастығының республикалық форумы өтті. Онда біз Оңтүстік Кореядан келген кәсіпкерлермен ұйғарымға отырдық. Соған сәйкес Орал қаласында бес жұлдызды отель, медициналық орталық, жылыжай кешенін дайындайтын цех ашылмақшы».

Ал Жаңақала аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Зәкәрия Сисенғали қоғамдық ке- лісім кеңестерінің ережесі мен мәртебесін белгілейтін уақыттың жеткенін айтып, соған сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға байланысты толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы ұсынысын жеткізді. ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі Орал филиалының директоры Құспан Мұқатаев мектеп жанында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге арналған орталық құрылғанын мәлімдеді. Осы орталық шеңберінде «Жас жауынгер» клубы және өзге үйірмелер ашылып, жұмыс істеп жатқанына тоқтала келіп, қаламыздың орталық бөлігінде орналасқан Миша Гавриловтың ескерткішін әскери-техникалық мектептің ауласына қою жөнінде ұсыныс білдірді. Себебі 1919 жылы Орал қаласын қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқан Миша атқыш болған. Ал аталмыш мектепте оқитын жастар да атқыш мамандығының қыр-сырын үйренуде. Әскери-техникалық мектеп ұжымы, мектеп курсанттары, әскери-патриоттық тәрбие беру орталығының тәрбиеленушілері ескерткішті қорғап-күтуді өз міндетіне алуға дайын. Сессия  жұмысын қорытындылаған кезде облыс әкімі бұл ұсыныс назарға алынатынын  жеткізді.

– Елбасы жариялаған жалпыұлттық «Мәңгілік ел» идеясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты және бес институционалдық реформа – қазақстандық бірегейлікті нығайтудың, біртұтас ұлтты қалыптастырудың негізі. Батысқазақстандықтардың бүгінгі бірегейлігі жоғары. Оны келесі көрсеткіштер дәлелдеп тұр. Яғни облыста жүргізілген сауалнама нәтижесінде 80,5% респондент өзін қазақстандықпын деп санайды. 99,3%-ы Қазақстанды өзінің Отаны санайды. Респонденттерінің 89,3%-ы өзімен бірге өмір сүріп жатқан этностарға толерантты көзқараста. 80,2% респондент Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қолдайды. 72,2%-ы этносаралық жағдайды тыныш әрі жайлы деп бағалайды. Бұл – жақсы көрсеткіш, дамудың, тұрақтылықтың кепілі.

Жаңа Зәкәрия Жүсіпқалиұлы қоғамдық келісім кеңестері қызметтерін заң жүзінде айқындау жөнінде орынды мәселе көтерді. Бұл мәселе қазір талқылану үстінде. Көп кешікпей оң шешімін табады деп ойлаймын. Екпін түсіріп айта кетейін дегенім, осы қоғамдық келісім кеңестерін құру жөнінде Батыс Қазақстан облысының ассамблеясы ұсыныс жасаған еді. Ол ұсыныс Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, бүгінде 1470 кеңес елімізде қызмет етуде. Соның 163-і Ақ Жайық өңірінің ауыл-аймақтарында, 22-сі ірі кәсіпорындарда құрылды. Талдау көрсетіп отырғандай, экономикалық, саяси, әлеуметтік және өзге де мәселелер осы кеңестердің назарына алып, сәтті шешілуде. Бұл – өзгелерге  үлгі боларлық іс. Осындай жүйелі жұмысты ұйымдастырғаныңыз үшін, Нұрлан Асқарұлы, сізге, сіз арқылы осы бағытта іс тындырып жүрген жандарға өз алғысымды білдіремін, – деді өз сөзінде Ералы  Тоғжанов.

Сессияның күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс ассамблеясының және кеңесінің құрамдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Үшінші мәселе аясында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға және Қазақстан халқы бірлігін қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін бір топ жерлестеріміз «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медальдарымен,  алғысхаттармен марапатталды.

Шара соңы теректілік өнерпаздардың концертіне ұласты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»



Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика