17.03.2020, 16:10
Қараулар: 245
Студентке  жатақхана, техникаға  гараж  керек

Студентке  жатақхана, техникаға  гараж  керек

Заман көшінен қалған құрылғылар мен тар аудитория, кәріз жүйесіне қо­сылмаған жатақхана – бұл заманауи жүйеге қайшы, кереғар көрініс.

Бүгінгі таңда бақ­ташыны айтпай-ақ қойғанда, «Механизаторлар азайып кетті, ауыл­шаруашылығы мамандары жоқ» деген әңгімені екінің бірінің аузынан естіп жүрміз. Ондай мәселенің бар екендігі де рас. Бірақ осындай ма­мандарды дайындауда аудандағы Сырым колледжінің ұжымы қал-қаде­рін­ше тер төгуде. Дегенмен ауылшаруа­шы­лығы саласы мамандарын баптайтын «ұстахана» саналатын бұл оқу орнында жасал­ған жұмыстың жөнді көрінбеуіне біраз мәселе кедергі.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкер­лікті дамыту» бағдарламасының талаптарына сәйкес бі­лім беретін Сы­рым колледжінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, жас­тардың техни­калық мамандықтарды игеруге қаншалықты құ­лықты екендігі, Елбасының 2018 жылғы «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасы» үндеуінің үшінші бөлігінде айтылған «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастар­дың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы тапсырмасының қалай жү­зеге асып жатқаны туралы колледждің директоры Санат Берсебаев­тан сұрадық.

– Бүгінгі таңда колледжімізде барлығы 125 студент оқиды. Әр мамандықта оқитын студенттерді іс жүзінде машықтандыру үшін «Сайынов-А», «Тоқсоба», «Жа­ңаталап», «Уайс», «Көктөбе» сияқты әлеуметтік серіктестерімізге, әрбір ауылдық округке жібереміз. Түлектерімізді жұмыспен қамтуда көштен қалмауға тырысып бағуда­мыз. 2019 жылы оқу бітірген 72 түлектің 56-сы жұмысқа орналасса, екі түлек ҚР Қарулы күштері қатарында қызмет етуде. Ұжымымда дәріс беретін оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері – 27 адам. Байқағаныңыз­дай, оқу орнының тар дәрісхана­лары, инженер-педагог, та­мақ өнімдерінің технологі мамандарының жетіспеушілігі сықылды мәселелер шешілмей тұр, – дейді Санат Дәленұлы.

Мектептердегі мәселе колледжде де бар. Бұл жас мамандардың техникалық оқу орындарына, ауыл­дық жерге баруға құлықсыздығы. Шынтуайтына келгенде, аудан көлеміндегі жастар саясатын жүзеге асыру­дағы белсенді жастар Сырым колледжінен шығады. Қоғамдық күш ретінде алғы шептен табылып,
«Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы болатын да, аудандық шараларда жалау көтеретін де солар. Осындай жан-жақты, белсенді студенттердің жөні түзу жатақханасының жоқтығы қынжылтады. Колледж жатақханасының жайкүйін, тыныс-тірші­лігімен таныспақ мақсатпен студенттер үйіне арнайы барып, жатақхана тәрбиешісі Назгүл Бер­себаевамен жо­лық­тық. Сөйтсек, бұл жерде де мәселе бар екен.

– Жатақханамыздағы студенттер тек аудан орталығының өзінен емес, сонымен қатар әрбір ауылдық округтен келгендер. Қазіргі таңда жатақханада 30 студент тұрады. Ал жатақханаға зәру студенттердің 50 пайызы орын тапшылығына байланысты орналаса алмады. Екі балаға арналған бөлмеде төрт бала жатуға мәжбүр. Соның өзінде жатақханаға мұқтаж студенттердің 50 пайызын ғана қамтып тұрмыз, – дейді тәрбиеші.

Расында, студенттерге жайлы жағдай ұсына алмай отырып, олардан білімді, мықты маман шығады деп үміттену қаншалықты орынды? Біздің пайымдауымызша, студент жастардың алаңсыз білім алуына оқу орнындағы қуықтай аудиториядан бөлек жатақханадағы әжет­хананың сыртта орналасқаны да теріс ықпал етері айдан анық. Ал жатақхана аула­сын­да тұрған сапасы сын көтермейтін, әйтсе де, қолда бар техника да жатақ­ханаға зәру студенттердің тағдырын кешіп тұрғандай. Өйткені олардың «паналайтын»  гаражы жоқ.

Қазіргі кезде күн тәртібінде «Заманауи білім» деген сөз алдыңғы қатарда тұр. Заман көшінен қалған құрылғылар мен тар аудитория, кәріз жүйесіне қо­сылмаған жатақхана – бұл заманауи жүйеге қайшы, кереғар көрініс. Ол ол ма, қазір жастардың рухани тәрбиесі де өзекті мәселе. Бұл мәсе­лені шешейін десе, акт залы мен бірді-екілі спорттық құрал тұрған спортзалдың рөлін бір ғана бөлме атқарып тұр.

2018 жылы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен оты­рысы барысында Елбасы студент жастардың жағдайларын жақсарту тұрғысынан Үшінші әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында 2022 жылдың соңына дейін кем дегенде 75 мың орынға жатақхана салуды тапсырған бола­тын. Бұл үшін, Елбасы атап өткеніндей, ЖОО-лар мен колледждерді мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік қағидаларын қолдана отырып, студенттік жатақханалар салуға және ынталанды­ру қажет.

Елбасының шегелеп айтқан тапсыр­масы нақты қашан жү­зеге аспақ? Білім алуға, сөй­тіп жақсы маман болуға құлықты, бірақ жата­тын жайлы жатақ­ханасы жоқ сту­денттердің жағ­дайы не бол­мақ?

Айжан Амангелдина