17.03.2020, 16:07
Қараулар: 61
Көрісу көптің көзайымына айналса  екен

Көрісу көптің көзайымына айналса  екен

Еліміздің  батыс  аймағы  үшін  наурыздың 14-і  –  Көрісу күні.  Бұл  күні  ағайын-тума  жасы үлкендерге  арнайы  барып  көріседі.  Бірін-бірі «бір жасымен» құттықтап,  төс  қағыстырып,
амандасады. 

Ақжарма тілек пен ақ бата ақтарылған күннің мән-мазмұны ерекше. Әсіресе, балалар үшін мереке. Өйткені топтасып алып, үй-үйді аралайтын олардың қалтасы тәттіге толады. Игі тілекке көңілдері марқаятын күн. «Бір жасыңмен!», «Жас қайырлы болсын», «Өмір жасың ұзақ болсын!» деген тілек айтылып, бата беріледі. Көрісу дәстүрі Маңғыстау өңірінде Амал деп аталады. Бұл күннің пайда болуына түрлі болжам ғана айтылып жүр. Мысалы, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевтің  айтуынша, бұл күн өскелең ұрпақты ізеттілікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, тату әрі бауырмал болуға баулиды. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі. Халқымыз бұл күнді жыл басы деп есептейді. Парсы тілінен аударғанда «наурыз» сөзі  «нау» (жаңа), «роз» (күн), яғни «жаңа күн» деген мағына береді. Ал еліміздің батыс аймағында  «жаңа күн»  наурыздың 14-інен бастап тойланады. Маңғыстау өлкесінің тарихын  зерттеген археолог-ғалым Андрей Астафьев  Амал мерекесінің шығу тарихын  моңғол  және  тувалық халықтармен байланыстырады екен. Адай руының аңыздары бойынша Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне адамдар шығыстан келген. Олар өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген болуы мүмкін.  Ғұлама ғалым  – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазған. Ол ескіше 1 наурыздан 8 наурыз аралығында болса, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз күндері аралығына сәйкес келеді. Ғалымдардың кейбірі көрісу күнін  Оңтүстік Сібір түркілерінен келе жатқан дәстүр десе, енді бір тобы  Григорян күнтізбесіне енгізілген өзгерістен көреді. Тіпті бұл күннің атап өтілуін  өңірдің географиялық ерекшелігімен  байланыстыратындар да бар. Батыстағы аймақта көктемнің жай келуі де әсер етеді. Яғни қытымыр қыстан қысылып шыққан шаруа көктемнің шуағына шалқып, жіпсіген жермен бірге жаны жадырап, жақын-жуығымен  сағына көрісетін болған. Жаңабек Жақсығалиев елді бірлікке, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамын тойлаудың мән-маңызы зор дейді.

– Мен – шопанның баласымын. Ата-анамыз 14 наурыз күні мектептегі сабағымыз басталғанша көршілерге  көрісуге жіберетін. Ал ол үйлердің үлкен-кішісі біздің үйге көрісуге келуші еді. Өйткені үйде қарт әжеміз болды. Әке-шешемнің де жасы көршілерден үлкен-тұғын. Біздің де ата-анамыз ауылдағы қарияларға арнайы барып, көрісіп келетін. Бұл күні үйдегі қарбалас тірлік ерте басталатын. Әдеттегіден ерте тұратын үйдегілер үстеріне жаңа киімдерін киеді. Ал киілмей жатқан киімдерді сандықтан шығарып,  жаңа күнге көрінсін деп іліп қояды. Мұның бәрі жақсылықты қарсылау ырымы  болса керек. Көрісуге келген көршілер қос қолдап, төс қағысып амандасатын. Сол кезде мұндай қауышуды тек Көрісу айтта көретінбіз. Қазір жастар күнде кездесетін болса да, төс қағысып жататыны артықтау сияқты. Өйткені төс қағысу көптен көріспеген адамдардың сағынышы  мен қадірін білдіретін риясыз ықыласының белгісі болса керек. Көрісу 14 наурызда басталғанымен, ай бойы жалғаса береді. Алыстағы ағайын тума-туысын жыл бойы  іздеп барып, көріседі. Оларға соғым сыбағасын сақтап қояды. Жалпы, Көрісу күні «қыс сынағынан аман шығып, жаңа күнге жеттік, жарқын келешекті бірге көрейік» деген ықылас-пейілдің, ақ ниеттің тоғысы деп ойлаймын, – дейді ақын, журналист Махмет Қажиахметов.

Бұл күні әр үйде дастарқан жайылып, әсіресе, ұлттық тағамдар дайындалады. Кейбір отбасы  малын сойып, ет  асып, ас береді. Қыстан қалған сүр етін асады.  Үй-үйді аралап, көрісетін балалардың арасында өздеріне берген  кәмпит-пешенені, бауырсақты місе тұтпай, тиын-тебен дәмететіндер де бар. Өйткені кейбір отбасы балаларға тәттілермен қатар, тиын ақша да береді. Жалпы, бала бұл күннің мазмұнын  отбасынан, қала берді, мектебінен ұғынып өскені абзал.  Әйтпесе, Көрісу күнінің мақсаты тамақ  жеп, ақша жинау емес екені бесенеден белгілі. Тағы бір айта кететін жайт, ел арасында Көрісу күнін «Көрісу айт» деп айтатындар да кездеседі. Осы орайда  облыстық орталық мешітінің найб имамы, теолог Наурыз Убаев бұл күнге діни тұрғыдан түсінік берді.

– Татулық пен мейірімділікке бастайтын Көрісу күні Ислам қағидаттарына жақын. Шариғатымызда  «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін»  деген хадис бар. Бұл күн, біріншіден, қонақжайлылыққа үйретеді. Екіншіден, кешірімді болуға шақырады. Өзара ренжісіп жүрген адамдар бір-біріне деген өк-песін ұмытып, кешіріп, татуласады. Бұл күні Ислам дініндегі ең құнды осы екі қасиет көрініс табады. Сондықтан осы дәстүрдің тойланғаны абзал. Араб тілінен енген «айт» сөзі жыл сайын қайталанып келуші мейрам деген ұғымды білдіреді. «Көрісу айт» ұғымы шариғи мақсатта емес, тұрақты аталып өтілетін мейрам ретінде айтылуы мүмкін. Өйткені  Ислам дінінде тек екі  мереке – Ораза айт және Құрбан айт бар. Жалпы, садақа бергенде ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Халқымызда «Көрпеңе қарай көсіл» деген нақыл бар. Көрісу күнінде де қолда бар ас-ауқатты ұсынған жөн. Ең бастысы, адамның кешірімді,  қонақжай болғаны абзал. Біреудің үйіне барғанда дастарқанына қарап, жұпыны не бақуатты деп бағалау, тұрмысы жөнінде жаман ойлау дұрыс емес. Себебі көрісуге барған адамның ниеті – тамақ ішу әлде ақша алу емес, көрісу. Балалардың  да  бұл  күннің мән-мазмұнын білгені жөн, – дейді  найб  имам.

Бүгінде көрісу мерекесі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, ал Маңғыстауда Амал мерекесі 14 наурыздан бастап тойланады. Сонымен қатар Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда  аталып  өтіледі.

– Бала кезімде Ресейдің Орынбор облысының Елек ауданында тұрдық. Сол кезден бері 14 наурыз шат-шадыман, көңілді күн ретінде есімде қалды. Балалар жиналып, ауылдағы барлық үйді аралап, көрісіп шығатынбыз. Әркім қолында бар кәмпитін, құртын беретін, біз соған мәз-мейрам болатынбыз. Димитров ауылында қоныстанған әжеміздің үйіне барғанда да, бұл күн үлкен мейрам ретінде атап өтілетініне куә болып жүрдік. Көрісу күнінің мен үшін мән-маңызы зор. Бала кезде көрген көрініс бүгінде ыстықестелік ретінде еске түседі. Жыл сайын көршілерге, туыстарымызға отбасымызбен барып көрісеміз. Көрісу күні маған ерекше қуаныш сыйлайды, – дейді ақсайлық Жанаргүл  Аминова.

Наурыздың 14-і  тарихы қатпарлы қазақ халқының берекелі де мерекелі тұрмысының куәсі іспетті. Сондықтан рухани байлықтың қадір-қасиетін ұғындырып, бауырмалдыққа үндейтін бұл күннің  мазмұны жойылмақ емес.  Өткен жылдың соңында Қазақстанның мерекелік күндер тізбесіне «Көрісу» дәстүрі енгізілуі мүмкін екені айтылған еді. Kaztag.kz тілшісі хабарлағандай,  Үкімет қаулысының жобасында «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысы келесі мазмұндағы 3-1 тармағымен толықтырылсын: «3-1. «Көрісу» (Амал) дәстүрі – 14 наурыз» делінген. Ал Қазақстанның Мәдениет және спортминистрі Ақтоты Райымқұлова түсіндірме жазбасында: «Жобаны қабылдау қазақ халқының үздік дәстүрлерінің сақталуына, адамдарды мейірімділікке, қайырымдылық пен сыйластыққа тәрбиелеуге ықпал етеді», – деп мәлімдеген болатын. Қалай десек те, Көрісу күні рухани жаңғыруға жетелейтін жарқын жол десек, қателеспейміз.

 

Ясипа  Рабаева