17.03.2020, 16:18
Қараулар: 306
Әскерге бару міндет әрі абырой!

Әскерге бару міндет әрі абырой!

Елімізде  әскерге  шақырудың  көктемгі   кезеңі  басталды. Шілде  айына  дейін  жүретін  науқан  барысында  700-ден  астам  батысқазақстандық  бозбала  әскер қатарына алынады  деп  күтілуде.  Өткен  жылы  өңірімізден  1300-ден  астам  жас  әскерге  жіберілген. Жалпы облысымыз  бойынша 14  пен  28  жас  аралығындағы  70  мыңға  жуық  жас  жігіт  бар  болса,  оның  шамамен  30 мыңы  әскер  жасында. Сол  жігіттеріміздің  бірсыпырасы  Отан  қорғаушылар  сапын толықтырмақшы. Дегенмен  біздің  айтпағымыз  ол  емес.  Бүгінгі  жастар  әскерге баруға  құлықты  ма? Бозбалалардың  денсаулығы  жақсарды ма? Осы  мәселелер  жөнінде сөз  қозғамақпыз.  Сондай-ақ  әскерқатарында  борышын  өтеуден  қашатын  жастар  бар  ма? Жалтарғандардың  жазасы қандай?  Әскер  жастарымызға  қандай  мүмкіндік  береді?  Осының  барлығын  сараптауға  тырыстық.


Зерделеудің екінші кезеңінен өткендер Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Рафхат Мәжитовтің айтуынша, жас жігіттердің денсаулығынан көбіне скалиоз, қан қысымының жоғарылығы, көздің нашар көруі және құлақ естімеуі сынды кінәраттар анықталып жүр. Сондай-ақ  майтабандық  жиі  кездеседі.ңгімеміздің әлқиссасын жастарды әскерге іріктеу жұмысынан бастасақ. Бүгінгі таңда қорғаныс істері жөніндегі құрылымдарда әскерге шақырушыларды екі кезеңнен тұратын зерделеу жұмысы басталған. Оның біріншісі, алдын ала іріктеу үшін әскерге шақырылушылардың жеке ісі тексеріліп, олардың ата-аналарымен, сондай-ақ жұмыс жасайтын немесе оқитын оқу орындарының өкілдерімен сұхбат жүргізіледі. Жеке әңгімелесу барысында әскерге шақырылушының моральдық-психологиялық, жалпы денсаулығы, білімі мен физикалық дайындығы, отбасы жағдайы анықталады. Әскерге шақырылушылардың жеке ісін сапалы зерделеу жұмыстарына Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау құрылымдарының өкілдері жұмылдырылады. Ал екінші кезеңде әскерге шақырылушылар әскери-медициналық комиссиядан  өтеді.

Биылғы алғашқы шақырылған екі жүздей жас медициналық тексерістен өткен. Олардың 15 пайызы майтабан болса, 10 пайызынан қан қысымының жоғарылығы, 6 пайызынан сколиоз және көз  аурулары  бар  екені  анықталыпты.

Қорғаныс істері жөніндегі басқарма мамандарының айтуынша, жастардың денсаулығынан бөлек тағы бір мәселе де бар. Ол – әскери есептен шығып кеткен не болмаса шақыртуға келмей жүрген жігіттерді іздестіру. Тұрғылықты мекенжайын ауыстырған азаматтар өздерінің жаңа мекенін айтпай, арнайы құрылым мамандарын әбігерге салуда. Осы ретте әскери қызметтен жалтарушылар үшін жаза қаралғанын да айта кеткіміз келеді. ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы бойынша әскерден жалтарғанға 1000 айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Жалған құжат жасаған не болмаса өз-өзіне жарақат салған жігіттерді 3000 айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл жазасына тарту немесе үш жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Сондай-ақ уақтылы әскери есепке тұрмаған жігіттерге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады екен. Өңірімізде әскерден қашып жүргендер жоқ болғанымен, уақтылы әскери есепке тұрмағандар кездесуде. Қазір оларды іздестіру шаралары  жүріп  жатыр.

Бүгінгі таңда жастардың бойында патриоттық сезім аз, мектептердегі әскери-патриоттық жұмыс ақсап тұр деген сөздерді жиі естиміз. Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері мұнымен келіспейді. Білім беру мекемелерінде әскери-патриоттық клубтар, үйірмелер және «Жас сарбаз» сыныптары бар. Жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, түрлі турнирлер, оқушылар үшін әскери бөлімдерде «Ашық есік» күні, «Жігер» әскери-патриоттық лагері ұйымдастырылады. Өткен жылы республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан БҚО командасы клубтардың жалпыкомандалық есепте  бірінші  орынға  ие  болыпты.

Енді әлімжеттік мәселесіне тоқталайық. БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Эльдар Шынғалиевтың айтуынша, кеңес әскерінен қалған мұндай жағымсыздықтың көзін жою мақсатында біраз реформа жүзеге асырылған. Соның арқасында осы күні әскердегі әлімжеттік толықтай жойылыпты. Қазір жарты жыл мерзімін өтеген сарбаздармен жаңа келгендерді араластырмайды. Яғни олардың жататын жері бөлек, қызмет барысында бір-бірін көрмейді. Осылайша әскери жарғы қатаң сақталады.

Соңғы жылдары әскерилерге біраз жеңілдіктер де жасалуда. Мәселен, әскерге барған жас 6 ай мерзімін аяқтаған соң, келісім-шартқа қол қойып, өзінің туған жерінде қызметін жалғастыруға мүмкіндік ала алады. Егер Орал қаласынан әскерге аттанса, сарбаз жарты жыл басқа өңірде болып, әбден машықтанған соң келісім-шартқа отырып, облысымыздағы әскери бөлімдерге маман ретінде жұмысқа орналаса алады. Ондай сарбаз әскери қызметшілер көрсетілетін барлық әлеуметтік жеңілдікті пайдаланады. Тек мұндай мүмкіндік ҰҚК шекара қызметінде борышын өтеп жүргендерге  беріледі.

Кәсіби әскер жасақтауды қолға алған еліміздің Қарулы күштеріне білекті ғана емес, білімді жігіттер де қажет. Сол себепті жастардың ең болмағанда арнайы орта білімі болуы керек. Ал жоғары білімі болса, тіпті жақсы. Мысалы, заңгер мамандығына оқыған жастар Ұлттық ұланға жіберіледі. Ол жерде борышын атқарған жас әскерден келген соң ішкі істер құрылымына жұмысқа орналаса алады. Экономика, техника, байланыс бағытында білім алған бозбалалар Қорғаныс министрлігіне  қарасты  әскери  бөлімдерге  алынады.

Кейбір студенттердің «әскерге кетіп қалсам, оқуым жайында қалады» деп ойлағандықтан, әскерге баруға ынтасы болмайды. Ал оқуын бітірген соң өз қатарластарының біразы әскерге барып келеді. Ал жасы жиырмадан асқан жігіт өзінен кішілермен бірге әскерге баруға арланып, борышын өтеуден қашқақтайтыны да жасырын емес. Ондай жағдайда оқуынан академиялық демалыс алуға болады. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң оқуын жалғастыруға толық мүмкіндік бар. Ал жұмыс жасап жүрген жастар үшін Еңбек кодексінің 149-бабы 3-тармағына «Қызметкерді әскерге шақыру және әскери қызметі уақытында оның  жұмыс орны сақталады» деген норма енгізілген. Сөйтіп, аталған кодекстің 58-бабындағы «Жұмыс беруші қызметкерді әскери қызметке шақырылған жағдайда оны жұмыстан шығаруға құқысы бар» деп көрсетілген 1-тармақтың 1-тармақшасы  күшін  жойды.

Ал белгілі бір себептермен әскерге алынбай қалған немесе отбасын құрған жастар болса, оларға да барынша мүмкіндік  жасалған. Әскерге бармай жүріп қалған жігіттер жасы 24-ке толған соң қаламыздағы «ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» РМК Орал филиалында оқуына болады. 40 күн бойы әскери өмірдің қыр-сырын меңгерген жігіттер әскери билеттеріне қол жеткізеді. Тек белгіленген қаржыны төлеу қажет. 2014 жылдан бері бұл жерде атқыштар резерві дайындалуда. Осы жылдар ішінде1300-дей батысқазақстандық атқыш (стрелок) атанды. Аталмыш оқуды тегін аяқтап шығуға болады. Ол үшін жас жігіт әскерге жарамды болуы керек. Әрі арнайы курсты тәмамдаған соң үш айдың ішінде әскерге  аттануы  қажет.

Иә, мемлекет тарапынан жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне  барынша көңіл бөлінуде. Дегенмен де баланың елжанды, ержүрек, шымыр, табанды болуының негізі отбасында және мектепте қаланатыны белгілі. Осы бағытта толыққанды жұмыстар атқарылса, жаужүрек жігіттер шығары анық. Елбасымыз айтқан тәуелсіздігімізді нығайтатын ұрпақ  осындай  жастардан  шықса  керек!

Түгелбай  Бисен

 

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.