10.03.2020, 17:56
Қараулар: 130
Сән апталығы өтті 

Сән апталығы өтті 

8 наурыз мерекесі қарсаңында Орал қаласында «GS Production» сән және кино мектебінің ұйымдастыруымен «UralskFashionWeek» балалар мен әйелдердің  сән апталығы өтті.

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен шарада Атырау, Алматы Ақтөбе, Оралдан және Өзбекстан Республикасының Ташкент қа­ласынан келген барлығы оннан астам дизайнер түрлі стильдегі өз туындыларын ұсынды.

«GS Production» сән және кино мектебінің негі­зін қалаушы Гүлназ Смайлованың айтуынша, жергілікті дизайнерлерді халыққа жақыннан таныстырып, еліміздің өзге аймақтарындағы, шетелдегі білікті танымал дизайнерлерден тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған сән апталығы соң­ғы үш жылдан бері тұрақты өтіп келеді.

– Оралдағы биылғы сән көрсетіліміне тұңғыш рет шетелден дизайнер шақырттық. Өзбекстандық «ElmiraBatyrova» тігін үйінің иесі Эльмира Батырова бұл жолы заманауи стильдегі балалардың мерекелік киімдерін ұсынды. Одан бөлек алматылық «Chinara_Ylmuratovna» ательесінің иесі Чинара Дат­хабаева, атыраулық Ирина Ней­барт, оралдық Әсем Сырымова мен Жәмила Өтепқалиева сынды танымал отан­дық дизайнерлер де бар. Осыдан кейін Түркия елінде өтетін «StambulFashionWeek» сән апталығына әзірленетін боламыз. Оған Орал қаласынан он дизайнерге жолда­ма берілді, – дейді Гүлназ Нұрбер­генқызы.

Айта кетелік, жылына екі мәрте ұйымдас­тыры­латын биылғы сән әлемінің көктемгі топтамасында 4 пен 22 жас аралығындағы 60-қа жуық модель қатысты. Олардың кейбірі шетелдік сән көрсетілім­деріне қатысып, кино және жарнама өнімдеріне  түсіп үлгерген.

 

Ләззат  ҒИНИЯТҚЫЗЫ