17.03.2020, 16:38
Қараулар: 104
Кемелдену мен дамуды мақсат еткен ғұлама

Кемелдену мен дамуды мақсат еткен ғұлама

Биыл 1150 жылдығын атап өткелі жатқан Ұлы дала баласы Әбу Нәсір Мұхаммад бин Мұхаммад бин Тархан бин Узлах әл-Фараби ат Турки 670 жылы Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы Отырар (Фараб) қаласында әскербасының отбасында дүниеге келген. Білімін алғашында Отырар медресесінде, одан кейін Шаш, Самарқанд, Бұхарада жалғастыра отырып, жолай Иранның Мешһед, Нишапур, Рем (Тегеран), Исфахан қалаларына келіп, одан әрі қарай Бағдадқа аттанады. Бұл қала араб тілді мәдениеттің, жаратылыстану және қоғамдық-фәлсафалық ғылымның және атағы әлемге жайылған белгілі ғалымдардың мекені болатын. Әл-Фараби осы қалада медицина ғылымы мен логиканы Йуханна бин Хайланнан, жаратылыстану мен грек тілін Әбу Башр Маттадан, астрономияны Әбу Бәкір бин Сираждан үйренді. Арасында бірер жыл білімін толықтыру үшін Ирактың оңтүстігіндегі Харран шаһарына бірер жыл барғаны болмаса, ол өмірінің 20 жылдай мерзімін осы Бағдадта өткізді. Әл-Фараби Бағдадқа келген кезде 50 жаста еді. Жиһанкездікті жақсы көретін әл-Фараби Бағдадтан кейін Шам мен Мысырға да сапар шегеді. Бірақ дереккөздерде оның бұл қалаларда қанша уақыт болғаны тиянақты айтылмаған.

Ғұлама ғалым әл-Фараби көп тілді үйреніп, меңгергеніне ешқандай күмән жоқ. Парсы, грек, сирия, түркі тілдерін зерттей жүріп, араб тілін үйренуге ерекше ден қояды.

Әл-Фараби өмір рақатына қызығып, мақсат қумаған. Кішіпейіл, барға қанағат қылатын, қарапайым киініп, ұлғайған шағында оқшаулық өмір кешкен. Ол интеллектуалды еркіндік пен ақиқатқа құштарлық арманымен қарапайым ғұмыр кешкен. Той думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстаған. Күндіз бұлақ жағасында немесе бақтың саясында отырып, жұмыстарын жазатын. (Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. б.612.; Ә.Дербісалиев Қазақ даласының жұлдыздары. б.14) Бойы ортадан төмен түркі киім киген.

Тарихта Аристотельден кейінгі Ұстаз деген жоғарғы атаққа ие болған әл-Фараби түрлі ғылымдар қосындысын мынандай топтарға бөлген: тіл туралы білім және оның бөлімдері; логика және оның бөлімдері; математикалық ғылымдар; физика мен метафизика және оның бөлімдері; құқық және дін (Қазақ халқының философиялық мұрасы. Әл-Фараби философиясы. б.167). Ол – өзінің энциклопедиялық білімінің арқасында саяси, философиялық, әлеуметтік, этикалық, эстетикалық мәселелермен қатар, жаратылыстану мен математика саласындағы көптеген ауқымды ғылыми мәселелердің түйінін шешкен ғұлама ғалым. Әл-Фараби шығармашылығы дәуірінде ғылымның көптеген салалары халифтер астанасы Бағдатта шоғырланған еді. Бұл жағдай орта ғасыр дәуірінде исламдық ғылым өз дамуындағы биік шыңға көтерілгенін көрсетеді. Сондықтан да әл-Фарабидің энциклопедиялық мұрасы осы кезеңді билеген ғылыми ізденіс пен ақыл ұмтылысының жалпы қалпын бойына сіңірген деп айта аламыз.

Фарабидің қоғамдық философиялық идеяларының мәні туралы айтқанда, олардың құрылымында шешімді ықпал жасаған негізгі төрт бастауды айту қажет. Олар: 1) Ежелгі Шығыс – Орта Азия, Үндістан, Иран мен Таяу Шығыстың дәстүрлер мәдениеті; 2) феодал мен халифатқа қарсы көтерілістер мен олардың идеологиясы; 3) сол заманғы жаратылыста-ну ойының жетістіктері; 4) ежелгі грек философиясы (Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. – б.607). Қазақстан мен Орта Азия халықтары ата-бабалары ерте заманнан мәдениеттерінің дәстүрлері мен тұрмыс ұқсастығына байланысты өзіндік бірегей мәдени аймаққа жатады. Көшпенділік пен отырықшылықты қатар алып жүрді. Қалалар арасында экономикалық және мәдени қатынасы болды. Оған үлкен себепші болған Батыс пен Шығысты қосқан «Ұлы Жібек жолы» еді. Ол негізінен Мерв, Самарқанд, Бухара, Шаш, Тараз, Исфиджап, Құлан, Меркі, Отырар арқылы өтті. Сәулет өнері мен қолөнерде ортақ канондар қалыптасқанымен, әр ауданның өзіндік ерекшелігі де болды. Дала мен отырықшы халықтың егістік пен мал шаруашылықтарының тоғысуында тұрған Отырар өзінің мәдени ортасынан әл-Фараби сияқты алып тұлғаны ұсынуы тегін емес.

Ортағасырлық Шығыстың қайта өркендеу дәуірі мәдени дамуының негізгі себептерін атап кеткен жөн. Оларсол дәуірде мәдени өмірдің біртұтас бөлігі мен сауаттылықтың міндетті белгісіне айналған зайырлы білімге ұмтылыс; өткен мәдениет жетістіктерін кеңінен қолдану, әсіресе, үнді, грек және т. б. Бұл құбылысты ескіге оралу емес, керісінше, ұмыт қалған мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту мен оларды болашақ үшін пайдалану; табиғатқа үңілу, оның байлықтарын зерттеу, құпияларын ашу және оны пайдалануға талпыну. Жаратылыстану дамуы – осының жемісті нәтижесі;жаратылыстану дамуымен тығыз байланысты рационализм, ақылға сүйену, оны ақиқат өлшеміне айналдыру, ғалымдық пен білімділік ұғымына кірген логиканың дамуы. Ертедегі көптеген логикалық шығармалардың аудармасы осы заманда орындалды; догматикаға немқұрайлық, оған ақылды қарсы қою, ортодоксалды діннен біршама ауытқушылық, еркін ойлаудың дамуы;адамның танымдық және адамгершілік қасиеттерінің мақтауынан туындайтын гуманизм, адамға табиғат жаратылысының ең жоғарғы болмысы ретінде қарау; жазба және ауыз әдебиеті сөзіне махаббат, көркем әдебиет шығарма жазушыларына ғана емес, зиялы қауымға да тән болған филологияға деген қызығушылық. Риторика – көркем сөз бен өлең шығару өнері, білімді адамның көрінісі. Ғылыми трактаттарды өлең пішінінде жазу дегеніміз кәдуілгі жағдай саналған. Тіпті жаратылыстану зерттеушілері де филология, поэтика және риторика мәселелерімен жиі айналысқан. Бируни мен Ибн Сина да бұл мәселелерге қатысты трактаттар жазған; әмбебаптылық, энциклопедиялық пен бірнеше білімді білу – қаралып жатқан дәуірдің ерекшелігіне жатады. Көп ғалымдардың бір мезетте бірнеше сала бойынша жемісті жұмыс жасаулары осының көрінісі. Джахиз – атақты ақын әрі ойшыл, философия, медицина, тарих, поэтика, геометрия және т. б. ғылымдардан трактаттар жазды. Әр-Рази химик, дәрігер, фармаколог әрі философ болған. Ибн-Сина – дәрігер, математик, астроном, философ, психолог, ботаник және минералтанушы. Табиғатты әр қырынан зерттеуге мүмкіндік берген де осы әмбебаптылық (Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. – б.608-609).

Әл-Фараби ғылыми білімдер жүйесінің қорытынды бөлігінде азаматтық ғылым, құқықтану жә-не дін мәселесін әңгімелейді. Оның азаматтық ғылымға қосқан үлесін көрсету үшін әл-Фарабидің «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жайында», «Мемлекеттік қайраткердің афоризмдері» трактаттары орта ғасырдағы гуманитарлық білімдер туралы толық түсінік береді және адамды тәрбиелеу мен мемлекеттік өмірді құрудың қолданбалы мәселелеріне тікелей қатысты.

Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болуы керек деп есептейді. Өйткені жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады.

Ғұлама ғалым әл-Фараби – әрі ұстаз, ағартушы. Оның бүкіл философиялық ізденістері мен пайымдары адамды барынша кемелдендіру, дамыту мақсатына бағытталған. Ол шартты түрде адамды нағыз бақытқа, мұратқа бастайтын негізгі құрал ретінде мінез-құлық, адамгершілік және ақыл-ой, интеллектуалды тәрбие мәселелеріне зор мән береді. Ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы ретінде құрметтеу қажеттігін көрсетеді. Өзінің ғылыми тұжырымдарында ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптейді. Ол былай дейді: «Өмірдегі заттар табиғи түрде болатын заттар және адамның еркімен жасалатын заттар болып бөлінеді, соңғылары теориялық ғылымдар арқылы емес, кәдімгі ұғымдар арқылы танылады. Сондықтан бұлар басқа қабілет пен болмыс мәнін қажет етпейді… Болмыстың мәні мен қабілеті дегеніміз – ойлау қабілеті; ойлау қабілетінің объектісі болып табылатын заттар олардың тек түпкі мақсатқа жетуге және осы міндетті орындауға септігін тигізетін заттарды зерттеуде… Ізгі мақсатқа қажет және ізгі мақсаттағы ең пайдалы нәрсе – сол мақсаттағы ең әдемі нәрсе. Мұндай ойшылдық, ізгілік ойшылдық азаматтық ізгілік болып табылады… Егер көзделетін мақсат жалған игілік болса, онда бұл мақсатқа жету үшін керекті заттардың да жалған болғаны… Ойшылдық ізгілік дегеніміз – әлденедей бір ізгі мақсатта барынша көп пайда келтіретін нәрсені анықтауға жұмсалатын ізгілік. Жамандықты көздейтін мақсатқа жетуде барынша көп пайда келтіретін нәрсені анықтау үшін жұмсалатын ойлау қабілеті ойшылдық ізгілік бола алмайды, сондықтан оны басқаша атаған жөн. Егер де ойлау қабілеті жалған игілік жолына барынша көп пайда келтіретін нәрсені анықтау үшін жұмсалатын болса, онда бұл қабілет ойдағы жалған ізгілік болғаны (Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. – б.445).

Ғұламаның ғылыми-философиялық еңбектерін байыптап қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығын көреміз. Ол – шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты.

Әл-Фараби ұлттық тәлім-тәрбие мен білімді қатар беру арқылы халықты кемелдендірудің мақсаттарын анықтап берсе, орындау жолдарын да көрсетіп берді. Ұлттық білім беру ісі мен ұлттық тәрбие ісін біріктіре қарауды әл-Фараби жалпы адамзаттың ісі деп қарады. Әлемнің екінші ұстазы аталған әл-Фараби – тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы болатынын қатты ескертті.

Әл-Фараби тәлім мен тәрбиенің орнын ашып көрсетеді. Ол тәлім дегеніміз – халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз. Тәлім тек сөзбен іске асырылады, ал тәрбиелеу кезінде халықтар мен қалалықтарға білімге негізделген қасиеттерден тұратын іс-әрекеттер жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай әрекеттерге жігерлендіріледі, осы әрекетті жасау тілегі қоздырылады. Сөйтіп, осы қасиеттер мен бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді.

Әл-Фараби тәрбиені неғұрлым ерте бастағанды ұтымды санайды, қатаң (зорлау) және жұмсақ (иландыру) әдістерді қатар пай-далануды ұсынады. Иландыру әдісін пайдаланғанда керек жерінде адамның жан-жүйесін баурап алып, бағындыратын нақыл-сөздерді, ал бұған қарама-қарсы жағдайда адамның жан дүниесін нығайтып, қатайтып, қайраттандыратын нақыл сөздерді пайдалануды ұсынады. Білім алушылардың игеру мүмкіндіктеріне қарай топ-топқа бөлуді көрсетеді. «Егер олар бәрін меңгеретін болса, төрт [түрлі] білім алады: біріншісі – теориялық ізгілік, осының арқасындағы өмірдегі заттар анық дәлелдемелер арқылы ақылмен пайымдалады; бұдан кейінгісі – иландыру арқылы қол жететін нәрсенің мәнін ақылмен пайымдау; онан соң – осы ақылмен пайымдалатын мәндердің бейнелерін арқау еткен, иландыру арқылы расталған білім; бұдан кейін – осы аталған үш [білім түрінен] белгілі бір халықтардың арасында тараған білім, солай болғасын халықтардың санына қарай бөлінген осы білімдердің әрқайсысы бір-бірін қамтып, соның арқасында халық кемелденіп, бақытқа жетеді (Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. – б.453).

Әл-Фарабидің педагогикалық теориясында оқыту мен тәрбие өзара бірлікте, тығыз байланыста қарастырылғанымен, педагогикалық құрал ретінде ерекше, әрқайсысының дербес жақтары да ажыратылады. Ол адамның шынайы бақытқа жетіп толысуы, парасаттануы үшін пайда берерлік (рационал) барша ғылымды игеруге ерекше мән береді. Оның «бақыттың мәні – парасаттылықта» екендігі туралы қағидасы осыны білдіреді. Әл-Фарабидің мұны айтып қана қоймай, сол кездегі бүкіл ғылымдарды меңгерудің жоспарын, бағдарламасын, оқулықтарын жасап шыққан ұстаз, ғұлама екені белгілі болып отыр.

Жастарды тәрбиелеу жүйесінде әл-Фараби бірінші орынға адамгершілік, моральдық тәрбиені қояды. Кең мағынада алып қарағанда, олар бұл тәрбиенің ауқымына имандылық, еңбек, эстетика, дене және т. б. тәрбие түрлерін енгізіп, тұтас қараған сияқты. Әл-Фарабидің ілімі бойынша, мінез-құлықтың жақсысы да, жаманы да туа бітпейді, жүре бітеді. Оларға әсер етуші шешуші факторлар, себепші әрекеттер ортаның әсеріне, сіңген әдетке, дағдыға тіреледі. Ол былай дейді: «Біз мінез-құлық сапаларының абзалы да, оңбағаны да жүре келе пайда болады дейміз. Адамда қалыптасқан мінез-құлық болмаса, қарама-қарсы мінез-құлыққа өз еркімен көшіп кетуі мүмкін.

Адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына немесе жақын жұғысудың арқасында бір мінез-құлықтан басқа бір мінез-құлыққа ауысуына себепші болатын нәрсе – әдет, ал әдет деп мен белгілі бір әрекеттің жиі-жиі және ұзақ уақыт қамтылуын айтамын. Мінез-құлықтың қалыптасу жолдары өнер үйрену жолдары сияқты…» (Көбесов А. Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда. б. 12).

Білім алушыларға білім беруші ұстаздардың рөлі мен орны ерекше. Білім саласындағы басты фигура – ұстаз. Олардың кәсіби шеберлігіне қатысты білім беру анықталады: біріншіден, ол ұстаздардың жоғары дәрежедегі идеялары мен ділдің иесі ретінде қалыптасуына негізделген идеяның дүниетанымдық дамуына байланысты. Екіншіден, оқытушының өзінің пәнін теориялық тұрғыдан терең, тиянақты біліп, іс-тәжірибесін қолдануларының болашағын жан-жақты білуі міндетті. Үшіншіден, педагог пәнді оқыту әдісін талаптар тұрғысынан білуі арқылы стандартқа лайықты білім бере алады.

Әл-Фараби өзінің ұстазы Аристотель арқылы ұстаздарға сипаттама береді. «Ұстаздың мінез-құлық нормасы мынандай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеу керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет, өйткені бұлар – жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді. Сондай-ақ ол өзінің сабақтарын бір ғана ғылымның шеңберінен асырмағаны дұрыс, өйткені түрлі пәндермен сабақты ауырлата беру тәртіп-сіздікке және белгілі бір жүйеден айырылып қалуға апарып соқтырады. Осының бәрі шәкірт өмірін ұзартады, өйткені тәнді емдеу, Гиппократтың сөзімен айтқанда, өмірді ұзартатын болса, жанды емдеу онан да жақсы нәтижеге жеткізуге тиіс» (Қазақ халқының философиялық мұрасы. Әл-Фараби философиясы. б.59).

«Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғары бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек.

Әр түрлі индивидтердің түрліше қасиеттерінің айтылғанынан мынандай айқын қорытынды шығады: білуі тиіс болған (нәрселер) мен бақытты кез келген адам біле бермейді. Бұл нәрсе кез келген адамға бітетін қасиет емес. Ол үшін (екінің бірінде) ақылгөй ұстаз керек» (Сонда, б.306). Қысқасы, әл-Фараби шәкірттің моральдық-психологиялық пәктігін, тазалығын ерекше көрсетеді.

Ғұлама ғалымның еңбектерінде көркемдік таным, әсемдік туралы, көркем шығармашылықтың жалпы заңдары және адамның болмысқа эстетикалық қатынасы туралы философиялық көзқарастары болды.Оның бұл көзқарастары философиялық, этикалық және эстетикалық мәселелердің бірлігін қамтып көрсететін үйлесімді жүйесі болды.

Адам мақсатының үш түрі болады: жағымды, пайдалы және тамаша түрлері. Пайдалы мақсат не ұнамды, не тамаша болып келеді. Қалаларда бар, өнерлерде пайдалы мақсат бар. Ал жүріс-тұрысты сипаттайтын өнер мен сауда жүргізуге қабілеттілікті көрсететін өнердің көздеген мақсаты тамаша, өйткені адам осылардың жәрдемімен білім алады және шынайы ақиқатқа жетеді. Ақиқатты білу және шынайы білім – сөзсіз тамаша нәрсе. Барлық өнер атаулының мақсаты – не тамаша, не пайдалы мақсат.

Демек, осы екі түрге бөлінеді: біреуінің мақсаты – тамаша көр-кемдікке ие болу, екіншісінің мақсаты – пайдаға ие болу.

Тек тамаша көркемдікке жету-ді мақсат ететін өнер философия деп немесе абсолюттік мағынада айтқанда, даналық деп аталады. Даналық дегеніміз – қалған басқа заттардың болмысын айқындап беретін шалғай себептерді және себептері бар заттардың таяу себептерін білу.

Олай болса, ғұлама ғалымның эстетикалық көзқарастары жетелеген негізгі ой-пікірлердің қысқаша желісінде (тезистер) немесе кездейсоқ пікірлерінде орын алмайды, олар философияның ішінде маңызды негізге ие болады. Ғалымның этикалық және эстетикалық мәселелері жөніндегі көз-қарастары оның «Китабат – танбих’ала сабил асса» («Бақыт жолын сілтеу»), «Фусул ал-мадани» («Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері»),«Китаб тахсил асса ада» («Бақытқа жету туралы»), «Музыка жөніндегі үлкен трактат», «Поэзия өнері жөнінде», «Риторика», «Поэзия өнерінің канондары жөніндегі трактат» және т. б. еңбектерінде орын алады.

Бұл жерде әл-Фарабидің қоғам, этика, эстетика жөніндегі пікірлері мен философиялық концеп-цияларының қалыптасуына себеп болған жағдайларды айтпай кетпеуге болмайды: Фарабидің философиялық, әлеуметтік, этикалық, эстетикалық мәселелерге арналған ой-пікіріне көне грек заманының ұлы ойшылдары ықпал етті. Ғұлама ғалым олардың ой-пікірлерін сын елегінен өткізе білді; Фарабидің философиялық, әлеуметтік-утопиялық идеясының, адам бойындағы ең жоғарғы моральдық қадір-қасиеті туралы, көркемдік, сұлулық туралы пікірлерінің қалыптасуына оның туған жері Қазақстан мен Орта Азияның бай ауыз әдебиеті, төлтума мәдениеті, халықтары-ның азаттық жолындағы күресі, бостандық сүйгіш ой-пиғылы ықпал етті; оның философиялық, әлеуметтік-этикалық, эстетикалық көзқарастарына Таяу Шығыс пен Орта Шығыс халықтарының ілімдеріндегі прогресшіл сарындар мен гуманистік идеялар да әсер етті; оның тұжырымдары мен әлеуметтік этикалық, эстетикалық көзқарастары сол кезеңнің дәстүріне, үлгі-өнегесіне үйлес келді, сондықтан да ғалымның ғылыми мұралары ортағасырлық заманның жемісі болып табылады; ең бастысы, Отырардан шыққан ғұлама ғалымның қоғам, этика, эстетика мәселелеріне арналған ғылыми еңбектерінде Пифагорға тән цифрлық мистиканың да, Платонның «Заңдарындағы» діни мифологиялық наным-сенімдердің де әсері мүлде жоқ. Ол Платонның барлық азаматқа ортақ мінсіз мемлекет құру, оның міндетті түрде діни болуы қажет деген идеясына қарсы шықты (Көбесов А. Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда. Зерттеу еңбек. – Алматы: Қазақ университеті. – 2006. – б.7-8).

Әл-Фараби эстетикасында не-гізгі мәселе – адамның дене және рухани сұлулығы. Оның пікірінше, көркемдік – өмір шындығының өзіне тән қасиеті. Көркемдік адамның денесі мен рухани жан дүниесінің адамгершілік қасиетінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды. Жақсылықты, рақатты о дүниеден ғана күту керек деп реалды өмірден аулақтауды насихаттайтын діни мистиктерге қарама-қарсы түрде ол адам бақытты, молшылықты, тыныштықты іздесе, шын мәнісіндегі көркемдікті сезіне, түсіне білгісі келсе, соның барлығын ол жасампаз еңбектен табады, қайырымды, мейірбан жандардың жәрдеміне сүйену арқылы соған жетеді деп санады. Сондықтан да ол адамдарды іске, қимылға, белсенділікке, қиыншылықты, өмір жолындағы әлеуметтік кедергілерді жеңуге шақырды.

Әл-Фарабидің этикасының ең жоғары категориясы – бақыт, өйт-кені басқа бірдеңе үшін емес, тек өзі үшін қажет болатын игілік осы бақыттың бойына шоғырланған. Ол «Ал бақыт дегеніміз – абсолюттік игілік. Бақытқа жету үшін және бақытқа ие болу үшін қажет нәрсенің бәрі де сонымен бірге игілік болып табылады, бірақ өзі үшін емес, мұның өзі бақытқа жету үшін қажет болғандықтан. Дегенмен қандай бір шамада болсын бақытқа кедергі жасайтын нәрселер абсолюттік зұлымдық болып табылады. Қайырым-дылық бақытқа жету үшін керек. Ол табиғи түрде де, ниет түрінде де бола алады. Зұлымдық бақытқа жетуге кедергі болады.

Ал егер адамның мақсаты бақытқа – ең жоғарғы кәмелетке жету болса, онда мүмкін тұлғалар меңгеруге қабілетті нәрселердің бәрін алуы үшін адамның осы бақытқа қалай жете алатынын көрсету керек. Бұл әрекетшіл ақыл-парасат алғашқы білім бо-лып табылатын алғашқы ақылмен пайымдалатын мәндерді берген кезде мүмкін болады» (Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. б.122, 125, 126).

Отырарлық ғұлама ғалымның эстетикалық басты мақсаты – жарық дүниедегі өмірде адамзаттың ниетін жетілдіру, тамаша өмір салтына жету, сұлулықты және ең жоғарғы шаттықты иемдену. Түпкі мақсат – көркемдікке жету.

Ғалымның бұл пікірлерінен шығатын қорытынды: біріншіден, әл-Фараби діни көзқарастарға ашық қарсы шықпағанмен, ғылымды, білімді, философияны діннен жоғары қояды; екіншіден, бұл жағдай сол кездегі ортағасырлық діни идеологияның әсері; үшіншіден, жетілудің жоғары сатысы – Алла деп санады; төртіншіден, әсемдік пен үйлесімділік әлемге тән, сатылы орналасады және әлемдік үйлесімділіктің тұрмыстық мақсатқа лайықтылығы тұрмыстың себептік байланыстарымен анықталады; бесіншіден, әрбір саты өзінің мәніне қарай жетілуге, сұлулыққа және үйлесімділікке ұмтылады.

Әл-Фараби мұрасының ішінде этика (гректің «этос» — дәстүр, үй, ошақ, мекен өрісі, әдет-ғұрып) жөніндегі ілімдері ерекше орын алады. Этика жөнінде ең алғаш әл-Фарабидің ұстазы Аристотель пікір айтты. Этика философияның моральдық феноменін (ерекше, ерен қабілет) зерттейтін бөлімі.

Әл-Фараби этиканы ең алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Оның этика жөніндегі көзқарастарында жақсылық, мейірбандық категориясы негізгі орын алады. Жақсылық материяның өзінде бітіп қайнап жатса, жамандық болмыс жоқ жерден пайда болады дейді. Ол адам баласын жан иесінің биік шоқтығы ретінде құрметтеу, қастерлеу керектігін атай отырып, терең ойларындағы гуманизмін көрсетеді. Ғалым жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам өзінің ізгі мұрат-мақсатына жетеді дейді. Әл-Фарабидің бұл салада жасаған қорытындыларының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде.

Этикалық категориялардың ішінде жақсылық, еркіндік, әділеттілік, ар, абырой, ұят, өмірдің мәні, бақыт, махаббат сияқты адамгершілік феномендері ерекше орын алады. Олардың адамгершілік жүйесіндегі орнының ерекшелігі соншалықты, олар жоғары адамгершілік құндылықтарына жатқызылады. Өйткені оларды дұрыс түсінуімізден біздің адамгершілігіміз, яғни біздің көзқарастарымыз, бағамыз, қылықтарымыз байланыста болады. Олай болса, этиканың негізгі міндеті адам баласының қатынасын ең жоғарғы жетілген формада зерттеу болып табылады.

Қорыта келе айтқанда, әл-Фараби – Отырар топырағында дүниеге келіп, орта ғасырларда адамзат баласының білімінің молайып, ақыл-парасатының жетілуіне, ғылымның алуан салаларының дамуына орасан үлес қосқан ғұлама ғалым. Оның өмір сүрген заманында материалистік философия ашық қалыптаса қоймағандықтан, ғалымның философиялық көзқарастарына сол заманның әсері болды. Оның философиялық жүйесі сол кезеңдегі философияның барлық мәселелерін қамтиды, яғни болмыс жөніндегі ілім, материя және оның дамуы туралы мәселе, адамның тану әрекеті, логика мәселелері, ақыл және оның адамның қоғамдық іс-әрекеттеріндегі алатын орны, этика, эстетика, өнер мәселелері, натурфилософия және ғылымдар методологиясы және т. б. Ол ақыл, парасат, қайырымдылық, бақыт, білім мәселелерін жоғары бағалайды. Рухани мұра қалдыру абзал да қадірлі, ғылымға кесірін тигізбейтін харекет дейді. Өйткені ол осы мұралары арқылы өлгеннен кейін де өзгелерге игілікті іс болып жалғасады.

Әл-Фараби дүниеге көзқарасында этика және эстетика мәселелеріне де ерекше мән беріп,оларды нақтылай түседі. Халық – мемлекеттің жүрегі саналғанымен, адамдар арасындағы теңсіздік, артық-кемшілік байқалатынын айта отырып, оны жоюдың бірден-бір жолы ағартушылық, адамгершілік тәрбиесін күшейту деп қорытады.

Әл-Фараби сол заманның өзінде зорлықсыз, қанаусыз әділ қоғам болуы мүмкін деген батыл қияли болжам жасайды. Ондай ізгі мемлекеттің тууы ең алдымен мемлекет басшысына, оның ақыл-парасатына, ғұламалығына, талантына, тәрбиесіне тікелей байланысты деп қорытындылайды.

Әл-Фараби педагогикасындағы өзін-өзі тәрбиелеу, ақыл-парасат, ерік-күші арқылы өзін жөнге салу әдістері туралы және философиялық трактаттардың қағидалары бүгінгі таңда да өзінің маңыздылығын жойған жоқ.

Тұяқбай  Рысбеков

тарих  ғылымдарының  докторы,  академик,

Қазақстанның  еңбек сіңірген қызметкері