10.03.2020, 17:52
Қараулар: 69
Заң қатайды, ұрлық тоқтай ма?

Заң қатайды, ұрлық тоқтай ма?

Мал ұрлығы  –  әрине,  ол  ең  әуелі  қылмыс.  Бірақ  мал  ұрлығына  тек  қылмыс  деп  қарауға  болмайды. Мал ұрлығы –  ел  ішінде  адалдықтың  жоғалғаны,  имандылықтың әлсірегені. Мал  ұрлығының көбеюі – арамды  ас,  ұрлықты  кәсіп  қылушылардың  көбеюі.  Мал  ұрлығының  жиі  қайталануы  –  заңның  солқылдақ  болуы.
Міне,  бір  ғана  ұрлық  қаншама кемшілігімізді  әшкерелеп  тұр.

Біздің ойымызша, мал ұрлығының белең алуының екі түрлі себебі  бар.

Біріншісі – мал иелерінің жауапсыздығы. Иелігіндегі малды уақытында түгендемеу, бағымын ұйымдастырмау ұрыларға «Ал да кете бер!» деген жағдай жасап отыр. Себебі Сырым ауданындағы осы қылмыстың бәрі де мал еркін жайылымда жүргенде жасалған. Осы жауапсыздық тек малдың емес, адамның да шығынына әкеліп соғуда. Қалай дейсіз бе? Бағымсыз жүрген сиыр мен жылқы аутокөлік жолының үстінде өріп жүр. Оларға көліктер келіп соғылуда.

Сырым ауданына жұмыс сапарымен келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары  Серік Егізбаев та осы мәселені айтты.

– Бізді жол-көлік оқиғаларының жиілеуі алаңдатып отыр. Батыс Қазақстан облысы бойынша 2019 жылы 120 адам көлік апатынан қаза тапқан. Апаттардың тең жартысы түнгі уақытта малға соғылудың кесірінен болған. Малдың бағымсыз болуы мал ұрлығының да, адам өлімінің де себепкері болып отыр, – деген облыс әкімінің орынбасары халықты мал бағымын ұйымдастыруға шақырып еді.

Бұлдырты ауылдық округіндегі есептік кездесуде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ауданда аутокөліктердің малға соғылуының 16 оқиғасы орын салса, 9 оқиғада соғылған малдың таңбасы болмай шыққанын айтып, мәселені мүлде басқа қырынан көрсетті.

Малды есепке қоймау –  жаңағыдай жол-көлік оқиғаларына мал себепкер болған жағдайда иелерінің жауапкершіліктен жалтару  үшін  жасаған  қулығы.

Ұрлықты көбейткен, былай айтқанда, барымташыға қайтадан ұрлық жасатқан – заңның әлсіздігі. Дәлірек айтқанда – кешірім! Қылмыскер шығынын өтеп бергеннен кейін, мал иесі оған кешірім береді. Ұрыға да керегі – осы. Қазақта «Бірінші жасаған қателік – қателік, екінші жасаған қателік – әдет!» деген сөз бар. Солай кейбір ер-азаматтардың әдеттегі тірлігіне айналып кетті.

Мал ұрлығы мәселесі ҚР Парламентінің  де  есігін қақты.

Нәтижесінде елімізде заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, соның ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мал ұрлаушыларға қатысты заң күшейтілді. Осы уақытқа дейін мал ұрлығы ҚР ҚК-ның 188-бабымен дәрежеленсе, биылдан бастап мал ұрлығына арнайы бөлек бап қарастырылды. 2020 жылдың 10 қаңтарында аталған заң күшіне енді. Ендігі жерде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы мал ұрлау деп аталады.

Өзгенің өрісіндегі түліктерге өзінікіндей қарайтындарға бұл заң керек-ақ. Жаңа бапта ұрыларға қандай жазалар белгіленіп отыр? Бұл сұраққа Сырым аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны  Нұрлыбек Құмақов жауап берді.

– Қорасын қойға, шарасын майға толтырсам деген шаруақор жұрттың жігерін құм қылған нәрсе – осы мал ұрлығы. Елімізде азаматтардың 42 пайызы ауылдық жерде тұрады. Мал – ауыл халқының күнкөрісі, кірісінің көзі нәпақасы. Қазіргі уақытта сол ауыл тұрғындарының малын ұрлауды кәсіп қылып, оңай жолмен олжалы болуды, арам табыс табуды ойлайтындар көбейді. Бұрындары олардың қылмысы дәлелденсе де, мал иесі кешірім берсе, олар жазадан құтылатын. Жаза болмағаннан кейін, ұрылар заңның күшін сезінбейді, жауапкершілікті түсінбейді. Полицияның беделі неден кетеді? Халық заңның күшін сезбегесін кетеді. Жаңа бап ұрылар үшін «Кешірім!» деген керемет әдісті пайдасыз етіп тастады. Енді ешкімге де кешірім жоқ!

Ұрлықтың жазасы жеңіл деп айта алмаймын. Мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру орын алса – қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ұрлықты, соның ішінде мал ұрлығын жалғыз адам жасай алмайды. Олардың сыбайластары, сенімді адамдары, серіктестері міндетті түрде болады. Олар әр ұрлықты кеңеседі. Ендігі жерде, адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы жасаған және ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау деректері болса – қылмыскердің мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ұры қылмысқа бірнеше рет барған болса, тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қаша-ның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған мал ұрлау болса – мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қылмыстық топ ұйымдасып, аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлау нәтижесінде барымташылардың мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады, – дейді тергеуші.

Сырым аудандық полиция бөлімінен алған мәліметке сүйенсек, 2019 жылы мал ұрлығы бойынша 45 дерек тіркеліп, 16 қылмыстық іс аяғына жеткен, бес  іс әлі өндірісте көрінеді. Ашылуы 44,4 пайызды құрап, яғни алдыңғы  жылға  қарағанда өскен.

Ал жәбірленуші мен күдіктінің бітімгершілікке келуі себебінен, күдікті мал иесіне келтірілген шығынды орнына келтіруіне байланысты жаңағы 45 істің ішіндегі 25 қылмыстық істің мерзімі уақытынан бұрын тоқтаған. Яғни кешірім берілген. Кешірім берудің арқасында – мал иесі шығынын қалпына келтірген, ұры темір торға тоғытылудан құтылған. Ең өкініштісі, қылмысты ашу үшін қара терге түсіп, қылмыскерді жазалау үшін жан салған полицейдің еңбегі далаға кеткен. Осыдан кейін полицияның абыройы түспегенде, кімнің абыройы түседі? Заңның күшеюі полицейлерге бұрынғы беделді қайтарады  деген  үміт  бар.

Ұрылар мал иелеріне келтірілген шығынды қалай тез өтей салады? Олар бай ма? Бай болса, біреудің малын ұрлап не жұмыстары бар? Бай болмаса, қыруар бастың қаржысын әп-сәтте қайдан табады? Біздіңше, ұрылар бір ұрлықтың шығынын екінші ұрлықпен жауып жүрді. Біреудің малын төлеу үшін біреуді сорлатты. Заңның жаңа бабы осы мәселені де біржақты ететін болды.

Осыған дейін мал ұрлығы Жымпиты пен Бұлдырты ауылдық округтерінің аумағында жиі кездесетін еді. Кесапат Шолақаңқаты округіне де келіпті. Соңғы қылмыстар осы жақтан жиірек тіркеліп жатқан көрінеді. Жымпиты да, Бұлдырты мен Шолақаңқаты да – күре жолдың бойында тұрған ауылдар. Ұрлықтың көбеюіне күре жолдың да себеп болғаны анық.

Заң күшейді. Ал ұрлық тоқтай ма? Біздіңше, адамды жамандықтан заң емес, жүрегі тоқтатуы керек. Жүрек адамды күнә жасаудан, арамды ас қылудан тыймайтын болса, ол адамды заңнан қорқады  деп  айту  қиын.

Кенен Әзірбаевтың «Адал еңбек ердің досы, Бақ іздеудің жолы осы»  деген тамаша сөзі бар. Біздің елдегі азаматтар да ұрлықты емес, адал еңбекті дос тұтса, ұрлайтын мал емес, адал нәпақа  іздесе  дейміз.

 

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы