30.05.2015, 7:53
Қараулар: 215
«Ақ көбелек»

«Ақ көбелек»

butterfly_and_little_girl_by_gantarayuda-d44ixkt


Астанаға іссапарға кеткен Ақкербездің көкесі суық тиіп, сырқаттанып оралды. Аялдамада тұрғанда аяқасты суық нөсер жауып, көлікті ұзағырақ күтіп қалған екен.


— Қап, енді күн жылынып, жаз басталды ма, дегенде суықтап қалғаның-ай, — деп уайымдады апасы.

— Ештеңе етпес, ыстық сорпа, лимон салып шай ішіп, екі-үш күн үйден күтінсем, жазылып кетемін.

— Мен екі-үш күнге жұмыстан сұранайын?..

— Жоқ, қызметіңнен қалмай-ақ қой. Кербез каникулға шықты емес пе? Сен кеспе пісіріп кетсең, шайды қызым-ақ қайнатып бермей ме?

— Әлі кішірек емес пе, күйіп қалмасын…

— Менің қызым апасына тартқан пысық қой, — деді көкесі қанша мазасы қашып тұрса да, әдеттегідей сөзінің соңын әзілге ұластырып.

Ертеңіне апасы ерте тұрып, кеспе пісіріп кетті. Ұйқыдан асықпай тұрған көкесі әуелі терлеп-тепшіп кеспе ішті. Әкесі кеспе ішіп болғанша, төртінші сыныпқа көшкен Ақкербез шай қамдап үлгерді. Айтпақшы, шай қайнағанша ол тура үйдің іргесіндегі дүкеннен лимон сатып әкелді.

— Рақмет қызым, кеспе де, шай да тер шығарып, бір жеңілдеп қалдым.

Сол күні кешкісін апасы түшпара түйіп, тек пісіре қоятындай қылып дайындап кетті. Ертеңіне Ақкербез көкесі оянысымен шағын кастрюльге су қайнатып алды. Сосын көкесі ыстық суға түшпараны салып, пісіре қойды. Газплитаны өшірмес бұрын түшпараның бетіне туралған көк пияз бен аскөк салуды да ұмытпады. Бұл жолы тамағына қара бұрыш сеуіп ішкен көкесі кешегіден бетер ағыл-тегіл терледі. Осылайша қызы әкесі жазылғанша тамағын даярлап, лимонға қоса, бүлдірген мен таңқу-рай тосабы қосылған шай ұсынып, жанынан шықпады. Сөйтіп, көкесі өзі айтқандай, екі-үш күнде тәуір болып кетті.

«Көкем тезірек жазылып кетсе екен» деп көбелекше ұшып-қонып, жаны қалмаған қызын әкесі содан бері «Ақ көбелегім» деп еркелететін болды.

Бауыржан ӘЛЖАНҰЛЫ,

Орал қаласы


«Отанымды   қорғаймын!»

Оқуда озат боламын,

Ұстаз тілін аламын.

Ата-анам мені шын мақтар

Батыл сарбаз боламын.

Ата-анамды сыйлаймын,

Ілім-білім жинаймын,

Үлкендерді көп тыңдап

Сарбаз болмай қоймаймын.

Ыстыққа да шыдаймын,

Суықта да тоңбаймын.

Сарбаз болып мен ертең

Отанымды қорғаймын!

Балжан  СҰЛТАНОВА ,

З-сынып оқушысы,

Ащысай  ауылы,

Шыңғырлау  ауданы


Өтірік өлең

Қыпша белді құмырсқа,

Жарады үлкен жұмысқа.

Үй салыпты ағаштан

Болып шықты ол ұста.

Ал шыбын да ерледі,

Егін салып терледі.

Жиып алды қамбаға,

Бар бидайды жердегі.

Көбелегің күледі,

Көйлек тіге біледі.

Оған берген тапсырыс,

Көйлегі жоқ піл еді.

Қарап тұрсам айнала,

Жүргендер жоқ жай ғана.

Мен де іске кірістім,

Жарайын деп пайдаға.

Бексұлтан ЕЛУБАЙҰЛЫ,

4-сынып оқушысы,

Бисен ауылы,

Бөкей ордасы ауданы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар