17.03.2020, 15:43
Қараулар: 204
Егістікті  әртараптандыру  жалғасуда

Егістікті  әртараптандыру  жалғасуда

Облыс әкімдігінде өңір басшысының бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен көктемгі далалық жұмыстарға дайындық барысын пысықтаған жиын өтті. Селекторлық жүйедегі басқосуға басқарма, кәсіпорын басшылары, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

smart

– Егін және өсімдік шаруашылығын заманауи агротехнологиялар негізінде жүргізіп, еңбек өнімділігін көтеру арқылы дамыту қажет. Біз өнімділігі жоғары картоп, көкөніс, майлы және мал азықтық дақылдардың егіс алқабын ұлғайтуымыз керек. Көктемгі далалық жұмыстарды оңтайлы жүргізу үшін қажет жағдайды жасауға тиіспіз.

Биыл қыс жылы болды. Көктем ерте келді. Бұл, бір жағынан, мал азығын сақтап қалуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, ылғалдың аздығын туғызды. Жалпы, осы бағыттағы мәселелерді шешу жолдарын қарастыратын боламыз, – деді Мұхтар Наурызбайұлы.

Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Халиуллин көктемгі далалық жұмыстарға дайындық барысы жайында баяндады. Оның айтуынша, биыл егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша нақтыланған жаңа меморандумға сәйкес, өңіріміздегі барлық ауыл шаруашылығы дақылының егіс алқабы 513,9 мың гектарды құрамақ. Оның 240,6 мың гектары  – дәнді дақылдар, 76 мың гектары – майлы дақылдар, 9,4 мың гектары картоп, көкөніс және бақша дақылдарына арналған. Сонымен қатар мал азықтық дақылдарды егуге де айтарлықтай көңіл бөлінбек. Мал азықтық дақылдар егуге арналған жердің 20 мың гектарына бір жылдық, 19,4 мың гектарына көп жылдық шөптер, 0,9 мың гектарына сүрмелік жүгері егілмек. Ал 147,6 мың гектарға былтыр көп жылдық шөптердің тұқымы себілді.

Жиында жаңа меморандумдағы егістік көлемі аудандардың жоспарларымен сәйкеспей отырғандығы да сөз болды. Мәселен, бұл жоспар бойынша барлық егіс алқабы облыс көлемінде 518,5 мың гектарды құрайды деп есептелген. Онда жаз-дық дәнді дақылдар 173,9 мың гектарға, соның ішінде жаздық бидай 120,7 мың гектар жерге егілетін болса, майлы дақылдарды егетін жер көлемі 75,7 мың гектар шамасында болып отыр. Бұл меморандум көрсеткішінен 0,3 мың гектарға кем. Сондай-ақ картоп пен көкөніс-бақша дақылдары 9,3 мың гектарға отырғызылады деп болжануда, бұл да меморандум көрсеткішінен 130 гектарға аз.

Меморандумға сәйкес барлық мал азықтық дақылдар егіс алқабы 187,9 мың гектар құрауы тиіс еді. Алайда аудандардағы мал азықтық дақылдар алқабы 178 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Ол да меморандум көрсеткішінен 10,5 мың гектарға аз болып отыр.

– Осыған байланысты аудандар мен Орал қаласының әкімдері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірлесіп, жерді тиімді пайдалану және мал шаруашылығына қажетті азықпен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылға арналған меморандумда көзделген көрсеткіштерді орындау бойынша шаралар қабылдауы қажет, – деді Жасұлан Халиуллин.

Баяндамашы облыс әкімінің халық алдында есеп беру кездесулерінде көтерілген мал азығының сапасы мен шығымдылығы туралы мәселелердің шешу жолдарына да тоқталды. Яғни басқарма тарапынан аудандар мен Орал қаласының әкімдеріне қосымша 1000 гектарға көп жылдық шөптерді егу туралы ұсыныс хаттар жолданған.

Бұдан бөлек мал азығын сақтау, көктемгі далалық  жұмыстарды қаржыландыру, шаруаларды қажетті тұқыммен қамтамасыз ету сияқты мәселелер жөнінде де айтып өтті. Басқарма басшысы міндетін атқарушының айтуынша, көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін облысқа 12 мың тонна дизель  отыны  қажет. Қазіргі таңда жанармай толығымен  бөлінген. Диқандарға дизель отынының литрі 179 теңгеден ұсынылады.

Кеңес барысында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуенов өңірімізді сумен қамтамасыз ету жайын баяндап өтті. Биыл облысымыздағы су деңгейі өткен жылдарға қарағанда айтарлықтай төмен болатыны белгілі.

– Біз солтүстік көршімізбен бірқатар келіссөз жүргіздік. Соның нәтижесінде Жайық өзеніне қажетті су жіберілмекші. Ресей жағында қар қалың түсіп, жауын-шашынның көп болғаны да біз үшін тиімді болып отыр. Наурыз айының 10-ынан бастап көршілеріміз бізге беріліп жатқан су көлемін секундына 30 метр кубқа дейін ұлғайтты. Сәуір айына қарай бұл көрсеткіш тағы да өсе түспек. Жорамал бойынша алдағы уақытта өзеніміз суға толады, – деді Ринат Сатымұлы.

Мұнан соң көктемгі далалық жұмыстарға несие беру мәселесі туралы облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының директоры Ерлан Нысанғалиев баяндады. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 1 миллиард 181 миллион теңге несие қарастырылған. Оның 830 миллионы республикалық бюджет есебінен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылғымен салыстырғанда 20 пайызға көп. Қазір шаруалар 1 миллиард 144 миллион теңгеге сұраныс жасап отыр. Қазіргі уақытта 215 миллион теңге қожалықтарға аударылған болса, 115 миллион теңге мақұлданып, көп кешікпей жіберіледі. Ал 649 миллион теңгенің өтінімдері қаралу үстінде. Аудандар бойынша айтар болсақ, ең көп несиеге сұраныс жасаған Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Бөрлі аудандары. Биыл несие алуға 48 шаруа қожалығы сұраныс беріп отыр. Әзірге көрсеткіш былтырғы жылғыдан аз болғанымен, корпорация әлі де несие алушылардың сұраныстарын қарастыратын болады, – деп сөзін түйіндеді Ерлан Беркінұлы.

Кеңес барысында «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ның басшысы Серік Аманжолов көктемгі егіс жұмыстарын жүргізудің ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасап, қандай әдістерді көбірек пайдалану керектігі жайында мағлұмат берсе, «Тұлпар LTD» ЖШС басшысы Валерий Голоухов майлы дақылдарды өсіру технологиясы туралы кеңестерімен бөлісті. Бұдан бөлек аудандардың көктемгі егіс науқанына дайындығы қалай жүріп жатқаны тыңдалды.

– Биыл көктемгі далалық жұмыстардың ұйымдастырылуына жағдай жасау үшін облыс бас-шылығы тарапынан біраз іс атқарылғандығын атап өткім келеді. Өсімдік шаруашылығы саласын дамытуға облыстық бюджеттен 923 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Биылғы егіс алқаптарының жоспарланған құрылымында жаздық дәнді дақылдарды 105 мың, майлы дақылдар 76 мың, мал азықтық дақылдары 40 мың картоп және көкөніс-бақша дақылдарының егісін 9,4 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Бұл үшін облыс шаруашылықтарының әлеуетін пайдалануға тиіспіз.

Дәнді дақылдардың өнімділігі мен сапасын арттыру үшін бірінші кезекте ылғал сақтау технологиясын кең көлемде енгізуіміз керек. Күздік дәнді дақылдар егісін арттыруға мән бергеніміз дұрыс, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Сондай-ақ ол егуге қажетті дән жетіспейтін аудандарды тұқыммен қамтамасыз етуді, 1 сәуірге дейін тракторлар мен басқа да техникаларды жөндеу жұмыстарын аяқтауды, меморандумда жоспарланған дәнді, майлы, мал азықтық, көкөніс-бақша дақылдары мен картопты себу, шаруашылықтарды дизель отынының қажетті көлемімен уақтылы қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауды  тапсырды.

Түгелбай Бисен