17.03.2020, 15:39
Қараулар: 215
Әлеуметтік  маңызы  бар азық-түліктің  бағасы  өспейді

Әлеуметтік  маңызы  бар азық-түліктің  бағасы  өспейді

ҚР Президенті  ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаевтың әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты берген тапсырмасына орай өңірімізде облыс әкімі  Ғали Есқалиевтің басшылығы мен шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев мәлімдеді.

Облыстық әкімдікте өткен жиынға облыстық басқарма, аумақтық мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты. Бұл басқосуда дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын әзірлеу мәселесі талқыланды.

Іс-қимыл жоспарында қабылданатын шешімдердің әрбір қадамын ашып көрсетеміз. Бірінші базалық бағыт –мемлекеттің өзінің орындайтын әлеуметтік міндеттемелері, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек, төлемдер, зейнетақы толық көлемде төленеді, оған қатысты ешқандай түсініспеушілік туындамайды, ондай әлеуметтік төлемдердің төленетініне 100 пайыз кепілдік бар. Екінші, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасы. Ондай азық-түліктүрі – 19. Тұрақтандыру қорының қоймаларында қандай және қаншалықты көлемде азық-түлік түрлері бар екендігін қарап, тауарлық қорды тізімдеуді аяқтағалы отырмыз, –  дедіМұхтарНаурызбайұлы.

М. Манкеевтің айтуынша, облыста азық-түлік қоры мен оның тепе-теңдігі қалыпты жағдайда. Сондықтан та-уарлар жетіспеушілігіне, бағалардың күрт қымбаттауына, инфляцияның өсуіне негіз жоқ және ондай жағдайлар болуы мүмкін емес.

– Бізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің тізімі жасалған. Тұрақтандыру қоры және мониторинг есебінен күн сайын бақылауда ұстаймыз, саудадағы баға өсімі күтілмейді. Сондықтан да тепе-теңдікті сақтаймыз және оның теріске шығуын болдырмаймыз. Алдын ала бағасы өсуі ықтимал-ау деген азық-түлік түрін сатып аламыз. Қазіргі уақытта қала бойынша 20 түрлі тауар павильоны қойылған, оларда тұрақтандыру қорының өнімдерін саттыққа ұсынатын бұрыштары бар. «Алтындар» дүкендер желісінің 17 нүктесімен келісіп, онда да тұрақтандыру қорының тауарларын ұсынамыз. Ол – астық, ұннан жасалған өнімдер, макарондар және басқалары. Тұрақтандыру қорына тағы да қосымша тауарлар сатып аламыз. Мысалға, жазға қарай құмшекердің бағасы өседі, сондықтан оның бағасын тұрақтандыру үшін оны да алдын ала сатып алып қоямыз. Қазір тұрақтандыру қорының айналымында 300 млн теңгенің азық-түлік түрі бар. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстарды аудандардың әкімдері де қолға алған. Әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерінің бағасына мониторинг жүргізу үшін 109 нөмірлі телефон қызметі жұмыс істейді. Егер де сондай тауарларға бағаның шарықтап өскенін көзіңіз шалса, онда 109 қызметіне қоңырау шалыңыз. Одан басқа «Смарт-Уральск» ұялы телефон қосымшасы бар. Біз оған «Прайс-сканер» бетін жалғадық.  Қоңырау шалғыңыз келмесе, фотоға түсіріп, бізге жолдай аласыз. Барлық хабарламаларға тиісті шара алынатын болады, – деді  Мұхтар  Манкеев.

 

Гүлбаршын  Әжігереева