10.03.2020, 17:40
Қараулар: 247
Суға  қатысты  сұрақ  көп…

Суға  қатысты  сұрақ  көп…

Өткен  аптаның  соңын  ала  Батыс  Қазақстан  облыстық қоғамдық  кеңесінің  төралқа  отырысы  өтті.  Бұл  жиынды облыстық  қоғамдық  кеңестің  төрағасы  Ербол  Салықов ашып,  жүргізіп  отырды. Ал жалпы  жиынға  облыстық қоғамдық  кеңестің  хатшысы  А. Әйтімов, төралқа  мүшелері М. Құлшар, Ә. Сәлиева, Ж. Қожжанов,  А. Есқалиева,  А. Есекенова, Ж. Жақсығалиев  және  күн  тәртібіндегі  мәселелерге орай  бірқатар  облыстық  атқарушы  құрылымдардың  басшылары  мен  құқықтық  актілердің  жобаларын  дайындауға жауапты  мамандар  қатысты.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің кейбір қаулыларының күші жойылды деп тану туралы облыстық дін істері басқармасының әкімшілік бөлім басшысы А. Төлегенов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары М. Құланбаев және облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары З. Ғұмарова хабарлама жасады. Төралқа мүшелері айтылған ұсыныстарды қолдады. Сонымен қатар қоғамдық кеңестің төралқа мүшелері облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқарма  басшысының орынбасары  М. Құланбаев 2020 жылға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін бекіту туралы хабарламасы тыңдалды. Төралқа мүшелерінің талқылауынан кейін шекті баға мөлшері бекітілді.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2016 жылғы 9 желтоқсандағы  №8-9 «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін және жеңілдікті шарттармен дәрі-дәрмекті және мамандандырылған емдік өнімдерді қосымша беру туралы» шешіміне толықтыру енгізу туралы облыстың денсаулық сақтау  басқармасының бөлім басшысы Р. Айдарханов хабарламасын төралқа мүшелері талдап және оның балаларға тиісті дәрі болғандықтан бірауыздан бекітті.

Тыңайтқыштар тізбесі мен субсидиялар нормалары, сондай-ақ субсидиялар көлемдерін бекіту туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қ. Есімовтің хабарламасын тыңдап, ұсынысты қабылдады. Сонымен бірге Қоғамдық кеңес хатшысы, төралқа мүшесі А. Әйтімов болашақта егістік жерлерге тыңайтқыш қолдану, жердің құнарын сақтау жөнінде жұмыстарды жоспарлы  жүргізу туралы  ұсыныс  жасады.

Төралқа отырысында «2020 жылға арналған Батыс Қазақстан облысы бойынша жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін бекіту» және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 26 маусымдағы №11-3 «Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың қағидаларын белгілеу туралы» шешіміне толықтыру енгізу туралы хабарлама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Р. Шәуеновке сұрақтар өте көп қойылды. Өз кезегінде Ринат Сатымұлы барлық сұраққа дәлелді, негізді жауап берді. Осы орайда төралқа мүшесі Айгүл Есекенова күн тәртібіндегі мәселе бойынша лауазым иесінің осындай жан-жақты әзірлікпен келуі керектігін  қадап  айтты.

Жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін бекіту туралы бірінші сұрақты талқылау барысында 2019 жылғы наурыз айында қардың қалыңдығы 80 см, ал биылғы жылы 20 см көлемін-де және Жайық, Деркөл, Шаған өзендерінің де суларының биылғы жылғы деңгейі төмен екендігіне баса назар аударылды. Төралқа мүшелері  А. Есқалиева, Ж. Қожжанов су көзін үнемдеу қажеттігіне көңіл бөлуді ұсынды. Төралқа мүшелері төлемақы мөлшерлемелерін бекітуде қарапайым халыққа, ауылдық жерде фермерлерге салмақ түспеуін назарға  алды.

«Батыс Қазақстан облысының  су нысандарында ортақ су пайдаланудың қағидаларын белгілеу туралы» шешіміне толықтыру енгізу туралы екінші мәселе бойынша төраға Е. Салықов облыстық мәслихаттың шешімін қайта-қайта өзгерте бермей, бюджеттің жоспары үш жылға бекітілуіне байланысты үш жылға бір  бекітуді  ұсынды.

Берқайыр  ҒАБДЕЛҰЛЫ,

Орал  қаласы