17.03.2020, 16:41
Қараулар: 278
Жаны жайсаң  замандас

Жаны жайсаң  замандас

Танитын  адамдардың  бәрі  жүрегі  жомарт,  жаны  жайсаң, байыпты  да  байсалды  азамат  ретінде  бағалайтын  жанның бірі – Бауыржан  Раянов.  Бұл  замандасымыз осы наурыз айында  70-ке толды.

Бауыржан Раянұлы 1950 жылы Жымпиты ауданының Алғабас ауылында өмір есігін ашқан. Туған ауылындағы сегізжылдық мектепті бітірген соң, білімін аудан орталығындағы Жымпиты мектебінде жалғастырады. Мектепті тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы №7 кәсіптік техникалық училищеде киномеханик және сылақшы мамандығына оқып, еңбекке араласады. Ол Кеңес әскерінің қатарында борышын өтеп келген соң, Орал қаласындағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институтының тарих және қоғамтану факультетіне  оқуға  түседі.

Студент кезінде комсомол, кәсіподақ жұмыстарының бел ортасында жүреді. Соның бір дәлелі, 1974 жылы әр факультеттің өнерлі жастарының басын қосып, «Ақжайық» эстрадалық ансамблін ұйымдастырады. Оның құрамында Донеділ Қажымов, Марат Мұқанбетқалиев, Төлеген Ешмұқанов, Сырым Аманғалиев, Зияш Аманғалиева және басқа да өнерпаздар болды. Сол жылдары гастрольдік сапармен келген әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев ансамбльдің өнеріне оң бағасын берді. «Ақжайық» ансамблінің алғашқы құрамындағы қыз-жігіттер бертін келе өмірде де, өнерде де біраз биіктерді бағындырды. Бауыржан Раянов бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауында лауреат атанады. Бауыржан сол жылдары ұлтжандылығымен көзге түсті. Педагогикалық институттың ауласында Лениннің ескерткіші және Пушкин мен Абайдың бюсті болған еді. Нақты себебі белгісіз, сол жерден Абайдың мүсінін алып тастау жөнінде шешім шығады. Кейіпкеріміз зиялы студенттерді жинап, біраз уақытқа дейін ескерткішті алдыруға қарсы шығады. Ал бұл сол кездегі саясаттың алдында үлкен ерлік болатын. Бауыржанның студент жастар арасында беделі зор болғанын өзімен қатарлас басқа факультетте оқыған, өзге облыстан келген жастардың өзі күні бүгінге дейін естеріне алып айтып отырады. Институт қабырғасында жүріп, комсомол, кәсіподақ жұмыстарына белсене араласып, қалалық, облыстық конференцияларға талай рет делегат болуы – іскер жастың еңбегінің жемісі.

Оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң, туған жері Жымпиты ауданы, Жосалы орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып орналасады. Ауылда «Жас дәурен», «Назқоңыр» атты жастар ансамбльдерін ұйымдастырады. Сол кезде олардың  Орал, Алматы қалаларында концерт беруі үлкен жетістік болатын. Аталмыш ансамбльдерден қанаттанған Жаскелең Ғайсағалиев, Хамит Шанғалиев, Мирас Бақтығұлов, Айнара Айтқалиева, Райгүл Қондырауова және басқа да жастар республикалық «Жас қанат», «Шабыт»  фестивальдеріне қатысып, жүлделі орын алып жүрді. Әрине, бұл Бауыржанның үлкен шығармашылық еңбегінің нәтижесі болатын. Сол мектептен түлеп ұшқан елуге жуық түлектің ЖОО-лардың тарих, заң факультеттерін тәмамдап, еңбек етіп жүргені де Бауыржан үшін үлкен мәртебе. Ұлағатты ұстаз, өнер иесі Бауыржанның білім мен мәдениет саласындағы еңбегі әр кез бағаланып, алғысхаттарға ие болды. «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталып, Қазақстан авторлар қоғамына мүше болды. 1984-1986 жылдары Бауыржан Раянұлы Қособа мектебінің директоры ретінде де өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен көріне білді. 1986-1997 жылдары Жосалы мектебінің директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  қызметін абыройлы  атқарды. Ол 1997-2000 жылдары Жосалы ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қиын кезеңде халықпен қоян-қолтық еңбек етті.

Бауыржан жары Ханжан Бөкеева екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Баукең – немере сүйіп отырған ата. Ұлы Әзілхан мұнай-газ саласында еңбек етсе, қызы Саманта мемлекеттік қызметте. Кіші қызы Гауһар «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түскен. Өкініштісі сол, жары, білікті дәрігер болған Ханжан Ильясқызы 2015 жылы өмірден озды.

Ол әлі де қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып жүр. Қазір Орал қалалық «Ардагерлер клубы» жанындағы халықтық «Ағалар әуені» ансамблінің   мүшесі.

 

Марат  Төрәлиев

халықтық  «Ағалар  әуені» ансамблінің  мүшесі

Орал  қаласы