17.03.2020, 16:16
Қараулар: 49
Бес  адамның  көз  жасына  қалған  полицей бес  жылға  сотталды

Бес  адамның  көз  жасына  қалған  полицей бес  жылға  сотталды

 Сейсенбі күні Орал қалалық соты өт­кен жылдың соңында төрт балалы ананы қазаға ұшыратқан жол-кө­лік оқиғасына айыпты деп танылған Медет Рахадиловке үкім шығарды. Сот отырысында өз кінәсін толығымен мойындаған М. Рахадилов ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайын­далды. Ол өз жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыс­тық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды.

Сотта келтірілген деректерге сүйенсек, өткен жыл­дың 7 желтоқсанында түнгі сағат үштер шамасында құқық қорғау саласының қызметкері М. Рахадилов ішімдік ішкен күйі көлік басқарып, соңы адам өлі­мі­не әкеп соққан көлік оқиғасына жол берген. Апат­ты жағдай салдарынан 29 жастағы Іңкәр Бектұрға­нова ашық бас жарақатын алып, облыстық көпбе­йінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Жол-көлік оқиғасы кезінде ауыр жарақат алған аза­мат­ша көп ұзамай ауруханада көз жұмған.

Жол апатынан қазаға ұшыраған Іңкәрдің жұбайы Серік Бектұрғанов соттың алғашқы отырысынан соң берген сұхбатында: «Сол түнде досымыздың туған күн кешінен шыққан едік. Қасымызда біздің көлікпен үйлеріне жақындап қалғысы келген ерлі-зайыптылар да бар еді. Көлік тізгінінде зайыбым Іңкәр бол­ды. Жәңгір хан көшесі бойында машинамыздың жанармайы таусылып қалды. Қараңғы мезгіл болған соң, көліктің ескерту шамдарын қосып, жақын маң­дағы жанармай бекетіне дейін итеріп баруды жөн санадық. Кенеттен қатты жылдамдықпен жүріп кел­ген бір көлік біздің машинамызға соғылды. Біз­ соқ­қыдан жол жанына құлап түстік. Қас пен көздің арасында не болғанын түсінбей де қалдық. Сәл ес жиған соң бізге соғылған үлкен жүк көлігі шығар деп ойладым. Себебі соққы сондай қатты болды. Іле-шала көлікке қарай жүгірдім. Қатты соққыдан қарысып қалған көлік есігін аша алмадым. Дереу терезені сындырып, көліктің аккумуляторын айырдым. Сол кезде Іңкәрдің көлік ішінде қысылып, қы­­рылдап жатқан дауысын естідім. Қанша әурелен­сем де, өздігімнен оны шығара алмадым. Кейін тө­теншеліктер мен «Жедел жәрдем» келді. Екі тәулік ауруханада ауыр халде жатты. Дәрігерлер ота жаса­ғанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Төрт бірдей бүлдіршініміз анасыз қалды. Кінәлі адамды еш кешіре алмаймын. Біз сенім артатын полиция қызметкерінің мұндай қылығы еш ақыл­ға сыймайды. Ол мас күйінде көлікке отырғанда адам­дардың өміріне қауіп тудыратындығын неге ойламады?» – деген болатын.

– Айыпталушы көлік қозғалысы ережелерін бұ­зуына байланысты адамның өліміне әкеп соққан ісәрекеті үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бос­тандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол 5 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан шектетілді. Бұл жаза Қылмыстық кодекстің ескі ре­дакциясымен қабылданды. Себебі аталған жол-көлік оқи­ғасы өткен жылдың желтоқсан айында орын алған. Қылмыстық кодекстің 6-бабына сәйкес заңның кері күші болмайтындығын ескере отырып, сол кездегі әрекет еткен заң шеңберінде сотталушыға тиісін­ше жаза қабылданды, – деді үкімді жариялаған судья Айжан Мырзалы.

Сондай-ақ судья сотталушының полиция бас­қармасының қызметкері болғандықтан, облыс­тық полиция департаменті басшылығының назарына осындай тектес қылмыстардың алдын алу үшін және полиция қызметкерлерінің арасында бұл мә­селелерді талқылау үшін Қылмыстық кодекстің 405-бабына сәйкес жекеше қаулысының қабыл­дан­ғандығын айтты. Аталған қаулыға сәйкес полиция департаменті бір ай мерзім ішінде сотқа жауап қай­таруға тиісті.

Сот отырысына қатысқан марқұмның жұбайы С. Бектұрғанов айыпталушыға барынша ауыр жаза қолданғанымен, жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыс­тық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтіндігіне көңілі толмайтындығын, алдағы іс-қимылын заңгерлер­мен ақылдасып жасайтынын мәлімдеді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Нұрбек Оразаев