10.03.2020, 17:47
Қараулар: 68
Ардагер  журналистерге  құрмет

Ардагер  журналистерге  құрмет

«Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің ардагер журналистері, ҚР Журналистер одағының мүшелері, белгілі ақын, Сырым ауданының құрметті азаматы Махмет Қажиахметов пен газеттің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташевтың үйлерінің қақпаларына «Ардагер тілшінің үйі» деген тақтайша орнатылды. Игі бастаманы Сырым аудандық «Жас туристер станциясының» педагогтары мен шәкірттері жүзеге асырды.

– Қоғам үшін барлық маман­дық та құрмет­ті. Әйтсе де, Шерханша айтсақ, «арқалағанда­ры – алтын, жегендері – жантақ» журналистер қауымының еңбегі ерекше құрмет туғыза­ды. Олар жақсылықты жариялайды, еңбекті көрсетеді, мәселені кө­тереді. Бірақ өздері елеусіз жүреді.

dav

«Сырым елі» газеті – біздің қызметімізді насихаттауда, өлкетану ісін дамытуда үлкен үлес қосып келе жатқан төл басылым. Ал­ғыс мейрамының қарсаңында газетке ең­бегі сіңген ағаларға сәлем беріп, олардың қадірін ел-жұрт та білсін деген ниетпен үй­ле­рінің қақпаларына «Ардагер тілшінің үйі» деген тақтайша орнаттық. Қаламгерлерге де­ген құрметімізді осылай білдіргіміз келді, – дейді станция директорының міндетін уақыт­ша атқарушы Бейбіт Батыршин.

Шынында да, Махмет Қажиахметов те, Мүсірбек Айташев та аудандық басылымға аянбай еңбек етіп, жазу өнеріне деген махаб­баттарын өмірлерімен дәлелдеп қана қой­май, өңірдегі жас журналистерге ұстаз да бола білді. Махмет Қажиахметов 2019 жылға дейін қарапайым фототілшіден газет редак­торлы­ғына дейінгі жолды адал жүріп өтсе, бүгінде жауапты хатшы қызметіндегі Мүсір­бек Айташев биыл зейнеткерлік жасқа толады. Олар­ға Бейбіт Батыршин алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті. Қос журналист те жас ту­ристердің ілтипаттарына разы болды.

Айта кетейік, аудан орталығындағы 5 ардагер-ұстаздың үйіне де «Ардагер ұстаз үйі» деген тақтайша ілінді.

 

Бауыржан  Шерім,

Сырым ауданы

«Орал өңірі»