17.03.2020, 16:02
Қараулар: 214
Алты  азамат  медициналық  бақылауда

Алты  азамат  медициналық  бақылауда

Наурыздың 10-ы күнгі жағдай бойынша облыста 181 азамат коронавирусқа қарсы мониторингтік бақылауға алынған. Коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, науқастанғандар тіркелмеген. Өңірге ҚХР және Иран елдерінен азаматтар келмеген.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім етті. Бұған дейін хабарлағандай, коронави­рустық инфекция бойынша қо­лайсыз елдер үш санатқа бөліне­ді. 1-«А» санатына – ҚХР, Иран, Оң­түстік Корея, 1-«Б» санатына – Италия, 2-санатқа – Германия, Испания, 3-санатқа – Сингапур, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Бах­рейн, Кувейт, Ирак, Швейцария, Гонконг ҚХР, Тайланд, Жапония, Швеция, Франция, Малайзия ел­дері  жатады.

Облыстағы мониторингтік бақылауда тұрған 181 азаматтың 43-і – 1-санатқа (1 «А» — 6, 1 «Б» — 37),12-сі – 2-санатқа, ал 126-сы – 3-са­натқа жатқызылған. Қазіргі кезде Орал көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімшелік басқармасының мамандары «Орал» әуежайына халықаралық әуе рейстерімен келген азаматтарға күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылау жүргізуде. Олар термометриямен тексеріліп,  сауалнама жүргізіп,  алдын алу шараларын сақтау туралы хабарламалар  алған. Сондай-ақ Ресей Федерациясымен шекарадағы ау­тоөтпелер арқылы елге кіргендерді, соның ішінде шетелден келетін азаматтарды шекара қызметі тексеруден өткізуде. Кейін олар берген мәліметтер медициналық бақылау жүргізу үшін департаментке  жіберіледі.

Департамент басшысы жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақса-тын­да  алдын алу шараларын да атап өтті. Ең алдымен, қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу қажет. Спирттік антисептиктерді қолданған жөн. Адамдар көп жиналатын жерден аулақ болып, сырқат адамдармен байланыс жасамау керек. Ал суық тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болған жағдайда  тұрғылықты жері бойынша дәрігерге бару қажет.

–  Әлемді алаңдатқан жағдайға байланысты облыстағы медициналық ұйымдар дайын тұр. Сонымен қатар шетелден келетін сау азаматтарды оқшаулауға арналған  провизорлық госпитальдар дайындалуда. Соңғы кездері бұл жөнінде халық арасында «елді мекендерге сырттан келген науқастарды әкеледі» деген ақпарат тарауда. Алайда бұл ақпа­рат дұрыс емес. Коронавируспен  ауырған жағдайда, адамдар тек 180 кереуеттік облыстық жұқпа­лы аурулар ауруханасына жат­қы­зылады. Ал провизорлық  гос­пи­тальдарға шетелден келген қа­зақстандық сау азаматтар жатуы мүмкін. Әзірше Бәйтерек ауда­ны­ның Переметный ауылындағы осындай орталықта Оңтүстік Ко­реядан келген қазақстандық ал­ты азамат медициналық бақы­лауға алынды. Мұндай госпиталь­ды Теректі ауданының Еңбек ауылында ашу жоспарланған, – дейді Мұхам­ғали Қайыржанұлы. Департамент бас­шысы айтып өт­кендей, облыс­та­ғы дәріханалар­ға 50 мың бет­пер­де үлестіріліп берілген. Олардың бағасы рет­тел­мей отырғандық­тан, бір дана­сы 50-70 теңге ара­лығында саты­луда. Алайда атал­мыш мекеме басшысы дені сау адамдарға бет­перде тағудың қа­жеті жоқ екенін қадап айтты.

Мамандар  үй карантиніндегі адамға арналған нұсқаулықтарды ұсынып отыр. Ең алдымен, ба­қылаудағы адамдар үйден шықпауы керек. Есігі жабық, жеке, жақсы желдетілетін бөлмеде орналасқаны жөн. Аз ғана уақытқа бөлмеден шыққанда  ауыз бен мұрын маскамен жабылуы тиіс.  Вирустың таралуын болдырмау үшін түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз бен мұрынды бір рет қолданылатын қол орамалымен  жабу керек. Қолды сумен, сабынмен жуу немесе спирт негізіндегі антисептикалық затпен де­зинфекциялау қажет. Температура немесе респираторлық симптомдар пайда болған кезде коронавирус бойынша жұмыс істейтін сall-орталыққа немесе «Жедел жәрдемге» қоңырау шалу керек.

Айта кету керек, Денсаулық сақтау министрлігінде коронавирус мәселелері бойынша 1406 сall-орталығы бар. Қоңырауларды өңдеу орталығы тәулік бойы жұмыс істеп, мамандар әлемдегі коронавирус ауруы туралы барлық ақпаратты түсіндіреді.

Ясипа Рабаева