10.03.2020, 17:48
Қараулар: 297
Арманы асқақ ауыр атлет

Арманы асқақ ауыр атлет

2018 жылы қаламызда ауыр атлетикадан өткен жастар арасындағы ел чемпионатында серпе көтеруде 124 келілік зілтемірді еңсеріп, ел рекордын жаңартқан Өтепберген Әлиев күні кеше ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс медальді еншіледі. Оның жетістігі осы күні спорт жанкүйерлерінің аузында.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – екінің бі­рі бара бермейтін спортты жанына серік етіп, алдына үлкен мақсаттар қойған Өтепберген Әлиев.

Спортқа құмартқан балаға «Кім боласың?» деген сұрақ қойсаң, ойланбастан футболшы, палуан не боксшы болатынын айтады.  Бірақ ауыр атлет боламын дейтіндер жоқтың қасы.

2001 жылы Жаңақала ауданы Пятимар ауылында өмірге кел­ген Өтеп­берген ата-анасымен бір­ге 2006 жылы Орал қаласына кө­шіп ке­леді. Спортшы болуды ар­манда­ған ол қаламыздағы №2 мектеп жанынан ашылған түрлі спорттық үйірмелерге барып көргенімен, көпшілігі көңілінен шықпай қоя­ды. Грек-рим күресі ғана жанына жақын болды. Боз­кілемнің «ша­ңын» қағып, облыс­тық жарыстардан жүлделі қай­тып жүрді. Бірде ауыр атлетикадан БҚО-ның бас жаттықтырушысы Дәурен Байториев №2 мектепке келіп, атал­мыш спорт түрінің қыр-сыры  ту­ралы айтып, спорт­залға шақыра­ды. Онсыз да ауыр атлеттердің өнерін теледидар­дан қарап қызы­ғып жүрген Өтеп­берген бапкердің ұсынысын бір­ден қабыл алады. Сөйтіп, бозкі­лемді зілтемір залы­на ауыстырады. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап оның аңса­ры ауыр атлети­каға ауады. Содан бері жаттығуын тастаған жоқ. Тіп­ті осы күні зілте­мірсіз өмірін елестете алмайды.

Жас спортшының ауыр атле­тикаға деген қызығушылығын ата-анасы да байқап, Өтепбер­геннің нөмірі бірінші жанкүйер­леріне айналған.

– Анам ауыр атлетиканың қан­дай спорт екенін біледі. Шұғыл­дана бастаған шақта «жарақат алып қала ма?» деп қорыққаны­мен, қолдауын аямады. Әкем де әрқашан дем беріп, намысымды жанып, масаттанбауымды еске­р­тіп отырады, – дейді Өтеп­бер­ген.

Төккен тер, тынымсыз еңбек көп ұзамай нәтиже береді. Ал­ды­мен қалалық, облыстық жарыс­тарға шыққан жас спортшы жан­күйерлер мен бапкер сенімін ақ­тап, жүлде ала бастайды.

Спортшының қарым-қабілетін байқаса керек, бапкерлері Өтеп­бергенді үлкен додаларға қосады.  Өзіне артылған сенімді сезіне білген зілтемірші 2018 жылы екі бірдей ірі жарыста жеңімпаз атанады. Алғашқысы Алматыда өткен Анатолий Храпатыйды еске алу турнирі болса, екіншісі – Орал қа­ласында ұйымдастырылған жастар ара­сындағы ел чемпионаты. Ол кезде 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы ел бі­ріншілігінің алтын медалін енші­леп, серпе көтеруде 124 келілік зілтемірді еңсеріп, Қазақстан рекордын жаңартады.

Қазір Өтепберген Алматы қа­ласында жаттығып жүрсе де,  ауыратлетика әліппесін ашқызып, тырнақалды жетістіктеріне куә болған бапкері Дәурен Байто­риевпен ақылдасып тұруды әдет­ке айналдырған. Түрлі жарыс­тарда облысымыздың намысын абыроймен қорғап жүр.

– Өтепберген менің алғашқы шәкірттерімнің бірі десек те бо­лады. Дене бітімі келісті тығын­шықтай қара баланы көрген бойда «Осыдан бірдеме шығатын си­яқты. Тек ауыр атлетикаға қы­­зығушылығы болса екен…» деген ой келді, – дейді алғашқы бапкері. Дәурен Байториевті түйсігі ал­да­маған екен. Бір жылдан соң шә­кірті облыстық жарыстарда қар­сылас шыдатпай, Қазақстан Рес­публикасының чемпионатына жолдаманы жеңіп алған. Алғашқы ірі жарысында үздік үштікке ене алмаған Өтеп­берген өзін одан сайын қамшы­лай түскен.

– Ел чемпионатындағы төртін­ші орын біреулер үшін жақсы нә­тиже көрінгенімен, Өтепберген оны ар санағандай. Жарыстан келген бойда демалыс алмастан жаттығуға кірісті. Мұндай жанкеш­тілік өз нәтижесін берді, – дейді бапкер әңгімесін сабақтай келе. Өтепбергеннің тағы бір қасие­ті, ол ешқашан жасымайтын кө­рі­неді. Жұлқа кө­теруден қарсы­лас­­тарына есе жі­­бер­ген сәттерде бапкері­не келіп: «Ағай, уайым­да­ма­ңыз! Серпе көтеруде бә­рібір жеңіп шыға­мын», – деп ба­су айтып отырады екен. Бұл мінезі Оралда өткен жастар ара­сын­дағы ел чемпионатында жақ­сы көрінген. Басты қарсыласы­нан жұлқа көтеруде 5 келіге де­йін есе жіберген Өтепберген тә­­уекелге барып рекордтық сал­маққа тап­сырыс берді. Нәти­же­­сінде чем­пио­наттың алтынын еншіледі. Өзіне деген сенім­­ді­лік, сәл ғана сәтсіздікке мо­йымау кейіпке­ріміздің бо­йында бар қа­сиеттер.

– Ауыр атлеттердің бі­разы жаттығу залында тамаша нәтижелер көр­сеткенімен,  оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда бабы келіспей жеңіліп жатады. Ал Өтепберген кері­сін­ше жаттығу залынан гөрі, оқу-жаттығу жиындарын ұна­тады. Көрсеткіштері де жатты­ғу жиындары барысында еселене түседі. Бұл да ауыр ат­лет үшін маңызды, – дейді Дәурен Байториев.

Болашақта еліміздің үздік ауыр атлеттерінің бірі бол­сам деген мақсат қойған спортшы қазір Алматы қа­ла­сындағы республикалық спорт колледжінде білім алуда. Өзі үлгі тұтатын Илья Ильин, Алмас Өтешев, Жасұлан Қадырбаев сияқты еліміздің атын шығарып, әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарында өнер көрсеткісі келетінін де жасырмайды. Мақсатқа жетудің жал­ғыз жолы тәртіп пен еңбек еке­нін жете түсінетін оралдық оғлан жаттығу барысында тынбай ең­бектенсе, спорттық режім мен тамақтануға да ерекше көңіл бө­леді.

– Бапкерлеріміз біздің спортшы ретінде ғана емес, жеке тұл­ға болып қалыптасқанымызды қа­лайды. Сол себепті рухани тұр­ғыдан жетілуімізге де мән бері­леді. Бос уақытымызда қызықты фильмдер көріп, кітап оқимыз, – деген жас спортшы қазір «Абай жолын» оқып жүргенін айтады. Оған дейін Абай хакімнің қара сөздерін оқып шыққан екен.

Жас болса да, алдына «артыл­ған сенімді ақтасам, елімнің атын шығарсам» деген үлкен мақсат қойған спортшы қазір мамыр айында Орал қаласында өтетін ел чемпионатына дайындалуда. Арманы асқақ ауыр атлеттің бұл жолы да мерейінің үстем болуына ті­лекшіміз.

 

 

Түгелбай  БИСЕН,

«Орал  өңірі»

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.