17.03.2020, 16:15
Қараулар: 347
Кәсібін  өрге  домалатқан

Кәсібін  өрге  домалатқан

Жаңақазан  ауылында жеке  кәсібін  өрлетіп, халық  игілігі  үшін қызмет  көрсетіп отырғандардың  бірі  ретінде  Беляловтар әулетін  ерекше  атап өтуге  болады.

Ерлі-зайыпты Жасұлан мен Дина 2013 жылы сауда саласына бет бұрған. «Кә­сіп түбі – нәсіп» екенін терең ұғынған олар кейін наубай­хана, заманауи талапқа сай мейрамхана ашып, жеке кә­сіптерін дөңгелете түсті. Маң­дай тер, ақ адал еңбегінің ар­қасында олар бүгінде белді кә­сіп­керлердің біріне айналып, тұр­ғындардың алғысына бөленуде. Ауылдық округте өтетін қайы­­рым­дылық шараларынан  шет қал­ған емес. Жыл сайын өтетін «Қа­йырымдылық» айлығы мен «Мектепке жол» акциясында, Жаңа жыл мерекесінде балғындарға сый­лық береді.

– Біздің ауылдық округ аудан орталығынан қашықта орналас­қандықтан, тұрғындар керек-жа­рағын көбіне ауылдан алғанды жөн көреді. Біз де халықтың сұра­нысына сай барлық азық-түлік, киім-кешек, өзге де күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды әкелуге тырысамыз. Саудамыз жаман емес, жүріп тұр, – дейді Дина Сүйінішқалиева. Кәсіпкер­дің аудан орталығындағы бедел­ді деген тойханалардан бір кем емес мейрамханасы талай тұр­ғынның шаттығы мен қуанышты тойының куәсі болып келеді. Іші жарық та кең мейрамхана 180 орындық және «VIP» за­лы да бар.

– Жұбайым Жасұлан ұзақ жыл «Қазақтелеком» АҚ-да, мен мектепте жұ­мыс істедім. Менің негізгі маманды­ғым – химии био­логия пә­нінің мұға­лі­мі. Қазір бес бала тәрбие­леп отырмыз. 2018 жылы ауылдасымыз Хансұлу Тате­новадан тойхана ғимара­тын сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, жаң­ғыртып, жа­ңар­тып, қайта аштық. Тойханада бір ас­пазшы, алты даяшы еңбек етеді. Сондай-ақ күніне 60 бөл­кеге дейін пісіріп, сататын наубайханамыз­да нан пі­сіруші әйел қыз­мет етеді. Заман ағымына орай балаларымыздың бола­ша­ғына ерте қамданып, же­ке кәсіп­пен айналысып жатқан жайымыз бар, – дейді же­ке кәсіпкер Дина Жұматқызы.

Үкіметке қол жаймай, несиеге де жақындамай, кәсібінен нәсіп тауып, тұрғындарды тұрақты жұ­мыспен қамтып отырған Белялов­тардың іргелі ісіне еріксіз риза боласың.

Алтынбек  ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.