Ұланның батырлары ұлықталды

Күні , 182 рет оқылды

DSC_0098


Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының сардарлары (офицерлері) Ринат Жұмалиев пен Салауат Қабдықұлов бейбіт күнде танытқан ерлік үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» мемлекеттік марапатына ие болды.


Орал қаласындағы Ұлттық ұланның №5517 әскери бөлімінде ерлікпен көзге түскен сардарлар Ринат Жұмалиев пен Салауат Қабдықұловты құрметтеу кеші өтті.

Жиынға ҚР Ұлттық ұлан әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник Берік Омаров, 5517 әскери бөлім командирі подполковник Аян Есжанов, «Батыс» өңірлік қолбасшы-лығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Сансызбай Тоқашев және басқалары құттықтап, сардарлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің маңызы  зор  екендігін  атап  өтті.

Жалпы, ішкі әскерлердің атауы ресми түрде Ұлттық ұлан болып ауысқанымен, оның міндеті өзгерген жоқ. Мемлекет басшысы «Біздің ішкі әскерлеріміз аса жауапты міндеттерді орындайды – олар еліміздің ішкі тәртібін қамтамасыз етеді. Әскер мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайту жолында зор үлесін қосуда» деген болатын. Ұлттық ұланның бүгінгі негізгі міндеті – ішкі қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету болып қала береді. Мұны әскер қатарындағы офицерлеріміз де, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарымыз да жақсы біледі.

Оған дәлел ретінде жауынгерлеріміздің қызмет барысындағы және қызметтен тыс уақыттағы жасаған қырағылықтарын айта аламыз.

Сонымен, 2014 жылғы 14 мамыр күні «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери полиция бөлімінің офицері, майор Салауат Қабдықұлов Құрманғазы көшесі бойымен үйіне түскі тамаққа келе жатқанда, көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтердің терезесінен өрт шығып жатқанын көрді. Ол ойланбастан көмек көрсетуге ұмтылды. Үйдің тұрғындары пәтерде үй иесінің қалып қойғандығы туралы айтты. Майор С. Қабдықұлов от лаулап жатқан пәтерге кіріп, егде жастағы адамды құтқарды.

Ал 2014 жылдың шілде айының 10-ы күні сағат таңғы 6-дан кете 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ойламаған жерден тосын жәйтқа тап болды. Бөлімнің штаб басшысы, майор Р. Жұмалиев пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының жүргізушісі қатардағы А. Қожахметов екеуі 16-шы түзеу мекемесін күзету бойынша қарауылдың қызметін тексеріп, бөлімге қайтып келе жатқан еді. Олар Шаған жағалауы көшесінде орналасқан жер үйлердің бірінен қалың түтін шығып жатқанын көреді. Көлікті дереу тоқтатып, түтін шыққан үйге қарай бет алады.

Оқиға орнына жеткен майор Р. Жұмалиев пен қатардағы А. Қожахметов өрт сөндіру мекемесіне жылдам хабар береді. Қарап тұрмай, оттың шыққан жері мен келтірер залалын болжап-бағдарлап, сол маңайдағы көрші-қолаң мен олардың қажетті заттарын оттан алысырақ жерге көшірісті. Өрт сөндіру қызметінің мамандары келіп жеткенше Ұлттық ұланның әскери қызметшілері 12 адамның өмірін қауіпсіздендірді.

Ел-жұрттың өміріне төнген қауіп-қатерден қаймықпай, адамдарды ажалдан арашалап, халықтың алғысына бөленсе, әскери антқа адалдық деген осы емес пе?!

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика