10.03.2020, 17:45
Қараулар: 65
Аналарға  тағзым

Аналарға  тағзым

Қадыр Мырза Әли атындағы облыс­тық мәдениет және өнер орта­лығында Халық­аралық әйелдер күніне арналған «Аналарға тағ­зым» атты мерекелік кеш өтті.

Мерекелік кеште өңірімізге есімдері танымал ақындар мен әншілер, ұстаздар мен мәдениет саласының ардагерлері бір сах­нада бас қосты. «Жайықтың Шол­пан жұлдызы» атанған айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдыр­ния­зова, ҚР білім беру ісінің үздігі, ақын Дариға Мұштанова, ҚР мә­дениет саласының үздігі Гүлбар­шын Қасиетова, ҚР мәдениет қай­раткері Ырысқаным Казиханова, ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты Софья Ізмұханбетова жиналған қауымға ғибратты әң­гімелерін айтып, бастан кешкен әдемі естеліктерімен бөлісті.

– «Аналарға тағзым» деген мерекелік кештің мәні мен мағы­насы өмір сыйлаған, қуаныш сый­лаған, біз үшін түн ұйқысын төрт бөлген, бір қолымен бесік, бір қолымен әлем тербеп жүрген аналарға арналуының өзі үлкен міндет жүктейді. Ана мықты болса, азамат мықты болады. Әйелдің міндеті – әлемнің тыныштығын сақтау. Азамат – тыныс, ырыс, құт, әйел – тыныштық. Әуелі үйде ты­ныштық орнаса, жұмыста, қоғамда тыныштық болады. Қоғам тыныш болса, әлемде тыныштық орнайды. Тыныштығымызды сақтап, ырыс-құтымызды баптап, бала-шағамызды шапағатымызға шомылдырып, мейірімге орап,аман жүрейік, аналар, –  деп алғысөздің тиегін Шолпан Батырқызы ақтар­ды.

Ал ақын Дариға Ғазезқызы қа­зіргі кездегі әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны, қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесі хақында әң­гіме өрбітіп, жастарға жөн сілте­ді. Кеш барысында белгілі ақын, әйгілі «Анашым» әнінің сөзін жаз­ған Қайрат Жұмағалиев туралы әдемі естелікті паш етті.

– Бір жылы бір топ ақын болып, «Ақжайық» шипажайында дема­лып жүргенбіз. Жанымда Шолпан Батырқызы, Қайрат аға мен оның жұбайы Софья апаймен бірге то­ғай ішін аралауға шықтық. Асық­пай аяң­дап келеміз. Бір кезде Қайрат ағаның кілт тоқтап, тоғай ішіндегі саф ауа, сөз жетпес әде­мілікті көріп, тамсанып, «Мен 100 жыл болды, мұндай әдемі жерді көрмеппін, неткен ғажап еді» деп ерекше сүй­сініп, сезімге беріліп тұрған сәті еді. Сол бір сәтті күтіп тұрғандай Шолпан апам да ора­йын тауып «Ағатай, ендеше, осы тоғайды сізге сыйға тарттым» де­месі бар ма?! Сол бір ауыз сөзге ерекше қуаттанған Қайрат ағам: «Софа, Софа, қайдасың, Шолпан­жан то­ғайды маған сыйға тартып жа­тыр» деп алға ілгерілеп кет­кен Софья апаны дауыстап ша­қырып алып, баладай қуанғанын көрсе­ңіз… Ал Қайрат ағамыздың анасына деген құрметін сөзбен сипат­тап жеткізе алмаспыз. Ана­сына деген ұлы махаббаттан ту­ған «Анашым» әні халық әні бо­лып, ескірмейтін әндердің қата­рын толтырып кетті, – деп Дариға Ғазезқызы сөзін түйді. Артынша өзі сөзін жазған «Беу, қыздар-ай» әнін ән­ші Гүлбаршын Қасието­ва­мен қо­сылып, бірі домбыра, бірі баян­ның сүйемелдеуімен шыр­қап берді.

Басқосуда Ырысқаным Мұқас­қызы мен  Софья Салахатдинқы­зы қазіргі таңдағы әйел бақыты, әжелердің қоғамдағы рөлі, енелер институты, келін мен  қыздар тәрбиесі жөнінде өмірден түйген ғибратты әңгімелерін ортаға салды.

Кеш соңында облысымызға та­нымал өнерпаздар ана туралы әндерден шашу шашып, қонақ­тарға гүл шоқтарын ұсынды.

 

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»