17.03.2020, 16:11
Қараулар: 200
Мемлекеттің  ақшасы «майлы  жілік»  емес

Мемлекеттің  ақшасы «майлы  жілік»  емес

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру дау-дамайсыз болмайтыны анық. Былтыр облыс бойынша бюджет шығысы 220,5 миллиард теңгені құраған. Сыбайлыс жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік сатып алу саласында 29 қылмысты анықтаған. Қылмыстың 69 пайызы жергілікті атқарушы, 17 пайызы орталық мемлекеттік құрылымдардың аумақтық бөліністері мен соларға бағынышты мекемелердің қызметкерлеріне, 14 пайызы мердігер ұйымдарға тиесілі. Аяқталған қылмыстық істер бойынша шығын көлемі  558,2  миллион теңге болды. Бұл жайында «AntikorOrtalygy» сервистік орталығында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет хабарлады.

Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Атамекен» ҰКП-мен пилоттық  режімде «Сатып алудың бірыңғай терезесі» жобасын жүзеге асырған еді. «Сатып алудың бірыңғай терезесі» жүйесі мемлекеттік сатып алу саласында БҚО бойынша 15 миллион теңге бюджет қаражатын «суға кетіп қалудан», яғни мақсатсыз жұмсалудан сақтап қалуға мүмкіндік туғызды. Осы жүйе арқылы мемлекеттік сатып алу бойынша облыста өнім берушімен «жең ұшынан жалғасуға» бейім тапсырыс берушілер анықталды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Саметтің дерегіне сүйенсек, ТОП-10-дыққа білім саласындағы төрт мекеме еніп отыр. Бұлар – Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, М. Өтемісов атындағы БҚМУ, облыстық білім басқармасы және Ақжайық аудандық білім беру бөлімі. БҚАТУ былтыр 504 өнім берушінің (поставщик) қатысуымен 960,7 миллион теңгеге сатып алуды жүзеге асырған. Соның 22,7 пайызында ғана ашық конкурстар бойынша келісім-шарттар жасалған. Сатып алуға қатысты тапсырыс беруші бекіткен 1 221 келісім-шарт жүйесінен 600 жемқорлық қатері анықталды. 73 өнім беруші ыңғайына орай 82 келісім-шартқа байланысты жоғары баға белгіленген. 77 келісім-шартта тауар мен қызмет бағасы мүлдем төмен көрсетілген. 99 келісім-шарт бойынша орындауға тым қысқа уақыт берілген. БҚМУ-дың сатып алу жүйесінен 355 сыбайлас жемқорлық  тәуекелі анықталды. Талдау қорытындысы 16,4 млрд теңгеге жасалған 357 келісімшарт бойынша білім басқармасы 348 жемқорлық тәуекеліне жол бергенін айқындады. 261 келісім-шартта жоғары баға көрсетілген. Барлық келісімшарттың 99,98 пайызы бір ғана сатып алу көзінен тікелей бекітілген.

Мемлекеттік сатып алу аясында берілген қаржыны игеруді тиімді жоспарламайтын мекемелер арасында облыстық білім басқармасы алда тұр. «Сатып алудың бірыңғай терезесі» арқылы тым жоғары баға қойылғаны анықталған. Мәселен, Жәнібек ауданындағы колледж әрқайсысының бағасы 6 113 700 теңгеден болатын 2 мультимедиялық ноутбук сатып алуды жоспарлайды. Бір ноутбуктың медианалық бағасы – 160 714 теңге. Егер сатып алуды тиімді жоспарлағанда, бюджетке 11 905 971 теңге қаражат үнем болады екен. Спикердің  айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасының кәсіпорындары мен Жәнібек ауданы әкімдігінің сатып алу жоспарынан 500 жемқорлық тәуекелі анықталған.

Брифингте Нұрдәулет Самет «Сатып алудың бірыңғай терезесі» веб-порталы арқылы онлайн режімде талдау жасалынғанын айтты. Талдау қорытындысы бойынша сатып алу бағасын қымбат көрсету немесе құлдырату, белгілі бір өнім берушінің  ыңғайына жығылу, лауазымын пайдаланып, қаражатты ысырап қылу деректері басым екені анықталды. Мәселен, Бөрлі ауданы әкімі аппаратының басшысы Ақеділов Ақсай қаласындағы баспананы жалға алу және әкімдікке көрсетілетін қызмет пен бағалы тауарлар алу үшін бөлінген 2,4 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырған. 2019 жылы 3 желтоқсандағы Бөрлі аудандық сотының үкімімен жемқор үш жылға бас бостандығынан айырылып, оған өмір бойы мемлекеттік қызметке орналасуға тыйым салынды.

Биыл 21 қаңтарда Шыңғырлау аудандық соты Шыңғырлау білім бөлімінің басшысы Сапаровты 3,6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Білім бөліміне қарасты нысандарды күрделі әрі ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін Сапаров кәсіпкерден 2 миллион теңге көлемінде пара алған. Бөлім басшысының қитұрқы әрекеті былтырғы қазан айында әшкереленді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет талдау нәтижесіне сүйене отырып, жобалық-сметалық құжаттама жасау және  басқа жұмыстарға мемлекеттік сатып алу бағасының алдын ала жоғары қойылғаны үшін де шенеунік «өз үлесін» алған деп санайды.

– Бюджет қаражатын мақсатсыз жаратқан білім мекемелері мәлім болды. БҚАТУ флешка құрылғысын (флешка-вкладыш) 1250 теңгеден деп есептеп, 375 мың теңгеге 300 данасын сатып алған. Ал Орал қалалық №1 емхана аталмыш тауар үшін 286 және 647 теңге белгілейді. №4 емхана 48 теңгеден сатып алған. Тауардың бір данасының медианалық бағасы 15-ақ теңге. Тағы бір мысал келтірсем, Ақсай колледжі келісін 350 теңгеден деп көрсетіп, 700 мың теңгеге 2 тонна  қырыққабатты сатып алған. Бөкей ордасы мен Бәйтерек ауданындағы колледждер қырыққабаттың әр келісі үшін 250 теңге белгілеген. Осы бағамен Ақсай колледжі көкөніс-ті сатып алғанда, 200 мың  теңге үнемдер еді, – деген облыстық департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет былтыр республика бойынша бюджеттен 12 триллион теңге бөлінгенін, оның ішінде 8,7 триллион теңге мемлекеттік сатып алуға  бағытталғанын  хабарлады.

Брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Аманқос Жұбаныш «Бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін басшылардың доғарысқа кетуі және дербес жауапкершілік институттары» жөнінде баяндады.

– Президент тапсырмасына сәйкес, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, саяси мемлекеттік қызметшілер өздеріне бағынатын қызметкердің жемқорлық жасағаны үшін доғарысқа кетуі міндетті. Доғарысқа шығуға өтініш берген кезде саяси қызметшінің кінәсінің болуы немесе болмауы маңызды емес. Өтінішті қабылдау мәселесі – өкілетті лауазым иесі құзыретінде. Қарауындағы қызметкер 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін жасалған жемқорлық жасаса, қылмыстық жауапкершілік туралы күшіне енген сот актісі немесе заңда белгіленген негіз бойынша қылмыстық істі қысқарту туралы акт болмаса, лауазымға тағайындалғанына үш ай мерзім өтпесе, саяси қызметші доғарысқа шықпайды, –деді  Аманқос Жұбаныш.

Нұртай Текебай