10.03.2020, 17:38
Қараулар: 74
Төл  әліпби  төңірегіндегі  тартыс

Төл  әліпби  төңірегіндегі  тартыс

Таяуда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне қарасты  «Рухани жаңғыру»  институтының ұйымдастыруымен бір топ филолог ғалым мен тіл маманы латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқасын талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әліпбидің кемшілігі көп екенін, тіл мамандары әліпбиді жетілдірумен айналысу керектігін айтты. Соған байланысты басқосып отырмыз. Бұған дейін латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бірнеше нұсқасы тілші-мамандар арасында талқылаудан өтті. Соған байланысты ұсыныстарды Мәдениет және спорт министрлігіне және «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына жолдадық. Бүгін тағы да жалпы халықтық талқылау өтуде. Ғалымдар пікірі ескерілетіні айтылды. Президент шешім ібойынша наурыз айының соңына дейін бір нұсқаға тоқтау қажет, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі филология кафедрасының меңгерушісі Әскен Мұхамбетқалиев қазақ тілі әліпбиін талқылау тіл тағдыры, ұрпақ тағдыры үшін маңызды екенін айтты.

– Біз әлі әліпби жүйесіндегі кириллица ықпалынан арыла алмай отырмыз. Бұрынғы қалпымен қалдырылған «У» мен «И» дыбыстары, негізінен, дауыссыз дыбыстар. Әлімхан Жүнісбеков ұсынып отырған «У» әрпін U-мен емес W-мен таңбалау керек. Weekend сөзін уикенд, Moscow сөзін Мәскеу деу бұрыннан бұлжымайтын дәстүр. Бала кезден «Ы» мен «І» әріптерін жұп қылып оқыдық. Мына әліпби нұсқасында екеуін ажыратып тастаған, яғни бөлек орналастырған. ХХ ғасырда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қазақтың 28 төл дыбысын қолданысқа енгізгені белгілі. Соған оралуды құп көреміз. Егер орыс тілінің дыбыстарын алып тастамасақ, ертең емле жүйесіне осы тілдің заңдылығына сүйеніп, қосымша ережелер енгізіп, әуре-сарсаңға түсеміз, – деді Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Сабыр. Әріптесінің сөзін мақұлдаған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының жетекшісі Болат Жексенғалиев өзінің ұсынысын жеткізді.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа әліпбиге қатысты ғылыми негізделген жоба керектігін айтты. Орыс пен араб тілдерінің заңдылықтары қазақ тіліне жат. «Вагон» сөзін «бәгөн» деп жазсақ, «Тіл-Қазына» орталығының өкілдері қоғам қабылдамайды дейді. Өткен ғасырда орыс тілінің заңдылығына негізделген ережелер қабылданды. «Велосипед» деп жазып қойғанымен, әлі күнге ауыл шалдары «белсебет» деп айтады. Қазақ тілінде сөздердің айтылу нормасы бөлек. «Бәгөн», «пірәпесір» деген сөздерді орыстілді қауым қабылдамауы мүмкін. Ең бастысы, болашақ ұрпақ таза қазақ тілінде сөйлеу мүмкіндігіне ие болады. Орыс тіліне 3,5 мыңдай түркі сөзі енген. Барлығы да сол тілдің айтылу, жазылу нормасына сай қолданылады. Қарапайым халық кірме сөз деп ажыратып жатпайды. Араб тілі ықпалымен енген «Х» дыбысының да қажеті жоқ. Қазіргі кезде ағылшын тілінде сөйлеу сәнге айналды. Жұмыс тобы тарапынан берілген ұсыныстар қатарында «W, X, C таңбалары тек пернетақтада орналасу керек пе?» деген сауал қойылып отыр. Бұл басы артық таңбалар «Кока-кола» секілді ағылшын сөзін түпнұсқадан аудармай жазу үшін керек екен. Оның не қажеті бар? Қазақ тілі – сингормонизм заңдылығына бейімделген тіл. Дауысты дыбыстардың жұптары бар: А мен Ә, О мен Ө, Ұ мен Ү, Ы мен І. Бұлар қатар тұруы керек. Жаңа әліпби нұсқасында «Йй» (Ии) (İi) мен «Іі» (Іі) дыбыстары қатар таңбаланған. Сонда «институт, инвестор» сөздерін тікелей орысша жазамыз. Ертең мектеп мұғалімі мұны қалай түсіндіреді? «И» дауысты дыбыс па әлде қазақ тіліндегі қос дыбыстың таңбасы ма? Неге осының басын ашып алмаймыз? Шенеуніктер әліпбидің осы нұсқасын қабылдай салады. Қазақ тілінің мың жылдан бері қалыптасқан лексикалық-семантикалық, грамматикалық, фонетикалық нормасына реформаның қажеті жоқ. Тіл заңдылығына деген көзқарасты өзгерту керек, – деді  Болат  Жексенғалиев.

Басқосуда филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов әліпбиді жетілдіруге байланысты батысқазақстандық ғалымдар атынан құзырлы құрылымдарға хат жазу керектігін айтты. «Бұған дейін латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бірнеше нұсқасын сараладық. Одан кейін оның мәніне ой жүгірте отырып, авторлары кім екенін сұрасақ, жауапты құрылым өкілдері бір-біріне сілтейді.  Яғни белгілі бір ғалымдардың пікірін ескермей, «Тіл-Қазына» орталығы өзінің жобасын қайта-қайта назарға ұсынып отыр деген сөз. Қазақ тілі әліпбиінің соңғы нұсқасында «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымы сақталмаған. Оның алдындағы будан әліпбидің ізі байқалады. Әріптестеріміз айтқандай, В, Ф, Х әріптерін алып тастау керек. Егер әліпбиді осы нұсқада қолданысқа енгізіп жіберсек, орфографиямызда қойыртпақ басталады», – деді М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының  кандидаты  Құспан Арон.

Басқосуда орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және IT-сүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған әліпби жобасын ғалымдар ашық талқылап, ғылыми-тәжірибелік тұрғыда ой бөлісті. Айта кетейік, бұған дейін ғалымдармен кездескен Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге қатысты жұмысты қорытындылау жөнінде жауапты құрылымдарға тапсырма берген болатын. Наурыз айының 13-інде республикалық деңгейде отырыс өткізіліп, жетілдірілген әліпби үлгісі ұлттық комиссия қарауына  жолданады.

 

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»