17.03.2020, 16:39
Қараулар: 72
Дина  ҒАЛИМЕТДЕНОВА:«Адам  өзінің  білімі  мен  күшіне  сенуі  керек»

Дина  ҒАЛИМЕТДЕНОВА:«Адам  өзінің  білімі  мен  күшіне  сенуі  керек»

Ерлермен бірге иық тірестіре еңбек етіп жүрген  нәзік  жанның  бірі – Дина Ғалиметденова. Ол жайдары қалпымен айналасына жылылық сыйлайды.  әр үйдің электр жарығымен қамтамасыз етілуіне де мүдделі. Өйткені ол – облыс халқын энергиямен жабдықтап отырған  «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ның бас директоры.

 

Орал қаласында  қарапайым отбасында өскен Дина Ер­­сейітқызының әкесі ин­же­нер, ал анасы фельдшер болып еңбек етті. Отба­сын­дағы үш қыздың ортаншысы сол кезде қаладағы мықты мектептердің бірі болған №35 мектеп-лицейді 1997 жылы үздік біті­реді. Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының құқықтану факультетіне түскен Дина Ерсейітқызы үздік оқып, «Конденсат» АҚ-ның шәкіртақысын иеленеді. Ал екінші курста сол компанияда тәжіри­беден өткен студент алғашқы еңбек жо­лы­на қадам басады. Білікті мамандардың қа­сында теорияны практикамен ұштастыр­ған ол үшінші курста-ақ компанияға жұ­мысқа қабылданады. Танымал ірі компа­ния­ның жұмысы жан-жақты білімді қажет еткендіктен, академияның қаржы және не­сие факультетінде сырттай білім алады. Әр жылдары «Конденсат» АҚ-да бас заң кеңесшісі, осы кәсіпорынның кадр және әлеуметтік мәселелер департамен­тінің, кейін директорлар кеңесі аппара­ты­ның басшысы болып еңбек етеді. Жауап­ты да ауқымды жұмыс барысында техни­калық, құқықтық және кадрлық, эконо­ми­калықмәселелерді үйлестіріп, өмірлік тә­жірибе жинайды.

– 2016 жылы маған «Батыс Энергоре­сур­сы» ЖШС-ын басқаруға ұсыныс түсті. Бас­шылық қызметтің жауапкершілігі көкей­ге қорқы­ныш ұялатып, ұжымның қалай қабылдай­тыны қобалжытқанымен, осы кезге дейінгі тәжірибеме сендім. Ұжым­ның ауызбірші­лігі мықты. Бір айта кететін жайт, біздің қыз­меткерлер спортқа бейім, об­лыстағы қо­ғамдық шараларға белсенді қатысады. Әлеуметтік жобалармен де ай­налысады. Ұжымымыз «жас», яғни қызмет­керлердің сексен пайызы 40 жасқа дейінгілер. Бізде достық қарым-қатынас, корпоративті мә­дениет қалыптасқан, – дейді Дина Ерсейіт­қызы.

Бүгінде интернационал отбасында Арина және Тимур есімді ұл-қыз тәрбие­ленуде. Отбасы мүшелері де спортқа ден қойған десе болады. Жұбайы Игорь Никольченко – волейболдан ұлттық құраманың бапкері. Ал он екі жастағы Арина анасы секілді бадминтонмен және волейболмен айналысып жүр.

Бір шаңырақтың ұйытқысы болып отыр­ған Дина Ерсейітқызы негізінен ер адам­дарға тән кәсіп болып саналатын энергетика саласын ұршықша үйіріп жүр. Жа­­уапты қызметімен қоса, ол облыстағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Іскер әйелдер кеңесінің» мү­шесі. «Қазірбизнес ашып, мекеме де бас­қарып, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып жүрген нәзікжандылар көп. Мысалы, құрылыс саласында Валентина Михно, таза су өндіретін компанияға же­текшілік ететін Лилия Хайруллина, «Конденсат» АҚ-ны басқаратын Нурия Муф­теева секілді басқа да мықты белсенді әйел­дер бар. Елімізде нәзік жандыларға отбасы-ошақ қасында отыра бермей, жаңа бастамаларды қолға алуына берілетін мүмкіндік зор», – дейді кейіпкеріміз.

Дина Ерсейітқызы – 2016 жылдан бері облыстық мәслихаттың депутаты. Оған де­йін Орал қалалық мәслихат депутаты бо­лып сайланып, қоғамдық жұмыстар бары­сында тәжірибе жинақтаған. Өткен жылы қазан айында депутаттың қарамағын­дағы №29 Әбілқайыр хан сайлау округіндегі№39 мектептің айналасын жарықтандыру мәселесі оң шешімін тапты. Ал бұл мәсе­лені ата-аналар мен мұғалімдер көп жылдан бері айтып келе жатқан болатын.

– Бүгінде Оралдағы көшелерді жарық­тандыру, абаттандыру өзекті мәселелердің бірі саналады. Аталған №39 мектептіңалдына бағдаршам қою да күн тәртібінде тұр. Ол жердегі жаяу жүргінші жолы жарық болғанымен, көлік өте көп жүреді. Сондық­танқауіп әлісейілген жоқ. Осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдадым. Құзырлы мекеме таяуда бұл мәселенің ше­шілетінін айтып отыр. Сондай-ақ №39 мектептің ауласын абаттандыру да өзекті.Осы округтен депутат болып сайланған жылы мектепті күрделі жөндеуге мүмкіндік алған едік.  Бірақ ол қаражатқа мектеп айналасын абаттандыру жұмысы кірген жоқ. Жалпы, бұл мектептің маңында ойнайтын балалар көп. Алайда сол айналадағы №4 және 16 мектептер ауласында лайықты спорт алаңы жоқ. Ең болмаса, №39 мек­тептің ауласында спорт алаңы болса, ба­лалардың уақытын тиімді өткізуге мүм­кіндігі болар еді. Мен мұндай алаңдар са­лудың маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені балалардың физикалық күш-қуатын дер кезінде дұрыс пайдалануға мүмкіндік беру керек. Олар спортқа деген қызығушылы­ғын жоғалтпағаны жөн. Сондықтан депутаттар да, қала басшылығы да балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау жа­ғын назардан тыс қалдырмайды. «Батыс Энергоресурсы» ЖШС «Конденсат» компаниялар тобының әлеуметтік серіктесі ре­тінде спортты дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Менің қамқорлығымдағы №39, №23 және №16 мектептерде бадминтон секциясын дамытып келеміз. «Мен елімді сүйемін» деген жалаң сөзді айта берген­ше, тиянақты іс атқарып, патриоттық нақ­ты іс-әркетпен көрінуі керек, – дейді Дина Ерсейітқызы.

Білдей мекеменің басшысы Дина Ер­се­йітқызы «Nur Otan» партиясының белді мүшесі болып табылады. Елімізде үрдіс алған цифрлан­дыру, қағазбастылықтан құтылу, жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жүргізу секілді жұ­мыстар үнемі депутат­тардың назарында.

– Қоғамда күнделікті көріп жүрген әрі негізгі мәселенің бірі жұмысқа орналасу­дағы қиындық екенін айту керек.  Өйткені жоғары оқу орнын бітіріп, мамандығы бо­йынша жұмысқа тұра алмай жүрген жас­тар бар. Менің ойымша, Білім және ғылым министрлігі нарықты жете зерттемейді. Өйткені қажетті маман­ға тапсырыс беруші кім? Бизнес өкілдері. Бос жұмыс орындары да бизнеске тие­сілі. Нарықта қай мамандықтың қажет еке­нін білетіндер де – бизнес өкілдері. Сондық­тан да министрлік елімізде қандай маман­дықтың тапшы екенін біліп қана қоймай, алдағы бес жылға болжам жасауы керек деп ойлаймын. Қазір жастар қандай маман­дықтар сұранысқа ие екенінен хабарсыз. Заңгерлер мен бухгалтерлер, экономистер тым көп. Оқу орындарын бітірген жастар өндіріс орнына «шикі» болып келеді. Дип­ломға сай маман болып қалыптасуы үшін кадрды тағы бір жыл ширату қажет. Әр мекеме кадрларды өз қаражаты есебінен қайтадан оқытып, үйретеді. Министрлік бизнес саласымен тығыз байланыста болып, жо­ғары оқу орындары заман талабына сай қажетті мамандар дайындауға бейімделуі керек, – дейді Дина Ерсейітқызы.

Біздің кейіпкеріміз мектептерде кәсіп­тік бағдар берілмейтінін де сынға алады. Сондықтан да ел деңгейінде айтылып жүр­ген мәселені шешуге жергілікті жердегі­лердің де үн қосуын маңызды санайды. Депутаттың қамқорлығындағы мектептер­де екі жылдан бері кәсіптік бағдар беру жұмысы жүргізіліп келеді екен. Бұл жө­нін­де депутат: «Қырық шақты оқушының арасынан біреуі болса да энергетика маманы атанып, жұмысқа орналасса, соның өзі үлкен жетістік болар еді», –  дейді.

Энергетика саласында да атқаратын іс көп. Бар мәселе тарифке тірелетіндіктен, кәсіпорында қиын жағдайлар болып тұ­рады. Дина Ерсейітқызының сөзінше, кә­сіпорын экономикалық тұрғыда табысқа қарық болып отырған жоқ. Сондықтан да энергетик­тердің алдындашығынды жабу бағытын­да жұмыстану міндеті тұр. Ал бұл – облыс тіпті республика көлемінде «бас ауыр­тып» шешілетін үлкен мәселе. Алайда «Ба­тыс Энергоресурсы» ЖШС бір орында тұр­ған жоқ. Кәсіпорын желтоқсан айында коммуналдық төлем жасайтын бірыңғай төлем құжатын жасап шығарды. Алдағы уақытта тұтынушыға сапалы да ыңғайлы болатын бірыңғай есеп айырысу орталы­ғын ашуды жоспарлап отыр.

– Биыл қызмет етіп, еңбек жолында шыңдалғаныма 20 жыл толады. Осы жылдар ішінде талай қиындықты да, қуаныш­ты да көрдім. Алайда мектептегі ұстаз­дар­дан бастап, оқу орнындағы оқытушы­лар­дың, жұмыстағы тәлімгерлердің менің қыз­мет сатысында білікті маман ретінде қа­лыптасуыма қосқан үлесін үнемі есіме алып отырамын. Бүгінде ерлерге тән жұ­мысты әйелдер де атқара алады. Адам өзі­нің білімі мен күшіне сенуі керек. Ұжым­да­ғы жас мамандарға ерінбей, қоғамдық өмірге атсалысу қажеттігін айтып отырамын. Бұл олардың одан әрі шыңдалып, кә­сіби маман ретінде қалыптасуына себеп болады. Ең бастысы, алаңсыз жұмыс істеп, отбасының шаттығына бөлену үшін еліміз­дің тыныш болғаны абзал. Сондықтан хал­қымыздың амандығын, аспанымыздың ашық­тығын тілеймін. Қолда барға қанағат етіп, қадірін білген жөн. Қазіргі жиырма бі­рінші ғасырда адамның дамуы, ісін жүзеге асыруы үшін барлық мүмкіндік бар. Әйел­дердің бәрі басшы болуы шарт емес. Әйтсе де, кәсіп ашып, өзі қалаған, жанына жақын қызметті қолға алуына жол ашық, – дейді Дина Ерсейітқызы.

Ясипа Рабаева

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар