17.03.2020, 16:05
Қараулар: 256
Ақ  Жайықтай ағамын бір бағытта

Ақ  Жайықтай ағамын бір бағытта

Ақұштап  БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері,  Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері:

– Оралдағы орта мектепті ойдағыдай бітіргесін 17 жасыңызда қиял құсын шарықтатып Алматыға келдіңіз. Қыздар педагогикалық институтының білім бұлағына сусындағасын поэзия арғымағын ауыздықтап, жалынан ұстадыңыз. Басынан бантигі түспеген балауса қызға ақын ағаларының аялы алақаны аз болмаған шығар. «Осы қыздан бірдеңе шығады!» деп қанат қақтырған қамқор ағалардың шарапатын айтыңызшы, бүгінгі ұрпаққа сабақ болсын…

– Иә, ол кездің адамдары бөлек болатын. Соғыстан оралған майдангерлер тобы ерекше мейірбан еді. Тырнақалды өлеңдерімді Ғафу Қайырбеков ағай сәт сапар тілеп «Қазақ әдебиеті» газетіне  ұсынғанын ұмытпаймын. Жаңа жылдық газеттің алғашқы нөміріне былай деп бата берген: «Жасыл шырша түбінен жүгіріп шыққан қояндай өлең-жырдың аппақ даласына тағы бір жас талант аяқ басты. Қадамын жыл басынан бастаған лирик, өрімдей қыз бақытты талант болғай да!».

Ақжарма ақынның адал ағалық тілегін жаттап алғам. Одан соң құшағын жайып, маңдайымнан сүйіп Әбу Сәрсенбаев тұрды алдымда. Әбу атадай әулиенің ыстық ықыласына бөленген жалғыз мен емес. Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Қанипа Бұғыбаева, тағы басқа таланттарды тар үйіне жатқызып, баласындай баптағаны аңыз ғой. Ол ұрпақ мейлінше мейірімді болғаны имандай шындық. Әдебиеттің табалдырығын аттаған талантты жастарға көктем келгендей қарайтын. Оралханды Шерхан ағамыз кенже баласындай еркелетіп Шығыстан шақырғанына куәміз. Ол жұмысқа келмей қалса да ештеңе демейтін. 10  мың таралыммен басылған «Өрімтал» атты тұңғыш кітабыма редактор болған Әмина Шалабаева апай ше? Ұзатылып бара жатқан қызына қарағандай жанары жасаурап, мөлтілдеп тұратын. Қайсыбірін айтайын, біздің дәуір әдебиеттің алтын ғасыры сияқты, оқырман қандай көп еді, шіркін!

– Қаракөз қыздарымыздың көбі  қалам ұстап, қанат қаққанымен, поэзия әлемінің шырқау шыңына шыға алмай, орта жолда шаршап қалатынын байқаймыз. Оның себеп-салдары да бар: тұрмысқа шығады, балалы-шағалы болады. Отбасы, ошақ қасындағы күнделікті күйбең тірлік арғымақтай ақын қыздың аяғына тұсау салады. Сіз бәріне үлгердіңіз. «Көгенді» де, өлеңді де қатар ұстадыңыз. Мұның сыры неде?

– Аңыз боп келе жатқан «Біржан – Сарада» Сара ақынның айтқаны бар емес пе?!

Ей, Біржан, күні құрсын ұрғашының,

Билігі болмаған соң бір басының.

Тарихтан келе жатқан шындықты мойындамасқа шара жоқ. Тағдыр шырмауынан «менмін» деп кеуде соққан жігіттердің өзі шыға алмай, ішіп кететініне өзің де куәсің. Ал нәзік жандарға қалам мен қазанды қатар ұстау оңай деп пе едің?

Қазіргі оқырманға менің жеке мұңым емес, қазіргі қоғамдағы қазақ қызының, қазақ әйелінің мұңы көбірек керек. Менің көтерген жүгім – өз жүгім, ақындық тағдырым.

Мен  өзімнің  ризамын  ғұмырыма,

Гүл  қададым  қызымның  бұрымына.

Қарапайым  жердегі  Ана  тапқан

Жолдас  болдым  қазақтың  бір  ұлына.

Ал қазіргі қазақ қыздары ойдағыдай махаббатқа жолығып, армандаған бақытын тауып жүр ме? Некені бұзу етек алып барады. Бұл біздің ұлт үшін – өте қауіпті. Ұлан-байтақ ұлы даланың келер ұрпағы әкесіз өсіп жатыр. Қоғам боп, ел боп, ақын боп, әкім боп ойланатын мәселелердің бірі осы болса керек.

Ал менің қазан мен қаламды қосып ұстауым – табиғат берген таланттың арқасы. Талантты күйттеп, отауымды бұзсам, не болғаным? Отауымды күйттеп, талантымды жылатсам, не болғаным? Қазақ қызына ата-бабадан келген намыс мені осы кезге дейін сүйеп келе жатыр.

– Ана туралы тебіренбеген ақын жоқ-ау, сірә. Поэзияңыздың алтын діңгегі де – Ана. «Бір кездегі құндағыңа сыйған сәби, Үйіңе сыймай кетсем, кешір, Ана», «Көк тас та жып-жылы боп көрінді, Ана, Бетіне сенің бейнең салынғасын» деген жолдар біраз оқырман жүрегінде орын алған. Асқар Сүлейменовтің анасы – Айтоты, Әбіш Кекілбаевтың анасы – Айсәуле, Қайрат Жұмағалиевтің анасы – Жаңылғаным, Иманғали Тасмағамбетовтің анасы – Ділдә әжелеріміз текті кісілер болған. Сіздің арғы атаңыз – Әбубәкір Кердері  жырау. Ал  анаңыз  кім  еді?

– Мені өсірген әжем Қатира – текті жердің қызы. Советтік дәуір сырын айтқызбады. Мен оны сәби болсам да, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, ұзатылғанда өзімен бірге келген мүлкінен ұқтым. Алтын зер, күміс тұрман, алты қанат ақ боз үй, ақ нарға жүк артып ұзатылып келгенін естігенмін. Қазан төңкерісін көріп, соғысты көріп, аштықты көріп, 37-ге таянғанда осы облыс ішінде басқа ауданға жер ауыпты. Сондағы себеп – көне көйлектегі алтын түйме біреудің көзіне түсіпті. Менің анаммен екеуі күміс әшекейлерін көне қыстаудың орнына көміпті. Ал мені зерлі қамзолмен, күміс қапсырмамен мектепке жіберіп отырды.

Мен көрген Әбіштің анасы – Айсәуле әжеміздің сөз саптауы тура менің әжемнің әңгімелеріне қатты ұқсайтын. Соны аңсап, Әбіштің үйіне Фариза екеуміз жиі баратынбыз. Міне, сен атаған аналардан мен әжемнің жалғасын көрдім. Өкінішке қарай, қазір ондай әжелер біздің дәуірде болмай тұр. Әжемнің әр сөзі – мақал, әр мысалы өлең шумақтарынан тұрушы еді. Өз анам – сол кісінің тәрбиесін 16 жастан көрген келін. Сөзі аз, жинақы, ұқыпты, мендей емес, сабырлы, ұстамды ана еді. Көңілді кездері аз болса да, сызылтып ән салатын. Осы екі ұлы Ана менің сана-сезіміме, жан дүниеме ән мен жырдың дәнін сепкендей.

–Ақындық қасиет ананың сүтімен, әкенің қанымен дариды дейді. «Ақын мінезді болу керек» дегенді де құлағымыз шалған. Бұл жөнінде Қадыр Мырза Әли ағамыз да «Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған» деп түйіндеген. Сіз асау ақынсыз, осы мінезден қанша пайда көрдіңіз немесе зиян шектіңіз?

– Қай ғасырда ақын асаулықтан пайда тауып еді? Өз басына пәле тілеп алады емес пе?! Сырымды бала кезден оқыдық. Ұстазы басын нұқып көрсеткенде, Сырым шешен тілін көрсетеді ғой. «Ол не?» десе, «Басқа пәле – тілден» деп түсіндіреді. Мен де өлеңдерімде ойымды ашық айтқаннан пайда тапқан ештеңем жоқ. Қосылатын жиындарға қосылмай қалдым, шығатын сапарлардан сызылып қалдым. Көзім көрген шындықты тура айтуға үйренгенмін. Әкем Бақтыгерей мен әжем Қатира мені солай тәрбиелеген.

Арқалап  туған  жердің  сағынышын,

Жүргем  жоқ  атақ  пен  даңқ  алу  үшін.

Бастық та , депутат та  болғаным жоқ

Халқыма  ақын  қыз  боп  қалу  үшін.

Бұл күнде осы айтып отырғанымның несі дұрыс? Депутат болсам, неге жаман? Бар шаруамды түгендер едім, үш баламды қалаған қызметтеріне орналастырар едім, тегін ұшып-қонып, әдемі үйлерде тұрар едім. «97 мың теңге зейнетақымды қай дәріме жұмсап, жарық пен газдың қайсысына төлесем» деп басымды қатырмас едім. Міне, тіл мен мінезден тауып отырған пайдам қайсы? Бірақ өзімнің бағытымнан бұрылғаным жоқ. Қалай жаздым, солай өмір сүріп келемін.

Әділет жолы ауыр, анық жастан,

Ермедім саясатқа алып-қашқан.

Жайықтың бір бағытқа ағатыны

Бойыма мінез болып қалыптасқан.

Кезім жоқ бұлғаңдаған, жылмаңдаған,

Жасырын жүрегімде сыр қалмаған.

Қолында билігі бар бәз біреуге

Емеспін мақала да, жыр да арнаған.

– Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Әрбір қаламгер әдебиетке өзінің талантымен ғана емес, мінезімен де сіңісуі керек» деген қағидасын жастайымыздан жаттап өстік. Жайықтың бір бағытқа ағатыны бойыңызға мінез болып қалыптасыпты. Сол тура мінезден теперіш көрген  жеріңіз  бар ма?

– Әрине, сөйлейтін жерде сөз берілмеді, отыратын кезде төр берілмеді. «Қызыл дипломға» университет бітірген, кітабы шығып тұрған ақын қыздың Алматыдан жұмыс таппай, пана таппай жүруі сол тура сөйлейтін тілімнің кесірі екенін кейін сездім. Оны да анама жазған хаттардың ішіне сыйғыздым.

Қулар  мен  сұмдар  барын  үйретпепсің,

Сол  үшін  бүгін  саған  өкпеледім, –

деген  жолдар  сондайдан  жазылған.

Ол  жақта  қалай, апа,  гүлдер көп   пе?

Күнәсін  кешіре  алмай  жүрген  көп  пе?

Тіріде  жалпылдайтын  жылмақайлар

О  жаққа  барып  әлі  үлгермеп  пе? –деп о дүниеге хат жазамын. Басқа қолымнан не келеді? Ал өзімнің қолымнан жалпылдау келмей-ақ қойды. Толқынға қарсы ұшқан, өз жемін тауып жеп жүрген шағала құс сияқты мінезімнен бе екен, туған жерім «Ақ шағалам» деп отыр. Ендеше, турашылдығым абыройымды асқақтатқаны шығар.

– Баяғы шайыр бабаларымыздың жырлары Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіндегідей көзге ұрып тұрады. Қазіргі поэзия «евроремонт» жобасымен тұрғызылған биік ғимарат сияқты. Сіздің кезеңдегі ақындардың арыны мен қазіргі жас ақындардың аяқ алысында  қандай  айырмашылық  бар?

– Менің замандастарым ашық сөйлеп, анық айтты. Әр сөзін мәрмәрдан құйылғандай, бұзылмайтын ұйқаспен айтты. Ол кезең жырының негізі – ұлтымыз қалыптастырған қара өлеңге бағыт ұстайтын. Жас ақындар соны дамытып, ерекше дауыспен келіп көзге түсетін. Ал қазір еліктеуден туған жырлар жүрекке олай әсер етіп тұрған жоқ. Жан-жақтан келген формалар жаңалық қосамын деп, көнесінен айырылып қалған, қалыптаспаған зергерлер сияқты, әлі өз бағытын таппай жатыр. Ал шын таланттылары бәрібір бөлініп шығады. Оны оқырман да, әдебиетші қауым да жазбай таниды, құрметке бөлейді.

– Қыз-келіншектердің жеңілмес қаруы не? Нәзіктік. Сіздің поэзияңыздан осы бір пайымыңызды оқыған Қадыр аға «Рас-ау, он адуын әйелдің алмаған қамалын бір ару, ақылды ару жеңіп алады» деп қостады. Айтайын дегенім не? Демографиялық мәліметке сүйенсек, қазіргі заманда жас жұбайлардың ажырасқандары көбейіп барады. Бұл нені аңғартады? Арулар бойындағы нәзіктіктің Арал суындай азайып бара жатқандығы ма?

– Зейнеткердің  көзіне  жас  тұнып  тұр,

Қатыгездік  дегенің  басқа  ұрып  тұр.

Балгер,  бақсы  көбейіп  шала  оқыған,

Аурудың  түрі  де  асқынып  тұр, –

деп жырлауға мәжбүр болдым. Ақша билеген заманда қатыгездік көбейді. Ана ұлына қайдан болса да, ақша тапқан пысықты үлгі етіп қойды. Қызына да «Өмір сүруді біл, анау сияқты ақшасы барға тұрмысқа шық» деп үйретті. Адалдық, пәктік, нәзіктік жайлы әңгіме айтылған жоқ. Кітап оқылмады, рухани тәрбие әлсіреді. Осыдан келіп, жар сыйлау, адал махаббат, нәзіктік екінші орынға жылжыды. Өзің көріп жүрген нәрсені одан әрі маған айтқызып қайтесің? Білесің ғой бәрін де.

– Немістің ұлы ақыны Гете бес рет министр болған. Патшаны мақтап, марапат өлең жазып қояды екен. Сондай бір оданы оқыған ұлы композитор Бетховен: «Мен сені ақындардың патшасы ма десем, патшалардың ақыны екенсің ғой» – деп қағытыпты. Оқырманға емес, бір адамға ұнау үшін сондай  әрекетке  барған кезіңіз болды ма?

– Иә, «Нұр Отанның» V съезінде сөз сөйлеу керек болды. Өз ғұмырымда бірінші қатысқан съезім. Елбасына арнап сөз сөйледім. Егемендіктің туын көтеру ол кісіге жазылған тағдыр екенін айттым. «Еркіндіктің туын сүйіп, адалдыққа ант бердіңіз ғой» дедім. «Еркін елдің Тұңғыш Президенті болу сіздің тағдырыңызға жазылған» дедім. Бұл айтқаным өрескел өтірік немесе жағымпаздық дей алмаймын. «Сол елге адал қызмет жасай беруіңізге тілектеспін, ғұмырыңыз ұзақ болсын» дегенім рас. Өзіңе сонда сөз берсе, сен басқаша дер ме едің? Шерханға, Әбішке, Мәриям Хәкімжановаға арнаған өлеңдерім де баршылық.

– Қоғамның кеңірдегінен қысып, тұншықтырып жүрген, жазылуы қиын дерттің бірі – жағымпаздық. Мәймөңкелер асығын иіріп, алшы түсіріп жүргенін білеміз. Сатирик замандасыңыз Оспанхан Әубәкіровтің «Асылғазы басын қасып еді, қасындағы Қасымғазы да асыға басын қасыды» деген жатыпатар сөзі есімізде. Сіздің де, Ақұштап әпке, осы тақырыпқа оралған тұстарыңыз  аз  емес.  Мысалы…

– Иә.

Сескенбей  тура  бидің  балтасынан,

Ұрының  жемтік  алып  қалтасынан,

Көкесі  төрде  отырған  талапкерді

Талант  деп,  қағып  қойдық  арқасынан.

 

Саудагер  тәлім  алмай  даналардан,

Малы  көп  надандар  да  дараланған.

Сол  кезде  секем  алып  ақын  жүрек,

Шырылдап,  жыр  торында  жараланған.

 

Ойшылдың  үміт  тұнып  қабағына,

Мұң  қатып  ақылдының  жанарына,

Күншілдік,  пендешілік  өткен  дейді

Абай  мен  Науаидің  заманында.

– Алатау баурайына ауылдан өрімдей он жеті жасыңызда аттанып, Алматыда қырық жыл ғұмыр кештіңіз. Кіндік қаныңыз тамған Ақ Жайыққа ат басын бұрып, ауылға оралғаныңызға да он жеті жыл болыпты. Толған, толысқан шуақты шағыңызда елге келудің ерекше себебін өз өлеңіңізде өрнектепсіз. «Көрген-білгенімді айта қалайын деп, көңілдер сырын байқап алайын деп, жалған күлкілер шаршатқан жанарымды мөлдір суға шайқап алайын деп, – Оралдым саған, Ақ Жайық!» деп сыр шерттіңіз. Ауылда жүріп Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болдыңыз. «Ақ Жайықтың Ақшағаласы» атандыңыз. Ауылға оралудың басып айтар басқа себеп-салдары жоқ па?

– Бұрымы тарқатылмаған бұла қыз боп барған Алматым мөп-мөлдір бала сезімдей таза еді. Бұтаның түбінен бұлағы сылдырап ағып жататын, апорт деген ғажайып алмасы төгіліп тұратын. Ақ жауыны ше? Төгіп өтіп, шайдай ашылатын. Адамдары қандай мәдениетті, мейірбан еді. Студенттік ортаның өмірі – аңыз, ағыл-тегіл жыр ғой. Шетін өзің де көрдің. Алматыдан білім алғандар Меккеден келген әулиедей құрметті болды. Алматыда білім алған маманның мінезі де, білігі де ерекшеленді. Олар ерсі жүрмейтін, беталды күлмейтін, театрға мәйкімен бармайтын, өзін де, өзгені де сыйлап тұратын. Ал профессорлар шетінен бекзат болатын. Студенттен білімділікті талап ететін. Маған сабақ берген Мәншүк Мәметованың анасы Әмина апайды көрген сайын сүйсініп, еліктеп өстік. Тегі мықты әйел еді. Содан да Мәншүк батыл өссе керек. Докторлық диссертация қорғатпаған Мәскеу «Сіздің арғы тұқымыңыз бай болған!» деп күстәналаса, «Сіздердің ұлы Толстойыңыз бай-помещик тұқымынан емес пе?!» деп қарсы сұрақ қойып, қасқайып тұрып алған көрінеді. Бұл күнде ондай таза ұстазға зәру боп қалдық қой. Біздің студент кездегі ұстаздар келбеті көз алдымнан кетпейді. Сол Алматыдан елге кеттім. Оның үстіне демікпе деген кесел жанымды жай таптырмады. Саяси көзқарасым да сәйкеспеді. Әсіресе, «Ертөстік» балабақшасы мен «Орбита» ықшамауданындағы №44 мектептің ашылуы мен үшін қасірет болды. Ұлтшыл пәле мен екенмін. Қайта-қайта Қауіпсіздік комитетіне шақырылып, жауаптала берген соң еліме көштім. Өлсем де Ақ Жайығымда жатайын деп шештім. Солай, Көпен, қайсыбірін айтайын. Тілімнен тапқан пайдамнан зияным көп адаммын мен. Туралықтан тайғам жоқ, шындық үшін шырылдаймын. Менің адастырмас темірқазығым – мына өлеңім:

Ақ  сөйлеп,  адал  күлетіндермен,

Шындықты  жақтап  жүретіндермен,

Сыйластық  сырын  білетіндермен

Танысқым  келеді  менің.

Жаманға  жағынбайтындармен,

Жоқтыққа  тарылмайтындармен,

Арманнан  арылмайтындармен

Табысқым  келеді  менің.

 

Жанары  мөлдірегендермен,

Жүрегі  елжірегендермен,

Үмітке  сендіре  білгендермен

Достасқым  келеді  менің.

 

Мұң-қайғы  жеңбейтіндермен,

Өсекке  сенбейтіндермен,

Наданға  ермейтіндермен

Бас  қосқым  келеді  менің.

– «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деп мәтелдеген бабалардың бай мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен олжа. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да бата қалдырған. Батаның аяғында: «Иә, Алла, ағаш берсең, жемісті қып бергін, келін берсең, келісті қып бергін, ат берсең, шабысты ғып бергін. Арғымақ бер, пырақ бер, жомарт болсаң, осы айтқанымның бәрін үйіп-төгіп, бір-ақ бер, Әумин!» – деп түйіндеген. Фариза апамыздың да батасы бар екен: «Сезімнің пәктігін берсін, көңілдің ақтығын берсін, сәбидің шаттығын берсін, қыздың қылығын берсін, судың тұнығын берсін, асқар таудың паңдығын берсін, бұлбұл құстың таңғы үнін берсін», – дейді. Сіз ел-жұртыңыз бен ойлы оқырманыңызға қандай бата берер едіңіз?

– Менің батам былай болмақ: «Ақ сөйлеп, адал күліңдер, шындықты жақтап жүріңдер, сыйластық сырын біліңдер. Жаманға жағынбаңдар, жоқтыққа тарылмаңдар, арманнан арылмаңдар. Өсекке сенбеңдер,  наданға  ермеңдер!»

Әңгімелескен  Көпен  ӘМІРБЕК,

«Қазақ әдебиеті»  газетінен  ықшамдалып  алынды

№6, 7 ақпан  2020 жыл