17.03.2020, 16:33
Қараулар: 273
Мүдделер қақтығысына жол берген

Мүдделер қақтығысына жол берген

Өткен аптада белгісіз біреулер облыстық білім басшысының ұялы телефонына 2 мың, оның орынбасарының  ұялы нөміріне 5 мың теңге көлемінде қаражат салған. Қызметшілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған қаражатты мемлекетке қайтарыпты. Ақшаның кім салғаны белгісіз болуына байланысты әкімшілік, қылмыстық іс қозғалмады. Сондай-ақ өткен аптада өңіріміздің екі ауданында жер комиссияларында мүдделер қақтығысын туғызатын деректер тіркеліпті. Бұл туралы «Antikor ortalygy» сервистік орталығында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет мәлімдеді.

Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Бақытжан Базарбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында аудандардағы жер комиссиялары мүдделер қақтығысын туғызып отырғандығы туралы жазбасын жариялаған. Онда Шыңғырлау аудандық жер комиссиясының мүшесі К. Құсмағамбетов өзі конкурсқа өтініш беріп, Ақшат ауылдық округінен жерді қолдану бойынша жеңімпаз атанған.

Агенттік аталған дерек бойынша тексеру жүргізу туралы бастама білдірген. Қолда бар дерекке сүйенсек, аталған азамат өзі ұсынған өтінімді қарау кезінде дауыс бермеген. Баспасөз мәслихатының спикері бұл жерде мүдделер қақтығысы орын алды деуге негіз жоқ екенін мәлімдеді. Десе де, қазіргі таңда тексеріс нәтижелері күтілуде екен. Екінші жағдай Бәйтерек ауданында орын алыпты. Аталған аудандағы жер комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары М. Залмұқановтың туысы Янайкин ауылынан жерді қолдану бойынша жеңімпаз атанған. Бұл ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының 15-бабына сәйкес мүдделер қақтығысының орын алуына себеп болады. Бүгінде агенттік бастамасымен Бәйтерек аудандық жер комиссиясының шешімі күшін жойған. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының Бәйтерек аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің мүшесі Л. Шмаринаның жер комиссиясының мүшесі ретінде осы мәселенің алдын алмауы да алаңдаушылық туғызып отырған көрінеді.

– «ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 15-бабына сәйкес Бәйтерек ауданында орын алған жағдайға байланысты жер комиссиясының төрағасы М. Залмұқанов мүдде-лер қақтығысы бар екенін алдын ала білген деп ойлаймыз. Сол себепті аталған мәселенің туындағанын ол аудан әкіміне хабарлауы керек. Осы хабарлама негізінде аудан басшысы жер комиссиясының құрамына өзгерту енгізу сияқты шараларды қолға алса, мүдделер қақтығысын болдырмас еді. Аталған мәселе бойынша туындаған жайттар қазіргі таңда анықталуда, –  деді Нұрдәулет Сәмет.

Брифинг соңында облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұматай Ашықбаев саладағы цифрландыру мәселесі бойынша жүргізіп жатқан жұмыстар туралы баяндады.