6.03.2020, 16:14
Қараулар: 300
Киізді кәдеге  асыратын  келіншек

Киізді кәдеге  асыратын  келіншек

Қазақ – қолөнерінің  өзге  ұлттан  басты  ерекшелігі  – киіз  басу.  Ертеде  ата-бабамыз  төрдегі  текеметті  де,  ат  тұрманындағы туырлықты  да, бас киімінен  бастап,  аяғындағы шәркейіне  дейін, киіз  үйдің  жабдығын, қызының  жасауын, ұлының  сауыт ішінен киер кебенегін  киізден басып,  тіккен. Киіздің құндылығының  жоғары  болғаны  соншалық, хан  көтергенде  де, халық  ардақтысын  ақ  киізге  отырғызған.  Киіз  басу  өнерінің  қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен  астарласа  үндесіп жатқанының  тағы бір  дәлелі,  ел  ішінде  «киіз туырлықты,  ағаш  уықты  қазақпыз» деген  сөз  мәтелге  айналған.

Заман ағымына қарай тұрмыс-тіршіліктің өзгеруіне байланысты киіз басу, киізден киім тігу өнері кенжелеп қалғаны рас. Десек те, өңірімізде қазақтың «күпі киген» ұлттық өнеріне заманауи шекпен жауып, оның қыр-сырын жастарға жалықпай үйретіп жүрген санаулы жандар бар. Солардың бірі – киізден қамзол, шапан, бас киім, түрлі өлшемдегі байпақ, аяқ киім, аксессуарлар, қол сөмкелер мен қабырға суреттерін жасап, ұлттық құндылығымызды ұлықтап жүрген ісмер «Айна Халық» студиясының негізін қалаушы Айнагүл Халықова. Киізден жасаған әр бұйымы үлкен сұранысқа ие, он саусағынан өнер тамған кейіпкерімізді оқырманға таныстыруды  жөн  санадық.

– Қазақ қолөнері – қиын да қызық жұмыс. Бұл ата-бабаларымыздан қалған баға жетпес мұра. Киіз басуды ауылда көріп өстік. Анам да, жеңгелерім де киіз басудың нағыз шеберлері еді. Әкенің қанымен, ананың сүтімен берілген осы бір өнерді меңгеруге бала кезімнен құмар болдым.  Технология мықты дамыған қазіргі заманда қолөнерге ескі үрдіс деп қарауға болмайды. Әжелеріміз ойлап тапқан технологияны сақтай отырып, киізден бұйым жасауды өскелең ұрпаққа үйретпесек, жойылып кетуі мүмкін, – деген кейіпкеріміз қазақтың  көне өнерін  насихаттауды перзенттік парызым деп  санайды.

– Бір қызығы, біздің әулеттің келіндеріне дейін ісмер. Бала  кезімде қуыршақтарға түрлі киім-кешек тіккенді қатты ұнататынмын. Ең алғаш рет 7-сыныпта өзіме сарафан тіктім. Осылайша қолөнерге ғашық бола бастадым. Мектеп бітіргенімде ата-анам тігіншілік оқуға баруға мүлдем қарсы болды. Мен өз қалауымды орындап, Орал қаласындағы №2 кәсіптік училищеден тігуші-пішуші мамандығын алып шықтым. Ең алғашқы еңбек жолымды қалалық мектептен бастап, үлкен еңбек ұжымдарында өзімді шыңдадым. Өңірімізге кеңінен танымал «Айя», «Мария ханым» салондары менің  кәсіби тұрғыда өсуіме, шыңдалуыма жол ашты. Олардың әрқайсысына, маған көрсеткен сенімдеріне, қолдауларына басымды иіп алғыс айтқым келеді, – дейді Айнагүл.

Бүгінде киізден бұйым жасауды кәсіпке айналдырған қолөнерші келіншек киіз басудың да өз машақаты барын айтады.

– Таза жүннен киіз басу үлкен шеберлікті, шыдамдылықты қажет етеді. Сапалы дүние шығару үшін жасайтын шикізатың да сапалы болуы керек. Ал біз сапалы жүнді еліміздің оңтүстік аймақтары мен Ресейден алдырып жүрміз. Өйткені біздің өлкенің қой жүндерінің қылшығы көп, киіз басқанда қылшықтар бір-бірімен жабыспай, көп кедергі келтіреді. Оның үстіне киімге жабысып, адам денесіне ыңғайсыздық тудырады. Кейбір тігіншілеріміз фетр матасынан кәзекейлер, түрлі бұйым тігіп жүр. Алайда фетр синтетикалық талшықтан жасалған мата, оның ешқандай табиғи қасиеті жоқ. Ал  жүннің құрамында синтетика жоқ. Ол – нағыз табиғи шикізат. Кисең, жылы, денеге жағымды. Ертеректе барлығымыз үйге текемет ілетінбіз. Ол бөлмені жайлы әрі жылы етіп тұратын. Бұйырса, алдағы жазда бірнеше киіз бұйымына тапсырыс алып қойдық. Кейінгі кезде сәнқой қыз-келіншектер киізден жасалған тақия, қол сөмкелері, қолғаптар мен байпақтарға көп тапсырыс беріп жүр. Ал бала күтімімен үйде отырған келіншектер бала емізуге ыңғайлы деп кәзекейлер мен қамзолдар, бойжеткен арулар киізден жасалған мойынға тағатын сәндік алқалар, шашқа тағатын бұйымдар мен белдіктерді көп сұрайды. Өңірімізде атбегілік өнердің жақсы дамып келе жатқанының бір көрінісі шығар – жергілікті атбегілер киіз атжабуларға тапсырысты көп береді. Өйткені бәйгеге шапқан аттың терісі бірден суынып кетпеу үшін бабына келгенше денедегі жылуды сыртқа жібермей, ұзақ сақтайтын киіз атжабулардың қасиетінің көп екенін айтады. Шамамыз келгенше тапсырыстарды уақтылы орындап, тұтынушы көңілінен шығуға тырысып жүрміз, – деген шебердің көзінен өз ісіне деген ақ ниет, адал пейілді  аңғарасың.

Осылайша ісмерлігі мен қолөнерші қасиетін өзара үндестіріп, қатар алып жүрген Айнагүл көптің алғысына бөленіп келеді. Оның ашқан студиясы бірнеше жылдық адал еңбектің нәтижесі.  Осы жерде ізбасар шәкірттерін дайындап,оларға ұлттық өнеріміздің қыр-сырын меңгертуге атсалысып жүр. Тіпті шәкірттері қолөнершілердің республикалық байқауларында талай мәрте топ жарған. Одан бөлек ұлттық нақышта киім  тігіп, оюдан құрақ ойып, көрпе жасап, кәсібін дөңгелетіп отыр. Қала берді, облысымызға танымал қолөнер шеберлерімен бірігіп, қоғамдық істердің бел ортасында жүр. Ай сайын киіз басудан, киізден түрлі киімдер мен бұйымдар жасаудан тегін шеберлік сағаттарын өткізуді де дәстүрге айналдырған. Тек ниеті түзу, ынтасы мен икемі бар қыз-келіншектеріміз табылса дейсің. Ал оның киізден жасаған бұйымдары бүгінде облыстық музейдің бір бұрышынан орын  алып  үлгерген.

Айнагүлдің өз ісіне шын берілгендігі соншалық, оның бос уақыты мүлде жоқ, бірақ оны ешқашан бұлдаған емес. Керісінше қарапайым қазақ келіншегінің бар арманы – ұлттық өнердің шырағын өшірмей, өскелең ұрпаққа аманат етіп, қазақтың киіз  өнерін ұлттық брендке айналдыру!

 

Ләззат  ШАҒАТАЙ
«Орал  өңірі»