17.03.2020, 16:34
Қараулар: 55
Зорлау  оқиғасына  қатысты  тергеу  жалғасуда

Зорлау  оқиғасына  қатысты  тергеу  жалғасуда

Жаңа туған нәрестеден бастап 14 жасқа дейінгі балалар тұрғылықты жері бойынша тіркелмейді. Олардың мекенжайы ата-аналарының, яғни заңды өкілдерінің тұрғылықты жері болып табылады. Бұл туралы және құқық қорғау саласы бойынша  өңірдегі өзекті мәселелер төңірегінде облыстық полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында айтылған еді.

– Биыл 4 ақпанда ҚР Үкіметінің «Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» №30 қаулысы жарияланды. Қаулы 22 ақпаннан бастап заңды күшіне енген болатын. Соған  сәйкес 14 жасқа дейінгі балалардың тұрғылықты мекен-жайын тіркеу тоқтатылды. Егер ата-анасы ажырасып кеткен жағдайда, бала кімнің қасында қалдырылса, соның  тұрғылықты жері перзенттің де мекенжайы болып табылады. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін де балалардың мекенжай анықтамасы сұралмайтын болады, – деді  облыстық полиция департаменті көші-қон полиция қызметінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанар Қадырбекова.

Сондай-ақ  жиында 8 наурыз күні Орал қаласында жасөспірім қыздың жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болғанына қатысты ата-ана шағымына орай тергеу амалдарының жүріп жатқаны айтылды. Облыстық ПД тергеу басқармасының бастығы Шералы Абдрамановтың мәлімдеуінше, жасөспірімнің анасы 9 наурыз күні құзырлы құрылым өкілдеріне шағым түсірген. Арызда оқиға 8 наурыз күні орын алғандығы жазылған. Яғни 9-сыныпта оқитын қыз бала достарымен бірге мейрамды атап өткен. Оның соңы бірнеше бозбаланың қызды зорлауымен аяқталған. Сала мамандары қылмыстық іс кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты болғандықтан, тергеу амалдары аяқталмай, мәлімет бере алмайтынын жеткізді.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ернар Сұлтанғалиевтің айтуынша, 28 қаңтардан – 2 наурыз аралығында облыс бойынша «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік шарасы ұйымдастырылған. Шараның мақсаты – панасыз, қадағалаусыз қалған балаларды, білім алудан жалтарып жүрген жасөспірімдерді анықтау. Сол аралықта түнгі мезгілде балаларын ойын-сауық кешендеріне жіберген, қадағалаусыз қалдырған 242 ата-анаға әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған. Облыста жалпы орта білім беретін 384 мектеп, 34 колледж, төрт жоғары оқу орны болса, ол жердегі құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі 84 инспектор қызмет етеді.

Басқосуда сөз болған келесі мәселе – өңірдегі мал ұрлығы. Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ильдар Хайруллин биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында 70 бас мал қолды болғанын жеткізді. Оның 35-і полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру нәтижесінде  табылған. Бұл сандық дерек соңғы бес жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Айта кетсек, 2015 жылы облыста 700-ге жуық мал ұрлығы орын алса, былтыр 400-ден астам тіркелген. «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы аясында облыс бойынша соңғы екі айда мал ұрлаумен айналысқан 24 тұрғын, бес қылмыстық топ құрықталған. Сала мамандарының айтуынша, мал ұрлығының дені тұрғындардың түлікті қараусыз, бағусыз қалдыруынан жиі орын алады.

Гүлсезім Бияшева