6.03.2020, 16:10
Қараулар: 215
Самбо  саңлағы

Самбо  саңлағы

Самбо күресінің тарихы 1938 жылғы 16 қарашадан басталады. Сол жылы кеңес дәуіріндегі дене шынықтыру саласының бүкілодақтық комитеті самбоны спорттың бір түрі деп тіркеген. Оның ортақ ережелерін қалыптастырған маман Василий Ощепков. Ол Токио қаласындағы дзюдо орталығынан білім алған. Қиыр Шығыста, кейіннен Новосібір қаласында қорғану түрлеріне баулитын арнайы секция ашқан. Мәскеудегі дене шынықтыру институтында дәріс беріп жүрген В. Ощепков жинақтаған тәжірибесінің арқасында Н. Галковский, Р. Школьников, А. Харлампиев, Б. Сагателян сияқты атақты спортшыларды дайындады. Самбо күресі екіге бөлінетінін айқындай кеткен жөн. Бірі – спорттық, екіншісі –жауынгерлік.

Орал өңірінде самбо күресінің негізін салушы – КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қамеш Исмағұлов. Ол 1940 жылы 10 наурызда Ақжайық ауданына қарасты Бітік ауылында дүниеге келген.

Қамеш Исмағұлұлының ағасы Төлеш балуандық өнерді тамаша меңгерген қара күш иесі болыпты. Ауылында күрес үйірмесі болмаса да, 15 жасынан Төлеш ағасының қасында жүріп, әр түрлі мерекелерде ауыл балаларымен белдесіп, күрестің қыр-сырын меңгере бастаған. 1958 жылдан бастап кәсіби балуан, бапкер Кайырболат Насыровтың қол астында жүйелі түрде жаттыққан Қамеш Исмағұлов араға бір жыл салып алғашқы жетістігіне қол жеткізді. Ол 1959 жылы еркін күрестен облыс чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде топ жарды.

Жас жігіт 1960-63 жылдары Ресейдің Свердловск облысында Отан алдындағы әскери борышын өтеді. Әскер қатарында жүріп күресті ұмыт қалдырмады. Приволжский әскери округінде самбо күресінен өткен чемпионатта екінші орынды еншіледі.

1963-68 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қазақстанның мемлекеттік дене шынықтыру институтында (қазіргі Қазақтың спорт туризм академиясы) білім алды. Студенттік шағында еркін күрестен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушылар Қабден Байдосов пен Пётр Матущактан тәлім алады. Олар Қамеш Исмағұловтың күрес  мәнері, әдіс-тәсілдері мен техникасы самбо күресіне әбден оңтайлы екенін байқап, самбо күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Терещенкомен таныстырады. Көп ұзамай Петр Терещенконың жетекшілігімен жаттығып, аз ғана уақыт аралығында самбодан біраз белесті бағындырып үлгерді. 1964 жылы самбо күресінен 56 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Сол жылы Эстонияда өткен КСРО кубогінде күміс жүлдегер болды. 1965 жыл Грузияда студенттер арасында КСРО чемпионы деп танылды. 1966 жылы екінші мәрте Қазақстан Республикасының  чемпионатын  жеңіп  алды.

1968 жылы институтты аяқтап, еңбек жолын Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтында бастады. Бірнеше айдан кейін туған жерге оралып, Орал педагогика институтына (қазіргі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) қызметке қабылданады. Қамеш Исмағұлұлы бүгінгі күнге дейін университет доценті әрі жаттықтырушы болып қызмет атқарып жүр.

Туған жеріне келгеннен бастап әріптесі Тарих Төлегеновпен бірге өңірдегі самбо күресінің негізін қалады. Жарты ғасырға жуық уақыт аралығында Қамеш Исмағұлов 30-дан астам спорт шеберін дайындап шығарды. Самбомен қатар ұлттық спорт – қазақ күресі мен жапон елінің дзюдо күресінен де көптеген шәкірт тәрбиеледі. Олардың ішінде самбо күресінен студенттер арасында КСРО чемпионы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұбанышқали Жәрдемов, күрестің 3 түрінен (дзюдо, самбо, қазақ күресі) спорт шебері, КСРО чемпионы, бүгінгі күні БҚО қазақ күресі федерациясының президенті Қасым Исқақов, самбо және қазақ күресінен спорт шебері, БҚО-ның бірнеше дүркін абсолюттік жеңімпазы, халықаралық сайыстардың жүлдегері, Сырым күрес мектебінің негізін салушы, марқұм Оралбек Қожагелдин, спорт шеберлері Нұрлан Тоғжанов, Болат Бегімбетов, Марат Даупаев, Арман Байенов, Сержан Сейтов, Әскербек Нұрмұханов, Серік Бисалиев, Нұрлан Есенғазиев, жауынгерлік самбодан Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Ғұмаров және көптеген басқа да спортшы бар.

Самбо саңлағының шәкірттері кейін білікті бапкерге айналып, олардың да шәкірттері толағай табыстарға кенеліп, әлемдік додаларда топ жарды. Жұбанышқали Жәрдемов пен Батыр Қуанышовтан тәлім алған Асқар Шайхиев самбодан 1989 жылы АҚШ-тың Вест-Ориндж қаласында өткен әлем чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, облысымыздағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Араға 12 жыл салып 2001 жылы самбодан Красноярск қаласында өткен әлем чемпионатында тайпақтық Қоныс Жетпісов 52 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Тайпақтың тағы бір талантты балуаны Ерболат Байбатыров 52, 57 келі салмақ дәрежелерінде 2008-2011 жылдар аралығында (Санкт-Петербург 2008, Салоники 2009, Ташкент 2010, Вильнюс 2011) төрт жыл қатарынан әлем чемпионы атанды. Ерболат Байбатыров – қазақ балуандарының ішінде 4 рет әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы. 2018 жылы Румыния астанасы Бухарест қаласында самбодан және жауынгерлік самбодан өткен әлем чемпионатында БҚМУ түлектері Темірлан Ихсанғалиев пен Нұрбол Серіков әлем чемпионы атанды.

– Менің ойымша, басқа біреуді оқыту, әсіресе, тәрбиелеу айтарлықтай қиын. Спортшы, негізінен, өзі үшін жауап береді. Оған үнемі көмектесетін тәлімгері бар. Ал жаттықтырушы барлығы үшін, соның ішінде алдымен спортшының тәрбиесі үшін  жауап береді. Егер аяқ астынан шәкірті жеңіліске ұшыраса да жауап беретін жаттықтырушы. Шәкірттерімнің өз жетістіктерімен қуантып жүргенін жасырмаймын, – дейді кейіпкеріміз.

Доцент жеке пәнді оқытумен шектелмейді, жұмыс жоспары өте тығыз. Жұмысбастылығына қарамастан Қамеш Исмағұлұлы «Дене тәрбиесі бойынша Қазақстанның педагогикалық ЖОО-ға арналған оқу бағдарламасын», оқытушыларға арналған төрт әдістемелік нұсқаулық дайындап, ондаған ғылыми мақаласы облыс мұғалімдерінің жинақтарына шыққан. Ол сондай-ақ облыстық біліктілік арттыру институтында дәріс берді.

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, оларды салауатты өмір салтына бағыттап жүрген Қамеш Исмағұлұлы бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Деніңіз сау болсын, ұрпағыңыз бен шәкірттеріңіз өзіңізді қуанта берсін, самбо саңлағы!

Батырбек МЕҢДІҒАЛИЕВ,

БҚИТУ-дың аға оқытушысы