17.03.2020, 16:32
Қараулар: 50
Тұрғын  үй  сертификаттары беріледі

Тұрғын  үй  сертификаттары беріледі

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ«Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші  кезеңін  іске қосты. Биыл республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлініп, облысымыз бойынша 205 отбасы қоныстойын тойламақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында кеңінен айтылды.

Брифингке қатысқан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Нұржан Қалишанов, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиев «Бақытты отбасы» бағдарламасы және тұрғын үй сертификаттары туралы баяндады.

– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында өткен жылы еліміз бойынша 4862 отбасы  баспаналы болса, үйлі болған 196 отбасы – өзіміздің жерлестер. Биыл аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінетін лимит мөлшері екі есеге ұлғайып, 100 млрд теңгені құрап, қолжетімді займ еліміз бойынша 10 мың отбасыға беріледі деп жоспарлануда. Соның ішінде 205 пәтер жергілікті тұрғындарға тиесілі болмақ. Бағдарлама шарттары бұрынғыдай өзгеріссіз қалды. Тек банк талабына сай жеңілдетілген займ алу үшін соңғы 6 айдағы табыс мөлшері отбасының әр мүшесіне шаққанда 62 366 теңгеден аспауы қажет. Оған тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы отбасы, толық емес отбасы және мүгедек балалары бар немесе асырап отырған отбасылар қатыса алады. Займ мөлшерлемесі бұрынғыша 10 пайыздық бастапқы жарнамен, 2 пайызды құрайды. Осы талаптарға сай келетін отбасылардың биыл баспаналы болуға үлкен мүмкіндіктері бар, – деген «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Нұржан Қалишанов бағдарлама бойынша несиелік өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 11 наурызында басталғандығын хабарлады.

Айта кетелік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлер-ден, сондай-ақ жер үй сатып алуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларындағы ең жоғары займ сомасы 15 млн теңге, қалған аймақтарда 10 млн теңгені құрайды.

Бұдан кейін БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев тұрғын үй сертификаттарын беру тәртібіне тоқталды. Биыл аталмыш сертификаттарды беру «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын болады.

Тұрғын үй сертификаттарын алуға мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы және толық емес отбасы санатындағы адамдар құқылы. Биыл тұрғын үй сертификатын беру үшін жергілікті бюджет қаражатынан 200 млн теңге қарастырылады. Әрбір алушы үшін сертификат мөлшері бір миллион теңгеден аспайды, – деді Алтай Есмағұлұлы.

Тұрғын үй сертификатын алу үшін төмендегідей құжаттар тізімі жинақталуы керек: өтініш, жеке куәлік көшірмесі соңғы алты ай ішіндегі табысын растайтын анықтама, жұмыс істейтіндігі туралы анықтама, өтініш иесінің бастапқы тұрғын үйден пәтер алуы үшін екінші деңгейлі банктен ипотекалық тұрғын үй займын мақұлдағандығы туралы (алғашқы жарнаның мөлшері көрсетілуі тиіс) анықтама керек.

Толық мәліметті аудандық немесе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен сұрай аласыз.

Ләззат Шағатай