10.03.2020, 17:51
Қараулар: 71
Жылуы жоқ үйдегі сұрықсыз өмір немесе  «Асар»  қайырымдылық  шарасына үлес  қосайық

Жылуы жоқ үйдегі сұрықсыз өмір немесе  «Асар»  қайырымдылық  шарасына үлес  қосайық

Далада сықырлаған  аяз. Суық  үй. Аядай  бөлменің  бір бұрышында  көрпе  мен сырт  киімге  оранып, бүрсеңдеп ана  жатыр. Үйдегі  сығырая  жанған оттың  ана  жанын  жылытуға  қауқары жетер  емес.  Қақыраған  қабырға мен  қолаңса  дәліз, сылағы  түсіп  берекесі  қашқан  ескі баспананы паналаған  отбасының тағдыры да осы  іспеттес. Гүлшат  Нұғманованың  отбасы  сегіз  жылдан  бері  адам нанғысыз  жағдайда  өмір  сүруде. Олар  үшін  тіршіліктің  оты  сөнгендей.

Жалғызбасты ана мен әкесіз екі бала. Отағасынан айырылған Гүлшатқа тағдыр тым қаталдық танытқан. Оның тағдыр-тәлкегін кешкеніне біраз жыл болыпты. Ері өмірден озғаннан бері салқын пәтерді  паналап,  далада  жүр.

– Өзіміз отырған үй қыста суық. Қара күзден бастап отынды күні-түні жаға береміз. Бірақ үй тез салқындап кетеді. Осы жерде үстімізге көрпе мен сырт киімімізді жамылып ұйықтаймыз, – деп мұңын шақты кейіпкеріміз.

Қирағалы тұрған ескі кереуетте ана байғұс қос құлыншағы  тоңып, ауырып қалмасын деп жып-жылы құшағына алып ұйықтайды. Әлбетте, үйдегі салқындық қос тағдырдың денсаулығына сызат түсірді. Алтынайы мен Ерланы жүрек талмасымен ауырады. Ол 50-ге енді келсе де, бетін әжім басып, жанары солғын тартқан. Суық  ызғар ана көңілін үнсіздікке ғана жетелейді. Біз қойған біраз сұраққа міз қатпады. Жан-жаққа қарап,  жәутеңдеп қояды. Жанымызды көңілдегі кірбің, көздегі жас, көкейдегі мұң тоңдырып жібергендей болды. Жоқшылыққа бойы үйренген Ерланның жанары жасып,  бізді көргенде  көңілі  лезде бұзылды.

– Осы жасқа келгенде анамның қаңғырып жүргеніне  жүрегім ауырады. Оның үстіне апам да денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз. Қаншама жылдан бері осы шаңырақта тұрып келеміз. Далада жүргенімізде анам мен әпкем баспана таптық деп қатты қуанған соң, бар ақшамызға осы үйді  сатып алдық. Баспана деген аты болмаса, қабырғалардың сылағы түсіп,  іргесі сөгілген. Төбеден аққан сумен төбе опырылып түссе қайтпекпіз?! Менің қолымнан ештеңе келмейді. Алайда Алладан үмітімді үзбеймін, – деп жылап жіберді.

Көктемде  жауатын жаңбырдан кейін  қабырғалардың гүрс-гүрс құлайтынына шүбәміз  жоқ. Жаңа баспанаға кезекке тұру үшін тиісті құрылымға сан мәрте барған. Алайда тұрақты жұмыстың жоқтығынан баспана мәселесі  шешілмей тұр. Алтынайдың ай сайынғы 30 мың зейнетақысы  шайлықтарынан  ауыспайды.  Құтыдағы сулар қаздай самсап тұр. Жылуы жоқ үйде ауыз су да тапшы. Бұралаң өмірдің сынағына төзімділікпен жеткен ана мен баланы, арманы асқақ Алтынайды  не деп жұбатарымызды білмедік. Тек жалпы қоғамның, яғни сіз бен біздің немқұрайлығымызға  көңіліміз қарайып, қара суықта қуықтай үйде тұрып жатқан бір қазағымызға жанымыз ашыды.

P.S. Ақын Сабыр Адай: «Әр қазақ – менің жалғызым!» деп ұлттың тұтастығы мен бірлігін бірауыз сөзге сыйдырды. Осы ретте Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газеті редакциясының ұжымы да қалың қазақтың, соның ішінде Қосөзен жұртының ауызбіршілігі мен қайырымдылығын бір арнаға сыйдырғысы келді. Сөйтіп, «Асар» қайырымдылық эстафетасын жариялады. Мақсатымыз – жалғызбасты ананың бүгінгі жағдайын ел-жұртқа жеткізіп, қайырымдылық іске шақыру. Тым болмаса, бір отбасының баспаналы болуына, тұрмысын түзеуіне септігімізді тигізу. Г. Нұғмановаға үй алып беруге қал-қадерімізше үлес қосайық, ағайын! Есепшоты мынадай: Kaspi Gold 4400430196731647.

Жұлдыз  АСҚАР,

Казталов  ауданы