17.03.2020, 16:43
Қараулар: 377
Мақсат – заң үстемдігін нығайту

Мақсат – заң үстемдігін нығайту

Қазақстан  Республикасының  Тұңғыш  Президенті  Н. Назарбаев  «100  нақты  қадам»  –  Ұлт  жоспарында  заң  үстемдігін  қамтамасыз  ету  үшін  19  қадамды  нақты бағыт,  негіз  етіп  белгілеген  болатын.

Дау-жанжал мен қылмысқа тосқауыл қойып, жаза басқан азаматтың түзелуіне шара қолдану – сот жүйесінің негізгі ұстанымы. Ұлт жоспарының екінші бөлігі тұтастай заң үстемдігін қамтамасыз ету тетіктеріне арналған. Оның ішінде 11 қадамды орындау сот билігіне жүктелген. Қарап тұрсақ, қазір 16-қадамда белгіленгендей, сот сатылары оңтайландырылып, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін  арттыруға  мүмкіндік  туды.

Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті отандық сот жүйесінің алдына іске асыруды меже етіп қойған бұл реформалар сот төрелігінің бұдан да ашық, айқын әрі халық үшін қолжетімді болуына ықпал етпек. Осының барлығы халықтың соттарға деген сенімін арттыруға бағытталған стратегиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. ҚР Жоғарғы сотының «Сот жүйесінің жеті түйіні» бағдарламасының жеті басым бағыты бар. «Фронт-офис», «Үлгілі сот», «Түнгі сот», «Татуластырушы-судья», «Отбасылық сот», «Соттан тыс татуласу» жобалары сәтті іске асуда. Бұлар сот жүйесін жақсарту жөніндегі ұсыныс-тілектердің жиынтығынан туындаған шаралар екенін  айта  кеткен  жөн.

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына жету жолындағы 10 міндетті айқындап берді. «Жемқорлықпен күрес және заң үстемдігі» деген 9-міндетінде «Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның, әсіресе, қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді» деген.  Сот қызметі де құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған, ол реттеушілік емес, қорғаушылық қызмет атқарады.

Сот билігі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, конституциялық құрылысты, саяси және экономикалық жүйені, азаматтардың, мемлекеттің және қоғамдық ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Сот билігінің күші – заңның мүлтіксіз орындалуында, құқыққа деген зор құрметте, қоғамның жоғары саяси және құқықтық мәдениетінде.

Қоғам қажеттілігіне сай өзгерістер мен толықтыруларды қажет еткен заңның бір парасына былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойғаны мәлім. Биыл осы заңдар қолданысқа енгізіліп, алғашқы істер сот тәжірибесінде сарапқа салынды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жыныстық зорлық-зомбылық, браконьерлік, мал ұрлығы, есірткі тарату, қорықшылық қызметі және өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторлардың өміріне қол сұғу, мас күйінде көлік жүргізу, сондай-ақ басқа да бірқатар қауіпті құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуді іске асыруға бағытталып отыр.

Сайып келгенде, заң үстемдігін қамтамасыз ету шеңберінде  әзірленген іс-шаралар нәтижесінде сот жүйесі қызметі сапасының артуы – халықтың да сотқа деген сенімінің жоғарылауының бір көрінісі болып келеді.

 

Ибрагим  НИЯЗҒАЛИЕВ,

Теректі  ауданының
№2  сот  төрағасы

 

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.